Оралда нөсер жауыннан кейін үйлердің жертөлесін су алды  
Оралда нөсер жауыннан кейін үйлердің жертөлесін су алды  
181
оқылды

Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, кеше түнгі сағат 21.00-ден бүгін таңғы сағат 07.00-ге дейін 40-тан астам тұрғын үйдің ауласын, 7 ғимараттың жертөлесін су алды.

Бүгін сағат 09.00-ге дейін құтқарушылар 2045 текше метр суды сорды. 125 қызметкер 45 техника, 17 мотопомпамен жұмыс істеп жатыр.

Бүгін сағат 02.00-де «Батыс су арнасы» ЖШС №3 кәріз-сорғы стансасында апатты жағдай болды. Сағат 03.00-ден бастап Орал қаласында салқын су беру тоқтатылды. Станса жөнделіп, су қайта берілді.

Нөсер жаңбырдың салдарынан қаланың біраз бөлігінде электр жарығы өшіп қалды. Бүгін де «Қазгидромет» Батыс Қазақстан облысының кей жерлерінде найзағай ойнап, бұршақ жауып, шаңды дауыл соғатынын хабарлады. Желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге жетуі ықтимал. Аймақта жедел штаб құрылды. Шұғыл көмек күткен тұрғындардың 8-711-2-55-40- 88 телефонына қоңырау шалуына болады. Бұған дейін Батыс Қазақстанда найзағай түсіп, гараж бен автокөлік өртеніп кеткенін жазған болатынбыз.