Ерікті зейнетақы шоты: қарттардың мұқтажын өтей ме?
Ерікті зейнетақы шоты: қарттардың мұқтажын өтей ме?

«Жас кезімде бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» деп тілейтін кез келген адам осы тілеуіне жете ала ма? Барлық саналы ғұмырында ауыр жұмысқа жегіліп, кейін заңды зейнетке шыққан, жасы ұлғайған жандар қадірменді қарттықты бастан кешіп отыр ма? Жалпы, бүгінгі зейнеткердің ахуалы нешік?

Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігінің мә­­ліметіне сүйенсек, 2020 жылы Қазақстанда республикалық бюд­жеттен базалық зейнетақы төлеуге 772, 3 млрд тг, ынтымақты зей­нет­ақы төлеуге 1 721,5 млрд тг жұм­­сал­­ған. 2021 жылдың есебінде елі­мізде зейнеткерлік жасында 2 млн 247 мың адам тұр, ал орташа зейнетақы мөлшері 100 163 теңге деп белгіленген. 2050 жылы зейнет жасындағы азаматтардың саны 3,4 миллионға жетеді деп болжан­ған. Бұл бү­гінгі мөлшерден 1,3 есе көп. Яғни, мұн­дай жағдайда зейнет­керлердің саны қазіргі жал­пы халықтың 7,5% үлесінен 14%-ға дейін ұл­ғаяды. Осы есепке қа­ра­ғанда, рес­­­пуб­­­ликада қартаң адам­дардың саны жылдан-жылға өсе беретінін байқауға болады.

Ерікті зейнетақы шоттарын ашуға неге мүдделі?

Зейнетке шыққан адамдардың зейнетақы мөлшеріне көңілі тола қоймайтыны жасырын емес. Жо­ғарыда айтылған 100 мың теңге мөлшеріндегі орташа зей­нет­­ақыны көпшілік тек түсінде ғана көреді. Оны не одан анағұр­лым көп соманы жоғарғы лауа­зымда қызмет еткен бұрынғы шенеу­ніктер, не ерекше жағдай­дағы жандар болмаса, көпбалалы ана­лар ғана алады. «Алтын алқа» белгісінің иегері, он бала тәр­биелеп өсірген Бибіғайша шешей барлық жәрдемақысын қоса есеп­тегенде қолына ай сайын 98 мың теңге тиетінін айтып, шү­кір­шілік қылуда. Ал осы үйдегі 84 жас­тағы Сейтбаттал ақсақал ауыл­да мал дәрігері болып 45 жыл бойы үзі­ліссіз жұмыс істеп, қазір 70 мың теңге зейнетақы алаты­нына наразы. Бүгінде жасы ұлғайған адам­дардың көпшілігі өздеріне, жа­қын-жуықтарының көмегіне ғана сүйенеді. Содан шығар, қазір жұрттың көпшілігі БЖЗҚ-дан жинақтарының «артық» бөлігін жаппай алып жатқанда, кейінгі кезде ерікті зейнетақы шоттарын ашатындардың да қатары өсіп келе жатқаны байқалады. Олар­­дың көпшілігі мемлекеттен ер­­­теңгі күні жарытып зейнетақы ала­тынына сенбейді, сондықтан қарттық жасқа жеткенде зей­нетақылары өздерінің қажетті­ліктерін қамтамасыз ету үшін ерік­сіз қосымша шот ашуға мәж­бүр болғанын айтады. Жасы елудің жетеуіне жеткен Меңдібай Қасқараев зейнетақыға қосымша қаржы жинауға кеш кіріскеніне өкінеді. – Әттең, ерікті зейнетақы шо­тын ашуға болатынын ертерек білгенде қамданар едім, енді зей­неткерлікке шыққанша, мүм­кін­дігім жеткенше ерікті шотқа үзбей ақша салып отыруға тыры­са­мын, – деп бекініп алған Мәкең. Ranking.kz талдау агенттігінің есебіне жүгінсек, 2021 жылдың сәуір айында БЖЗҚ-да 11,5 млн зейнетақы шоты тіркелген. Олар­дың көлемі бір жыл ішінде 9%-ға ұлғайған. Сонымен қатар бір жыл ішінде ерікті зейнетақы шотының салымдары да көбейе түскен. Оның мөлшері 1 мамырда 1 нау­рызбен салыстырғанда 8,7%-ға өс­кен. Ол үш жыл бұрынғы көрсет­кіштен 51,2%-ға өсіп, 2,2 млрд теңге болды. Қазір 44,6 мың ерікті зейнетақы шоты тіркелген. Ал 1 мамырдан бастап мұндай шот ашу ісі автоматты түрде жүзеге асы­рылатын болды. Бұл үшін шотқа алғашқы жарна түссе жетіп жатыр. Бұл жинақтарды иелері бес жыл үзбей жинаған жағдайда кез кел­ген уақыттарында ала алады, сон­дай-ақ баласына, немересіне мұ­раға қалдыра алады. Сөйтіп, аза­мат­тарымыз ерікті зейнетақы шот­тарын ашу арқылы қадірменді қарттықты қамтамасыз етудің қа­мына өздері белсене кірісіп кетті.

