Балалар үйі азайды, жетімдер ше?
Балалар үйі азайды, жетімдер ше?

Соңғы кезде жетімдер үйі мен онда тәр­бие­леніп жатқан балалар­дың саны бірнеше есе қыс­қарғаны туралы айтылып жүр. Бұл – қуанарлық жағдай. Де­ген­мен елімізде бала асырап алу­дың машақаты әлі көп еке­нін ескерсек, «жетім­дер үйі­нің азаюында басқа бір кіл­ти­пан бар ма?» деген ой туа­тыны да жасырын емес.

Кейінгі 10 жылда еліміздегі балалар үйінің саны 2 есе азайып, ондағы тәрбиеленушілер саны 3 есе кеміген екен. Ал соңғы үш жылды алсақ, 42 балалар үйі жабылып, тәрбиеленушілердің саны 1 969-ға азайып отыр. Бірақ бала асырап алудағы бюрократия­лық кедергілер мен басқа да бөгеттер қаншама қара көздің шетел асып кетуінің басты себебі болған.

Жатжұрттағы жаутаңкөздер

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, осы кезге дейін 10 мың­ға жуық қазақ баласын шетелдіктер асырап алған. 1993 жылғы 10 ма­мырда Гаагада қабылданған «Ба­лаларды қорғау және шетелдік­тердің бала асырап алуын қолдау туралы» Конвенцияға қол қойыл­ғаннан кейін, біздің Конститу­цияда өзгеріс пайда болды. Нақтырақ айтсақ, «Неке және отбасы» заңының 76-бабы 2-тар­мағына «Балаларды Қазақ­стан Республикасының аумағында тұратын Қазақстан Республика­сының азаматтарына тәрбиелеуге беру мүмкін болмаған жағдайларда ғана, шетелдіктерге азаматтығы мен тұрғылықты жеріне қарамас­тан асырап алуға берілуі мүмкін» деген толықтыру енгізілді. Осы бір ғана «мүмкін» деген жалғыз-ақ сөздің өзінен шетелдік бала асырап алушылардың Қазақстанға үймелеуіне алып келді. Осылайша, 1999 жылдан бастап шетелден бала асырап алушылар елімізге ағыла бастады. Бұл мәселе 2002 жылғы Пар­ламент Мәжілісінің жалпы оты­рысын­да қайта  талқыға салынды. «Сәбилерді шетелдіктерге бергенше, ең жақын туыстарына беру керек» деген ұсыныс айтылды, алайда Үкімет тарапынан қолдау тапқан жоқ. 2011 жылы шетел азаматтарының бала асырап алу рәсімінің механизмі қарастырылатын «Неке (ерлі-зайып­тылық) және отбасы туралы» кодекс қабылданды. Бірақ өз баламызды бауырға басқызарлық еш жаңалық болмады. Осы тұста айта кететін нәрсе  – Қазақстан азаматтары үшін бала асырап алу қиынның-қиыны бол­са, шетелдіктер үшін бұл әлде­қайда оңай. Олардың отбасы толыққанды ма, жоқ па, әлеуметтік жағдайы қандай, тіпті кімдер екеніне де жіті мән берілмейді.

Бала асырап алудың кедергісі әлі көп пе?

Балалар үйінен кез келген баланы асырап алуға болады. Бірақ ол оңай шаруа емес. Ата-ананың мыңдаған баланың ішінен таңдау жүргізіп, шешім қабылдауының өзі біраз уақыт алады. Ал құжат рәсім­деуге келгенде баяғы қағазбастылық қайта бой көтереді. Баланы асырап алудың бірнеше құқықтық жолы бар. Патронат, қорғаншылық, қамқор­шылық және толыққанды асырап алу. Біз осының ішінде толыққанды асырап алудың жайына тоқталсақ. Ата-ана таңдау жасап, шешім қабылдады делік, содан соң әуелі 9 түрлі құжатты жинайды. Бірақ құжат деген аты ғана болмаса, бұл сіздің тарихыңыздан бастап, материалдық жағдайыңызға дейін жүргізілетін тексеру іспетті дүние. Табыс көлемі, отбасы мен туыстары жайлы ақпарат, денсаулық жағдайы, қылмысқа қатысы жоғы, тіпті баспанаңыздың бар-жоғына да есеп бересіз.

– Әр сәбидің жеке дерегі элек­тронды базада болуы тиіс. Бірақ ба­ла­лар үйі оны толтырмайды. Сондықтан онсыз да қағазбас­ты­лықтың шаршататынын білген ата-ана таңдау еркінен айырылғанда, жарты жолдан тоқтауға мәжбүр болуы да мүмкін. Осы мәселені жөнге салса, қалғанын шешуге болады, – дейді «Милосердие» қайырым­дылық қорын құрушы Аружан Саин.

Ал елімізде бала асырап алу құпиясы заңмен қорғалады. Демек, жаңа ата-анасына баланы беру жайлы сот шешімі шыққаннан кейін бала биологиялық ата-анасынан толыққанды ажырайды. Бала есейген соң асырап алған ата-ана оның өздерінен тумағанын айтуға толық құқылы. Бірақ өзіміз асырап алған балалар жетімдер үйіне жиі қайтарылатынын да жоққа шығара алмаймыз.

Жауапкершілігі жоқ «ата-аналар»

Еліміздегі асырап алушы отбасылардың әдетте балаға қоятын талабы көп. Дені сау, үш жасқа толмаған болуын, сонымен бірге ұлты мен жынысына да баса мән береді. Асырап алушы ата-аналардың тек 10 пайызы алты жастан асқан баланы асырап алуға ниет білдіреді екен. 10 жастан асқан балаларды бауырына басатындар тіптен аз көрінеді. Бала асырап алушыларға бұл істің күрделі екені, бұған зор түсіністік пен жауапкершілік керек екені ескертіледі.  Десек те, ата-аналар мұны ескере бермейді.  Нәти­жесінде, жыл сайын жаңа отбасын тапқан 200-250 бала қайтадан жетімдер үйіне қайтарылады екен. Бұл оларға қандай психологиялық соққы болатынын бағамдай беріңіз. Дамыған елдерде балаларды балалар үйіне қайтару шамамен 8 пайыз, Ресейде – 10, Қазақстан- да – 18. Тіпті, бізде балалар үшінші, төртінші рет қайтарылып жатады екен. Мұның барлығы жоғарыда келтірген дерекпен парадокс ту­дырып тұр. Десек те, балалар үйі санының қысқаруына отбасылық жетімдер үйінің саны артқаны басты себеп болып отырғанын айта кеткен жөн. Қанша баланы бауырына басып отырған кең жүректі жандардың көбейгені көңіл қуантады.  Жетімдер  үйінің азаюы олардың жанға жайлы ұяда бейқам күн кешіп жатқанының көрсеткіші болса игі дейміз.

Мадияр ТӨЛЕУ