Мүгедектерді жылатқандар жеңіл жазамен құтыла ма?
Мүгедектерді жылатқандар жеңіл жазамен құтыла ма?
191
оқылды

Бүгінде сыбайлас жемқорлықтың түрлі жолы шыға бастады. Күштеп қоныштан басып, «жұмыртқадан жүн қыр­қып» жатқандар аз емес. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша депар­таменті мамандары жергілікті атқарушы орган­дардың халық­ты әлеуметтік қорғау саласына жүр­гізген сыртқы талдау барысында осын­дай бірқатар былықтың беті ашылды.

Емдеу орны мен жеңілдіктер  құпия сақталған 

Департамент берген ақпаратқа сүйенсек, облыс  әкімдігінің Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен оның қарамағындағы  бөлімдерге жүргізілген  зерделеу барысында  мүмкіндігі шектеулі жандардың өзінен пайда табуға тырысқан әрекеттер әшкере болған екен. – Мүгедектер мен мүгедек балаларды санаторлық-курорттық емдеуді жергілікті атқарушы органдар мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорация­сының кеңселеріне және жұмыспен қамту бөлімдеріне тәуелсіз жүгіну арқылы жүзеге асырады. Алайда  Жамбыл облысы әкімдігінің Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мүгедектер мен мүгедек балаларды хабар­дар ету және  санаторлық-курорттық ем­делу бойынша шаралар қабылдамаған. Яғни, ашық көздер арқылы жеңілдіктердің осы түрін ұсыну тәртібі туралы ақпарат, осы қызметтерді ұсынатын провайдерлер туралы мәлімет, сондай-ақ басқа да қажетті деректер жарияланбаған. Бір сөзбен айт­қанда, ашықтық үлгісі сақталмай, барлығы құпия түрде жүргізілген, – дейді  департа­менттің бас маманы  Рауан Жақыпбеков.

Шипажайдың емін  мүгедектер емес, өзгелер  көруде ме?

Тағы бір қызықты жайт – мүгедектер мен мүгедек балаларды санаторлық-ку­рорт­тық емдеумен қамтамасыз еткен провайдерлер емделушілердің санын ғана көрсеткен. Яғни, емделіп жатқан адам туралы толық ақпарат болмағандықтан, мүгедектің орнына оның туысы немесе мүлде бөлек адам ем қабылдап жатуы мүм­кін екені туралы күмән туған.  Маман­дардың айтуынша,  2020 жылы санаторлық-курорттық емдеуді денсаулық сақтау мекемелері «Ақсу-Жабағылы» шипажайы арқылы жүзеге асырса, онда барлығы 1 442 мүгедек 159 344 379,9  теңгеге ем қабыл­даған. Ал «Самал» сауықтыру орталығына 73 116 492,78 теңгеге 674 мүгедек жатқызыл­ған. Алайда  төлем туралы ұсынылған актіде  мүмкіндігі шектеулі жандар туралы толық ақпарат көрсетілмегендіктен, дәл осынша адам емделді деп айту мүмкін емес. Бұл  басқарма, жұмыспен қамту бөлімдері және тікелей жеткізушілер арасында бюджет қаржысын жымқыру мақсатында сөз байласу мүмкіндігін меңзеп тұр. мүгедек

Емдеуді қажет ететіндер шетқақпай  қалып жатыр

Мүмкіндігі шектеулі жандардың  сауықтыру орнына баруға қатысты да  түйткіл көп. – 2020 жылы санаторлық-курорттық ем алған  мүгедектер  саны 2 116  адамды құраса, олардың ішінде 255-і І топтағы мүмкіндігі шектеулі азаматтар болған. ІІ топтағысы 664 адам болса, ІІІ топтағы – 1 167 азамат. Одан бөлек, 14 мүгедек бала, 1 екінші дүниежүзілік соғыс мүгедегі және 15  Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген мүгедектер ем қабылдаған. Байқасаңыздар, санаторлық-курорттық ем алған  І топтағы мүгедектер саны небәрі 11,2 пайызды  құрап отыр. Негізі,  І топтағы мүгедектер шипайжайлар мен сауықтыру орындарына жеке күтушісімен баруы керек. Алайда заңда жеке күтушілеріне  санаторлық-курорттық жолдама қарас­тырыл­маған. Аталған мәселені біз қазір құзырлы органдарға жолдап, министрлік деңгейінде  шешу жолын қарастыруды ұсынып жатырмыз. Әйтпесе, емделуді ең қажет ететін І топтағы мүгедектер мемле­кеттік қолдаудан шет қалғалы тұр, – дейді   департаменттің бас маманы  Рауан Жақыпбеков.

