Қордың қызығын қашан көреміз?
Қордың қызығын қашан көреміз?
220
оқылды
Мемлекет басшысы былтыр қыркүйектегі Жолдауында жұмыс істейтін азаматтарға зейнетақы жинағының бір бөлігін ипотека арқылы баспана алуға пайдалану мүмкіндігі берілетінін айтқан-ды. Содан бері баспананың зары өткен ел зейнетақы реформасын күтіп жүр. Ал зейнетақы жүйесін жетілдіру жөніндегі жұмыс тобы асығар емес. Неге? Бұл, бірінші кезекте аза­мат­тардың зейнетақы жинағында­ғы қаржының аздығымен бай­ланысты көрінеді. Себебі Қа­зақ­стан азаматтарының 70 па­йыз­дан астамының зейнетақы жи­нағында 1 миллион теңгеге же­тер-жетпес қаржы жиналған. Бұл ипотека рәсімдеуде алғашқы төлем жасау үшін жеткіліксіз. Жұмыс тобының басын қатырып қойған да – осы мәселе. Ал Пре­зидент Үкіметтің кеңейтілген оты­рысында бұл мәселені жыл ортасына дейін шешуді мін­деттеді. «Баспана сатып алуға және өзге де қажеттілікке зейнетақы жинағының бір бөлігін пайда­лануға қатысты мәселені шешу үшін алғашқы қадам жасалды. Біздің мақсатымыз – адамдарды қартайған кезде зейнетақысыз қалдырып, барлық жинағын қазір бере салу емес, жалақыны көлеңкеден шығаруға ынта­ландыру. Яғни, адамдар жұмыс берушіден зейнетақы жарнасын аударуды талап етуі тиіс», – деді. Премьер-Министрдің орын­басары Бердібек Сапарбаев­тың айтуынша, жұмыс тобы жинақ­таған ақшасын баспана сатып алуға, емделуге жұмсау мүм­кіндігі бар 200 мыңдай адам анықталғанын айтады. «Енді Ұлттық банкпен, Қар­жы мониторингі агенттігімен және жұмыс тобымен бірге Қа­зақстанда осы пулға кіретін тағы да қандай азаматтар барын са­раптаймыз. Біз әлі есептеу жа­сап, пулға енетіндердің жи­нақ­таушы қордағы қаржысының көлемі қандай болуы тиіс екенін айтамыз. Алдын ала жасалған есепте 11 млн теңге болуы керек деген едік. Тағы да қосымша есептеу жүргіземіз», – деді ол. Демек, зейнетақы жинағының пайдасын ары кетсе 200 мыңнан астам адам ғана көретін түрі бар. Себебі 11 млн теңгені жалақысы жоғары адам ғана жинай алады, ал жалақысы жоғары адамның қазіргі жағдайы жаман болмаса керек. Ал жұмысы тұрақты, жа­лақысы орта, зейнетақы қорына тұрақты төлем жасайтындар баспана алу мүмкіндігінен айы­рылғалы тұр. Ендеше бұл ре­форма тағы да ақшалылар үшін болып шықпай ма? Экономист Мақсат Ха­лық­тың айтуынша, шекті соманы әлі де азайту керек. «4-5 млн теңгеге дейін түсір­се ғана қолжетімді болады. Ме­нің ойымша, жасы үлкен аза­мат­тарға 4 млн, жастарға 3 млн теңгеге дейін түсіру керек, сол кезде халықтың зейнетақы жи­нақтаушы қорына деген қы­зы­ғушылығы артады. Жалпы, зей­нетақы жүйесіндегі рефор­маны жеделдету – халықтың қолында», – дейді.
 Экономист осы мәселені зерттегенде, адамдардың зей­нета­қы қорындағы жинағына қызығушылығы өте төмен еке­нін байқағанын айтады. Өйткені олар жалақының 10 пайызын зейнетақы жинағына аударсам, зейнет демалысына шыққанша құнсызданып кетеді, одан да ол ақшаны бүгін жұмсап, бала-шағама қажет заттарын алайын деп, жұмыс берушімен ымыраға келеді. Осы психологияның сал­дарынан адамдардың зейнета­қы қорына ақша аударуға құлқы қалмайды. Оның үстіне, зей­нета­қы активтерінің инвес­ти­циялық табысының төмендігі де салымшыларды ынталандыр­майды. Соңғы екі-үш жылда ғана оң көрсеткіш байқалады. Оның өзінде кіріс көп емес. Сондықтан бұл сала халықтың қызығушылығы болмаса оңай реттеле қоймайды.
«Алғашқыда зейнетақы жи­нақтау жүйесін жасағанда Чи­лидің моделіне сүйендік. Есте­ріңізде болса, ол кезде бірнеше зейнетақы қоры болды, жала­қының 10 пайызын қай қорға аударуды салымшы өзі шешетін. Кейін ортақ зейнетақы жүйесі құрылды. Бұл халық жинағының сақталуына мемлекет тарапынан кепілдік беру үшін қажет болды. Ол ақша босқа жата бермей, айналымға түсіп, табыс табуы керек деді. Мемлекет тарапынан кепілдік бар, ол жақсы жағы, ал табыс табуды айтсақ, өсім беріп жатқан жоқ. Мемлекет зейнета­қы жинағындағы ақшаны бюд­жет тапшылығын жабу мақ­са­тында пайдаланды, құнды қа­ғаздарға аударды, оның пайда­сының пайызы өте аз», – дейді Мақсат Халық. Зейнетақы қорындағы қар­жының екінші деңгейлі банк­терді сауықтыруға да берілгенін білеміз. Сонда халық зейнетақы қорындағы ақшасын мемлекет­тегі кейбір мәселелерді шешу немесе екінші деңгейлі банк­терді құтқару үшін жинап жатыр ма? Оны халықтың өз игілігіне пайдалануға, мәселен, денсау­лы­ғын жақсартуға немесе бала­сын шетелде оқытуға бермеске? «Бұл тетіктер зейнетақы жү­йесінің сингапурлық әдісінде бар. Өз басым осы жүйені қол­даймын. Егер көршісінің баласы шетелде оқып жүрсе, баспана алып жаста, басқалар да қызы­ғады, сөйтіп зейнетақы қорына ақша аудара бастайды, тіпті тұрақты аударылуын қадағалау­ды меңгереді», – дейді ол. Бүгін экономистердің басым бөлігі ұсынып отырған Сингапур зейнетақы жүйесінің тәжірибесі біздің Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына ұқсас. Бір айырмашылығы, жұмысшы да, жұмыс беруші де қорға ай сайын аударым жасайды, ол ақша салымшының «тұрақты», «ар­найы» және «медициналық» шоттарына аударылады. Тұрақ­ты шоттағы ақша баспана сатып алуға, өзі немесе отбасы мүше­лерінің оқу ақысын төлеуге жұм­салады. Мүгедек болып қал­ған жағдайда немесе са­лым­шыға ауыр немесе емделмейтін диагноз қойылғанда, мерзімінен бұрын ақша алу мүмкін болады. Арнайы шотта жинақталған қа­ражат «қол жетімсіз», яғни зей­нетақы резерві болады. Ал медициналық шоттағы ақшаны салымшы денсаулығына жұмсай алады.    width=Халима БҰҚАРҚЫЗЫ