Байбек: Жастар – әлемдік деңгейде бәсекеге қабілеттілігіміздің негізі
Байбек: Жастар – әлемдік деңгейде бәсекеге қабілеттілігіміздің негізі
Елордада Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Біз - ел патриотымыз» халықаралық жастар форумы өтуде. Форумды ашқан Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың іс-шараға қатысушыларға арнаған Үндеуін оқып берді.
«Жастар – қоғамның қозғаушы күші, ұлттың үміті. Тәуелсіздік жылдарында біздің елімізде озық ойлы және білімді жастардың тұтас буыны қалыптасты. Зиялы және білікті жастары бар елдің әрқашан мүмкіндігі мол және болашағы жарқын», - делінген хатта.
Өз кезегінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев мемлекет бүгінде әр салада көш бастап, жетістікке жетіп жүрген жастарды елге танытып, оларға қолдау көрсету іс-шараларын жүйелі түрде жүргізетінін алға тартты.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «21-ғасырда Қазақстанды биік белестерге сіздер сияқты білімі озық, ойы ұшқыр жастар бастауы керек» деп жастардың алдына айқын міндеттерді белгілеп берді. Президент біздің елімізде жауапты мемлекет, жауапты қоғам, жауапты адам жүйесі берік орнауы керек деген ұстанымын ерекше атап өтті. Және де мемлекетіміз бүгінде өз тарапынан әр салада көш бастап, жетістікке жетіп жүрген жастарды елге танытып, оларға қолдау көрсету іс-шараларын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Жоғары интеллект салтанат құрған, ақыл-парасат әлеуеті алдыңғы қатарға шыққан жаңа дәуірде бұл аса маңызды жұмыс», - деді Қырымбек Көшербаев.
 width= Өзінің кіріспе сөзінде «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек жаңа идеялар тудыратын, ерекше міндеттерді орындап, жаңа технологияларды меңгеретін де нақ осы жас буын екенін ерекше атап өтті.
«Жастар – ертеңгі жарқын болашағымыз ғана емес, әлемдік деңгейде бүгінгі бәсекеге қабілеттілігіміздің де негізі. Сіздердің білім алып, жан-жақты дамуларыңыз, азамат болып қалыптасуларыңыз үшін жағдай жасау – мемлекеттік саясаттың да, «Nur Otan» партиясының да негізгі басымдығы. Нақты мысалдарға тоқталсам, келесіні айтуға болады. Қиын-қыстау заманға, шектеулі мүмкіндіктерге қарамастан, ел жастары әлемнің үздік жоғары оқу орындарында білім алуы үшін Елбасы 1993 жылы «Болашақ» бағдарламасын құрды. Осының арқасында бүгінде бағдарлама аясында 14 мыңнан аса маман даярланып, олар ел өмірінің әр саласында жемісті қызмет етуде. Бүгінгі заман талабына тез бейімделе алатын «жаңа формация» басшыларын даярлау үшін Мемлекет басшысы Жастар кадрлық резервін қалыптастыру үстінде», - деді ол.
Бауыржан Байбек атап өткендей, жастар саясаты саласында жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыс жетістікке жеткен жас буынның қалыптасуына жағдай жасады.
«Елбасы айтқандай, біздің басты үш қағидатымыз – жауапкершілік, командалық рух және өзіміздің құндылықтарымызға берік болуымыз керек. Партия мүшелеріне арналып айтылған бұл сөздер – мен кез келген жастар үшін де темірқазық бола алады деп есептеймін. Осы орайда, жетістікке жеткісі келетін әр жас осыларды ұстануы керек. Сонымен қатар қазіргі заманауи жастар саясаты бойынша мамандардың басым көпшілігі бүгінгі күннің жас азаматына тән болуы тиіс келесі үш ерекшелікті бөліп көрсетеді. Біріншісі, білімге құштар болу. Екіншісі, спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстанудың қаншалықты маңызды екенін жаһандық пандемия дәлелдеп жатыр. Үшінші, айнала жұртқа жанашыр болу. Патриот болу – жақыныңа, бауырыңа, еліңе, жеріңе қамқор болудан басталады. Еліне, жеріне жаны ашитын, ерекше махаббатпен қарап, келешегіне алаңдайтын ұрпақ тәрбиелеу маңызды. Себебі, білімді, дені сау, елі мен жеріне қамқор жас – еліміздің гүлденіп, кез келген сын-тегеуріннен сүрінбей өтуінің кепілі», - деді Бауыржан Байбек.
 width= Форумға онлайн режимінде Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, АҚШ, Түркия, Франция жастар ұйымдарының өкілдері, еліміздің өңірлерінен жастар көшбасшылары, Парламенттің, облыстық және қалалық мәслихаттарының жас депутаттары, кәсіпкерлер, ғалымдар, спортшылар, «Болашақ» бағдарламасының түлектері, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздары, волонтерлер мен шығармашыл жастардың өкілдері қатарынан 300-ден астам адам қатысты.