Мүгедекті мүлде көрмеген күтушілерге төлем төленген

Әрине, бұл талқылауды емес, тез арада нақтылауды қажет ететін мәселе. Алайда мүмкіндігі шектеулі жандарға қатысты ашықтан-ашық жасалып жатқан бұдан да өткен өрескел заңбұзушылықтарды көріп, жаға ұстадық. Атап айтсақ, І топтағы мүгедек Д. есімді тұрғын өткен жылы 14 ақпан мен 21 қыркүйек аралығында Жамбыл облыстық мүгедектерді бейімдеу және  оңалту орталығында емделген. Ал Жуалы ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдармалар бөлімі І топтағы мүгедекке А. есемді азаматшаны  жеке көмекші ретінде жіберген болып, оған 114 000 теңгені заңсыз төлеген. Дәл сондай І топтағы мүгедек У. есімді азаматқа 2020 жылдың 7-26 ақпан аралығында Тараз қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі  С. есімді күтушіні  жіберген болып құжат тол­тырылып, 25 600 теңге көлемінде бюджет қаржысын жымқырған. Тексеріс бары­ сында екі жағдайда да бөлімдерден жолданған күтушілер І топтағы мүгедек­терге мүлде бармағаны анықталып,   «балға бармақ батырғандардың» тірлігі   тиісті органдарға жолданған.   – Бұл тұста ең бірінші бөлімдер заңсыз әрекетке барып отыр. Екіншіден, күтуші ретінде тіркеліп, жасамаған жұмысы үшін қаржы алған азаматтар да жауапкершілікке тартылуы тиіс. Біз тиісті құжаттарды рәсімдеп, заңсыз иемденген  қаржыны кері қайтару туралы хаттама толтырдық. Егер жақын арада қаржы қайтарылмаса, бұл іс сотта қаралатын болады, – дейді  депар­таменттің бас маманы  Р.Жақыпбеков.

Түйін:

Міне, осылайша мемлекеттік қызмет­шілер мүмкіндігі шектеулі жандарды пайдаланып,  еш қымсынбай қаржы жымқырған. Бұған бір жағынан таңғалуға да болмайтын секілді. Олай дейтініміз,  Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көші-қон комитетінің  Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы мен  Тараз қалалық №5 емханасының бас дәрігерінің орынбасары мүгедектен пара алғаны үшін жазаға тартыл­ғанын  ел жақсы біледі. 

Оқиғаны тарқатып айтсақ, облыс тұр­ғынының  мүгедектік мерзімін ұзарту үшін департамент басшысының міндетін атқару­шы 100 000 теңге көлемінде пара талап етсе,  ауызбастырықты №5 қалалық емхананың бас дәрігерінің орынбасары  апарып берген. Осы­лайша, мүмкіндігі шектеулі жаннан пара алған  шенділердің заңсыз әрекеті әшкере болып, екеуі  1 миллион мен 2,5 миллион теңге көлемінде айыппұл төлеп, темір тордан аман қалған. Мүгедектің өзін аямаған бұл жағдайдан кейін халық  билік өкілдерін сын тезіне алып, жұмыстан кетуін талап еткен. Енді, міне Сыбайлас  жемқорлыққа қарсы іс-қимыл  агенттігінің облыстық департаменті мүмкіндігі шектеулі жандарға қатысты тағы бірқатар заңсыздықтың бетін ашып, жаға ұстатып отыр. Олар да тек айыппұл төлеп құтыла ма, әлде жаза басқандар қызметтен  қуыла  ма?

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы