Аймақтың Жол картасындағы жұмыстар сараланды
Аймақтың Жол картасындағы жұмыстар сараланды

«Nur Otan» партиясы Ақтөбе облыстық филиалында Саяси кеңес бюросының отырысы өтті. Жиын барысында 2025 жылға дейінгі «Жастар – Отанға!» бағдарламасын іске асыру бо­йынша аймақтың Жол картасы бекітілді.

Жалпы, «Jas Otan» Жастар қанатының 2025 жылға дейінгі «Жастар – Отанға!» бағдарламасын іске асыру бойынша бұған дейін Ақтөбе облысының жастарына арнал­ған 14 Жол картасының жо­басы әзір­ленген болатын. Мұнда Қазақ­станның жастарын қолдау жөнін­дегі 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары және партияның Ақтөбе облыстық филиалының 2021-2025 жылдарға арналған Жол картасының жастар­ға арналған тармақтарын ескере отырып, жалпы саны 24 индикатор мен 37 іс-шара жоспары енгізілді. Қамтылған индикаторлар мен іс-шаралардың барлығы «Жастар – Отанға!» бағдарламасындағы 5 бағыт бойынша дайындалды. Атап айтқанда, азаматтық белсенділік, сапалы білім, жұмысқа орналас­тыру және жұмыспен қамту, жас отбасыларды қолдау және қол­жетімді баспана, тұлғалық даму және бос уақыттарын тиімді өткізу. Осы аталған 5 бағыт бойынша алдағы 5 жылдықта волонтерлік қызметке 3 мың еріктіні тарту, жастардың бастамаларын қолдау бойынша гранттық қаржылан­дыруды 10%-ға ұлғайту, мүдделі мәселе бойынша ақпараттық консультация беру, студенттік өзін-өзі басқаруды дамыту, 16 жаңа мектептің құрылысын жүргізу, үш ауысымды мектептер санын азайту, 1 340 орындық 5 студенттік жатақ­хана құрылысын жүргізу, жастар ара­сындағы жұмыссыздық дең­гейін 3,0%-ға төмендету секілді ауқымды іс қамтылды. Сондай-ақ аталмыш бағыт бойынша NЕЕТ санатындағы жастармен жұмыс жүргізу, «Жасыл ел» жобасы ая­сында 7 500-ге жуық жасты мау­сым­дық жұмысқа тарту, «Бастау Бизнес» жобасын іске асыру ая­сында жыл сайын 300 адамды оқыту, өңірде 5 спорттық-сауық­тыру кешенінің құрылысын жүр­гізу сияқты жұмыс жүзеге асыры­лады. Мұның нақты іс жүзінде жүзеге асырылуын «Nur Otan» пар­тиясы Ақтөбе облыстық фи­лиа­лы жанындағы Жастарды қол­дау жөніндегі аймақтық қоғамдық кеңес қадағалайтын болады.

Әбілмансұр ЖАСАН