Коррупциямен күресуші орган қайта құрылымдалатын болды. Бұрынғы басшы кезінде дүниеге келген көптеген департамент жойылады. Орнына «қызметтер» құрылады. Сонымен бірге сарапшылар да, қарапайым бұқара мен бизнесмендер де сыбайлас жемқорлықпен күреске көңілі толмайтынын, торға тек шабақтар тұтылып, шортандар құтылып жатқанын айтып жүр. Осы саланың тізгінін қолына алған жаңа басшы жағдайды өзгерте ала ма?
Жаңа антикоррупционер – прокурор
Ел Президенті таяуда, 16 сәуірдегі Жарлығымен Марат Ахметжановты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы лауазымына тағайындады. Осылайша, саланы 2014 жылдан бері, 7 жылдай жетектеген Алик Шпекбаевтың дәуірі аяқталды. Айтқандай, А.Шпекбаев ішкі істер органдарынан келген маман болатын. Енді оның орнына келген Марат Ахметжанов жаңа реформаны агенттіктің құрылымын өзгертуден бастамақ. Айтпақшы, заңнамада тыйым салынғанына қарамастан, жаңа басшы өзімен бірге жаңа командасын ала келетіні мәлім. Бірақ Марат Мұратұлы жылдар бойы қалыптасқан ұжымға әзірге тиіскен жоқ. Олжас Бектенов те, Нұрлан Шабдар да, былтырғы қыркүйекте Қаржы министрлігінің Қаржы мониторингі комитетінің Жедел департаментінің басшысы лауазымынан ауысып келген Дмитрий Малахов та агенттік төрағасының орынбасарлары қызметін сақтап қалды. Жасыратыны жоқ, жоғары жақта ауыс-түйіс болса, бірінші болып, «басы домалайтын» тұлға – аппарат басшысы. Алайда агенттіктің аппаратына 2019 жылғы шілдеден бері Қуаныш Жапақов жетекшілік етіп келеді. Әрине, жаңа басшының келгеніне 1,5 ай ғана уақыт болды. Демек, реформа барысында агенттік басшылығында өзгеріс болуы ғажап емес. Оның үстіне, департаменттер мен бөлімдер азайса, бұл басшылардың қысқаруына әкелуі ықтимал. Сарапшылардың байламынша, Марат Ахметжанов – ғұмырын қылмыспен күреске арнаған білікті тергеуші, өз ортасында беделді прокурор. Шпекбаевты ауыстырар балама іздеген ел басшылығы таңдауының прокурорға түсуі бекер еместей. Бүгінде заң үстемдігін орнату аясында елімізде прокуратура құзыры күшейтіліп жатқаны мәлім. Оның үстіне, Марат Мұратұлына бұл сала жақсы таныс: ол сұрапыл 90-жылдары, 1993-1996 жылдар аралығында – Бас прокуратура жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі арнайы прокуратурада аса маңызды істер жөніндегі аға тергеуші, ізінше Бас прокуратураның Аса қауіпті қылмыстарды тергеу басқармасының аймақтық тергеушілер бөлімінің бастығы болып, ірі жемқорларды әшкерелеуге үлес қосқан. 2012-2014 жылдары – Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі төрағасының орынбасары болды.Көзбояу «парасаттылық» пен «серіктестік» жойылады
Жаңа төраға «қоғам өзегіне түскен жегіқұртпен» күресетін агенттіктің ішкі құрылымын өзгертуге бастамашы болып отыр. Тиісінше, «Қазақстан Президентінің кейбір Жарлықтарына өзгерістер енгізу туралы» ел Президентінің жаңа Жарлығының жобасы ел назарына ұсынылды. Еске сала кетсек, А.Шпекбаев кезіндегі өзгерістерге сай, қазір Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшылық, төрағаның хатшылығы, Превенция департаменті, Парасаттылық департаменті, Серіктестік департаменті, 1-департамент, 2-департамент, 3-департамент, 4-департамент, 5-департамент, Стратегия және жедел басқару департаменті (Штаб), Әкімшілік-құқықтық департамент, Кадр жұмысы департаменті, Жеке қауіпсіздік департаменті, Ішкі аудит қызметі дейтін құрылымдардан жасақталған-ды. Ведомство өкілдері айтқандай, атауларға парасаттылық, серіктестік сияқты ұғымдардың енгізілуі – шенеуніктерде ғана емес, бизнесмендерде, бұқарада үрей туғызатын қаһарлы һәм құзырлы мекеменің суық бейнесін өзгертуге бағытталған. Бірақ содан жұрт бұл органды жақын тартып кетті деу қиын.Әр салада жемқорлық дерті дендеді
