Алматы облысында 2020-2021 жылғы жылыту маусымы ойдағыдай өтті. Ешқандай төтенше жағдайлар тіркелген жоқ. Қыс айларында ешбір мекеме отын-су тапшылығын көрмеді. Соған сай жылыту маусымының қорытындысы шығарылып, жақсы жағынан көрінген аудан-қала әкімдіктеріне коммуналдық техникалар сыйға тартылды. Кейбір жекелеген кемшіліктер де аталып, алдағы жылыту кезеңіне дайындық барысы да пысықталды.
Облыс әкімінің міндетін атқарушы Лаззат Тұрлашовтың төрағалығымен онлайн режимде өткен әкімдік отырысында 2020-2021 жылдардағы жылыту маусымының қорытындысы және алдағы жаңа жылыту маусымына дайындық жайлы облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бағлан Тәнекенов баяндама жасады. Оның айтуынша, өткен жылыту маусымына дайындыққа және оны өткізуге бюджеттен 15,4 млрд теңге бөлінген. Жылыту маусымының сапалы жүргізілуі үшін 35 қазандықтың негізгі және қосалқы жабдықтары, 64,3 шақырым жылу желісі, 13,7 мың шақырым электр желісі және әртүрлі кернеудегі 3 016 трансформаторлық қосалқы стансалар жөнделген. Қазір облыс бойынша жылумен қамтамасыз етуді 35 орталықтандырылған қазандық жүзеге асырады және олардың 16-сы – көмірмен, газбен, 3-еуі мазутпен жұмыс істейді. Былтыр жылумен қамтудың 16 жобасы іске асырылып, оған 7 млрд теңге бөлінген. Соның ішінде 3,7 млрд теңгесі «Жұмыспен қамту Жол картасы 2020» бағдарламасы арқылы қарастырылған. Қазандықтарды газға ауыстыру, блокты-модульді қазандықтар орнату жүйелі жүріп жатқан көрінеді. Дегенмен маусым барысында кейбір технологиялық заңбұзушылықтар, халықты электр энергиясымен, сумен және орталық жылумен үздіксіз қамтамасыз етуде бірқатар проблема да кездесіпті. Атап айтқанда, Алакөл, Еңбекшіқазақ, Іле, Талғар ауданы мен Талдықорған, Қапшағай қалаларының тұрғындарынан пәтерлердегі температураның төмендігіне қатысты шағым түскен. «Алдағы кезде осындай кемшіліктерді болдырмас үшін аудан, қала әкімдіктері жылыту маусымына дайындық жұмыстарын күшейтіп, сапалы және уақытылы дайындық жүргізуі керек. Коммуналдық кәсіпорындар мен бюджеттік секторға қажетті отын мөлшері алдын ала дайындалуы тиіс. Конкурстық рәсімдерді аяқтап, жазғы уақытта тасымалдауды жүзеге асырған жөн. Денсаулық сақтау нысандарын қосымша сыйымдылықпен қамтамасыз ету қажет. Коммуналдық және иесіз электр жүйелеріне шұғыл түрде құқық белгілейтін құжаттарды дайындап, оларды энергия беруші ұйымдардың балансына өткізу қажет» деп атап өтті облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы. Алдағы 2021-2022 жылдардағы жылыту маусымына дайындыққа бюджеттен 13,7 млрд теңге қарастырылыпты. Жылумен жабдықтаудың 4 жобасын іске асыруға 3,26 млрд теңге бөлінген. Бюджеттік ұйымдар үшін 25,1 мың тонна көмір, 4,6 мың тонна пеллет және 25,9 млн литр дизель отыны сатып алынады. Жылыту маусымы басталғанға дейін Талдықорған қаласының 2 қазандығын газ жүйесіне ауыстыру жоспарланып, оған облыстық бюджеттен 2,6 млрд теңге қарастырылған. Басқарма басшысының мәліметі бойынша, облыста 1,2 млн адам табиғи газға қол жеткізген. Биыл бюджет есебінен 19 елді мекенді газдандыруға 6,4 млрд теңге бөлініпті. Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Асқар Бегманов, Текелі қаласы әкімінің орынбасары Елдос Мырзабек, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Арман Жансеңгіров сөз алып, жылыту маусымына дайындық жайын баяндады. Әкімдік отырысының соңында жылыту маусымының қорытындысы шығарылып, үздіктерге сый-сияпат көрсетілді. Атап айтқанда, Кеген ауданына облыс әкімінің І дәрежелі дипломы мен жүк тиегіш техника, Талғар ауданына ІІ дәрежелі диплом және қоқыс шығаратын көлік, ал үшінші орынға ие болған өңірлер ретінде Еңбекшіқазақ және Ұйғыр аудандарына арнайы диплом мен тракторлар берілгені айтылды. – Өткен жылыту маусымы уақытында қабылданған шаралардың арқасында штаттық режимде өтті. Енді алда келесі жылыту кезеңіне дайындыққа мұқият болу міндеті тұр. Әсіресе, бюджеттік сала нысандарына дизель отынының дер кезінде толық көлемде жеткізілуі басты назарда болуы тиіс. Жылыту маусымы басталғанға дейін бюджеттік сала нысандарында қазандықтарды газға ауыстыру, жаңғырту жүзеге асырылсын. Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы, Қарасай, Еңбекшіқазақ, Панфилов, Ұйғыр аудандарының әкімдері, күзге дейін 36 блокты-модульді қазандықты орнатып, мүлік иелерінің бірлестігін құрыңыздар. Барлық аудан, қалаларда көппәтерлі тұрғын үйлердің ішкі жылу желілерінің дайындығын қамтамасыз етіңіздер. Жаңа жылыту маусымын үздіксіз өткізу дайындық жұмыстарының уақытылы, сапалы жүргізілуіне тікелей байланысты екенін ұмытпаңыздар, – деді жиынды қорытындылаған облыс әкімінің міндетін атқарушы.Болат АБАҒАН, Алматы облысы