Биыл Маңғыстау облысындағы қуаңшылық шаруаларға соққы болып тиді. Бұл мәселені шешу үшін өңір қазынасынан 200 млн теңге бөлінген.
Облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Қалдығұловтың айтуынша, шілде айынан бастап 5 ауданға азық сатып алынады. «Келесі айдан бастап жыл соңына дейін Маңғыстау облысының 5 ауданына 2 200 тонна азық сатып алынады. Бөлінген қаржы «Каспий» ӘКК арқылы игеріледі. Ал көрші өңірлердің жекеменшік иелері 15 маусымнан бастап шөп жеткізуге дайын», – деді ол. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша шаруа қожалықтары үшін жемшөп дайындау науқаны жедел басталған. Аймақ әкімдігі Қостанай, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарымен жемшөп жеткізу, сондай-ақ жайылымдар мен шабындықтарды пайдалану жөнінде келіссөздер жүргізіп жатыр. Ақтөбе облысының аудандарымен келісімдер бар. Олар – Ақтөбе облысының Алға, Байғанин, Мәртөк, Мұғалжар, Қобда, Темір аудандары. Бұған дейін әлеуметтік желіде Маңғыстау облысында жайылымда жүрген жылқылардың суреті талқыға түсті. Құр сүйегі қалған жылқыларды көріп жұрт жағасын ұстаған-ды.Айбике ЖАНАСЫЛ