Алматы қаласы Полиция департаменті Түрксіб ауданында жолда екі ер адам арасында жанжал шығып, біреуі бұрышпен оқталған сигналдық тапаншаны қолданғанын хабарлады.
Департамент таратқан мәлімет бойынша, BMW көлігінің жүргізушісі мен Hyundai автокөлігінің жолаушысы арасындағы жанжал Бекмаханов-Спасская көшелерінің қиылысында болған. «Жанжал кезінде BMW жүргізушісі тапаншаны алып, қарсыласына оқ атты. Мейлі, ол бұрышпен оқталған болса да, оқ атқан адамның әрекеті бұзақылық деп есептеледі. Яғни, ҚР ҚК-нің 293-бабы, 3-бөлігі, 2-тармағына жатады. Мұндай әрекет үшін 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін», – деді Түрксіб аудандық Полиция басқармасының өкілі Мақсат Қанапьяев. Осыдан кейін жедел-іздестіру шаралары барысында күдікті ұсталды. Ол – 1993 жылы туған Б. есімді азамат. Сигналдық тапанша тәркіленді және қылмыстық іс материалдарына енгізілді.А.ЖОЛДАС