Жемқорлықпен күресетін меморганда басшы ауысқалы сарапшылар өткенді барлап, жеткенді бағалап, жетістіктері мен кемшін тұстарын шамалап жатыр. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасының орынбасары Шыңғыс Темір біраз салада, әсіресе агроөнеркәсіп кешенінде, көлік, құрылыс, мемлекеттік кірістер, яғни салық, сондай-ақ жер қатынастарында жемқорлық дендегенін айтады. – Құрылыс саласында да шешілмеген мәселе көп. Құрылыс нарығына «лицензиясыз-ақ» кіруге болатыны жасырын емес. Нарық ойыншысы атану үшін осындай лицензиясы бар компанияны сатып алу жеткілікті. Осы мәселені шешу үшін ұлттық палата лицензиясыз жұмыс істейтін компанияларды есепке алуды, сондай-ақ лицензия алғандардың деректер базасымен интеграцияланған бірыңғай тізілімін құруды ұсынып отыр. Сыбайлас жемқорлық саласындағы арнайы шолу аясында біз жүргізген зерттеулер жемқорлық «батпақтары» қандай салада көбейгенін көрсетті. Нақтылай кетсек, жер қатынастары саласында – әрбір 2-ші кәсіпкер, көлік, құрылыс және кеденде – әрбір 3-ші, ал салықтар мен тендерлер саласында – әрбір 5-ші кәсіпкер жемқорлық көрінісіне жолыққан! Бұл деректерді көлеңкелі экономика бойынша зерттеулер де растайды», – деді Шыңғыс Темір. Бұрынғы жылдарды қопармағанның өзінде, кейінгі бір жылда қоғам осы құзырлы органнан «азуын көрсетіп», тегеурінді қимылдауын күтті. Елге коронавирус баса-көктей кірген былтырғы жылы ел басшылығы жаһандық пандемиямен күреске жүздеген миллиард қаражат төкті. Республикада індет кең тарап, Қазақстан әлемдегі «қара тізімнің» бас жағына шыққанына қарағанда, қаржы тасқыны толықтай көздеген жеріне жетпегенге ұқсайды. Осы тұста антикоррупциялық орган жарқырай көрініп, жасындай қимылдап, қабілет-қарымын паш етуі тиіс еді. Сөйтіп, әр теңгенің көзделген жеріне жетуіне пәрменді ықпал еткені жөн болатын. Президент антикоррупциялық органға елордадағы LRT жобасы аясында мемлекеттің 5,8 миллиард теңгесін талан-тараж еткендерді лауазымына қарамай, тегіс жазалауды жүктеді. Алайда жобаға жауап берген басшылар шетелге қашып кетті, орындаушылар ғана сотталды.Жеткен жетістігі қайда?
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ведомствосы төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектеновтің айтуынша, «антикоррупциялық құралдардың барлық қажетті спектрі агенттіктің құзырында бар». Енді оны лайықты қолданып, қомақты нәтижеге жету қалып тұр. Агенттіктің бір мақтанышы – 19 орталық меморганда, 14 облыс пен 3 мегаполис әкімдігінде, сонымен қатар «Самұрық-Қазына» қоры мен оның еншілес ұйымдарында Adaldyq alańy офистерінің ашылып, басшылығына қоғам белсенділерін тағайындау болды. Нәтижесінде, 320 әкімдік сервистік форматта жұмыс істеуге көшкен. Adaldyq alańy жобалық кеңселеріне былтыр азаматтардан 12 мыңға жуық шағым түсіпті. Оның 80%-ы оң шешілген көрінеді. Дәрі-дәрмек құнын негізсіз шарықтатқан 300 кәсіпкерлік нысаны жаза тартқан. Антикоррупционерлер шетелден жеткен гуманитарлық көмектің 18,3 млн қорғаныс құралының, 3,1 млн дәрілік препараттың, 428 мың медициналық жабдықтың жолай талан-таражға түспеуін қадағалап, сүйемелдеген екен. Transparency International рейтингінде Қазақстан былтыр 19-тұғырға биік көтерілгенімен, бәрібір көш соңында қалды, 94-орында тұр. Жаңа басшыдан қоғам да, сарапшылар қауымдастығы да жемқорлыққа жойқын соққы берілуін күтеді.Елдос СЕНБАЙ