Мемлекет басшысы былтыр қыркүйектегі Жолдауында жұмыс істейтін азаматтарға зейнетақы жинағының бір бөлігін ипотека арқылы баспана алуға пайдалану мүмкіндігі берілетінін айтқан-ды. Содан бері баспананың зары өткен ел зейнетақы реформасын күтіп жүр. Ал зейнетақы жүйесін жетілдіру жөніндегі жұмыс тобы асығар емес. Неге? Бұл, бірінші кезекте азаматтардың зейнетақы жинағындағы қаржының аздығымен байланысты көрінеді. Себебі Қазақстан азаматтарының 70 пайыздан астамының зейнетақы жинағында 1 миллион теңгеге жетер-жетпес қаржы жиналған. Бұл ипотека рәсімдеуде алғашқы төлем жасау үшін жеткіліксіз. Жұмыс тобының басын қатырып қойған да – осы мәселе. Ал Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында бұл мәселені жыл ортасына дейін шешуді міндеттеді. «Баспана сатып алуға және өзге де қажеттілікке зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалануға қатысты мәселені шешу үшін алғашқы қадам жасалды. Біздің мақсатымыз – адамдарды қартайған кезде зейнетақысыз қалдырып, барлық жинағын қазір бере салу емес, жалақыны көлеңкеден шығаруға ынталандыру. Яғни, адамдар жұмыс берушіден зейнетақы жарнасын аударуды талап етуі тиіс», – деді. Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, жұмыс тобы жинақтаған ақшасын баспана сатып алуға, емделуге жұмсау мүмкіндігі бар 200 мыңдай адам анықталғанын айтады. «Енді Ұлттық банкпен, Қаржы мониторингі агенттігімен және жұмыс тобымен бірге Қазақстанда осы пулға кіретін тағы да қандай азаматтар барын сараптаймыз. Біз әлі есептеу жасап, пулға енетіндердің жинақтаушы қордағы қаржысының көлемі қандай болуы тиіс екенін айтамыз. Алдын ала жасалған есепте 11 млн теңге болуы керек деген едік. Тағы да қосымша есептеу жүргіземіз», – деді ол. Демек, зейнетақы жинағының пайдасын ары кетсе 200 мыңнан астам адам ғана көретін түрі бар. Себебі 11 млн теңгені жалақысы жоғары адам ғана жинай алады, ал жалақысы жоғары адамның қазіргі жағдайы жаман болмаса керек. Ал жұмысы тұрақты, жалақысы орта, зейнетақы қорына тұрақты төлем жасайтындар баспана алу мүмкіндігінен айырылғалы тұр. Ендеше бұл реформа тағы да ақшалылар үшін болып шықпай ма? Экономист Мақсат Халықтың айтуынша, шекті соманы әлі де азайту керек. «4-5 млн теңгеге дейін түсірсе ғана қолжетімді болады. Менің ойымша, жасы үлкен азаматтарға 4 млн, жастарға 3 млн теңгеге дейін түсіру керек, сол кезде халықтың зейнетақы жинақтаушы қорына деген қызығушылығы артады. Жалпы, зейнетақы жүйесіндегі реформаны жеделдету – халықтың қолында», – дейді.
Экономист осы мәселені зерттегенде, адамдардың зейнетақы қорындағы жинағына қызығушылығы өте төмен екенін байқағанын айтады. Өйткені олар жалақының 10 пайызын зейнетақы жинағына аударсам, зейнет демалысына шыққанша құнсызданып кетеді, одан да ол ақшаны бүгін жұмсап, бала-шағама қажет заттарын алайын деп, жұмыс берушімен ымыраға келеді. Осы психологияның салдарынан адамдардың зейнетақы қорына ақша аударуға құлқы қалмайды. Оның үстіне, зейнетақы активтерінің инвестициялық табысының төмендігі де салымшыларды ынталандырмайды. Соңғы екі-үш жылда ғана оң көрсеткіш байқалады. Оның өзінде кіріс көп емес. Сондықтан бұл сала халықтың қызығушылығы болмаса оңай реттеле қоймайды.«Алғашқыда зейнетақы жинақтау жүйесін жасағанда Чилидің моделіне сүйендік. Естеріңізде болса, ол кезде бірнеше зейнетақы қоры болды, жалақының 10 пайызын қай қорға аударуды салымшы өзі шешетін. Кейін ортақ зейнетақы жүйесі құрылды. Бұл халық жинағының сақталуына мемлекет тарапынан кепілдік беру үшін қажет болды. Ол ақша босқа жата бермей, айналымға түсіп, табыс табуы керек деді. Мемлекет тарапынан кепілдік бар, ол жақсы жағы, ал табыс табуды айтсақ, өсім беріп жатқан жоқ. Мемлекет зейнетақы жинағындағы ақшаны бюджет тапшылығын жабу мақсатында пайдаланды, құнды қағаздарға аударды, оның пайдасының пайызы өте аз», – дейді Мақсат Халық. Зейнетақы қорындағы қаржының екінші деңгейлі банктерді сауықтыруға да берілгенін білеміз. Сонда халық зейнетақы қорындағы ақшасын мемлекеттегі кейбір мәселелерді шешу немесе екінші деңгейлі банктерді құтқару үшін жинап жатыр ма? Оны халықтың өз игілігіне пайдалануға, мәселен, денсаулығын жақсартуға немесе баласын шетелде оқытуға бермеске? «Бұл тетіктер зейнетақы жүйесінің сингапурлық әдісінде бар. Өз басым осы жүйені қолдаймын. Егер көршісінің баласы шетелде оқып жүрсе, баспана алып жаста, басқалар да қызығады, сөйтіп зейнетақы қорына ақша аудара бастайды, тіпті тұрақты аударылуын қадағалауды меңгереді», – дейді ол. Бүгін экономистердің басым бөлігі ұсынып отырған Сингапур зейнетақы жүйесінің тәжірибесі біздің Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына ұқсас. Бір айырмашылығы, жұмысшы да, жұмыс беруші де қорға ай сайын аударым жасайды, ол ақша салымшының «тұрақты», «арнайы» және «медициналық» шоттарына аударылады. Тұрақты шоттағы ақша баспана сатып алуға, өзі немесе отбасы мүшелерінің оқу ақысын төлеуге жұмсалады. Мүгедек болып қалған жағдайда немесе салымшыға ауыр немесе емделмейтін диагноз қойылғанда, мерзімінен бұрын ақша алу мүмкін болады. Арнайы шотта жинақталған қаражат «қол жетімсіз», яғни зейнетақы резерві болады. Ал медициналық шоттағы ақшаны салымшы денсаулығына жұмсай алады.