Жасы ұлғайған жандардың жағдайы қалай?

Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігінің тапсырысы бойынша жүргізілген сауалнама барысында жасы егде тартқан әрбір бесінші қазақ­­стандық қаржылық қиындықтар көріп отырғанын айтқан. – Ішкі істер органында 25 жыл жұмыс істеп, старшина шенінде зейнетке шықтым, алатын зей­нетақым – 60 мың теңге. Ең­бек өтілі менікіндей, офицер болып зейнетке шыққан­дардың зей­нетақысы 80-85 мың теңгенің үстінде. Қазір бәрі қым­баттап жатқанда ол ақша жан бағуға жете ме? Сондықтан да «Керуен» сауда үйінде орналасқан бір дүкеннің тауарларын жеке көлігіммен тасып беруші болып жұмыс істеймін. Әйелім жұмыс­сыз, төрт баламыз бар. Зейнетақы мен оның жалақысын қосып, әйтеуір күн көріп отырмыз, – дейді Марат Есімқұлов. Осынау қымбатшылық за­манда бойларынан әлі де күш-қуаты қайтпаған, жастары шау тартып тұрмаған орган адамдары қайта осылай амалдай алар. 63 жастан зейнетке шық­қан, денсаулығынан айырылған, зейнетақысы күнкөрісіне әзер жететін басқа мамандық иелері қайтпек? Оның үстіне, жасы келген адамды жұмысқа ала қоятын мекеме оңайшылықпен табыла ма? Олардың ішінде бала-шағасымен қатынасы үзіліп, жалғыз-жарым өмір сүріп жат­қандары қаншама? Мұндай жандар қаржы тап­шылығымен бірге жал­ғызілік­тіктің де қасіретін шегіп жатыр. Олардың жағдайы, әсіресе ін­деттің ушығуына байланысты қатаң карантин режимі жария­ланған кездері тіптен қиын болды десек, қателеспеспіз. Ұзақ уақыт бойы төрт қабырғаға қамалып, жалғыз алданышы – теледидармен ғана қалған адамдардың күйін көзіңізге елестетіп көріңіз. Олар­дың қасында ас-суын, дәрі-дәр­мегін жүгіріп барып алып келіп беретін қолды-аяқты немерелері де жоқ. Ал төтеннен қан қысымы көтеріліп, көзі қарауытып құлап қалса ше? Ондайды ойлаудың өзі қорқынышты. «Қарнымның аш­қанына емес, қадірімнің қаш­қанына жылаймын» деп қазақтың кейитіні осы. Адам басқадан емес, ең бірінші қайғыдан қартайып, аурушаң болады. Мұндай жандар Альцгеймер кеселіне жиі ұшы­райтыны бүгінгі ғылымға белгілі.

Қарттар қамқорлыққа алынған ба?

Қартаң кісілерге мемлекеттік қолдау көрсету туралы көп ай­тылады. Бірақ шын мәнінде оның бәрі жүзеге асырылып жат­қан жоқ. Әлеуметтік қыз­меттер мен еріктілер мұқтаж жандардың бә­рін қамти алмайды. Астанада «109» қызметі бар, бірақ элек­тронды дауыстың «ана түймені басыңыз, мына түймені ба­­сыңыз» деуі кәрі кісілерді аб­­дыратып, олардың көпшілігі бұл қызметті қалауынша пайдалана алмайды. «Қартайғанда бір ба­ла» демекші, мұндай кісілер де жас балалар сияқты қамқор­лыққа мұқтаж. БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік кеңесінің қартаю бойынша Жол картасы жұмыс тобының мүшесі Баян Ахмет­жанованың айтуынша, БҰҰ-да әлем елдері бойынша қартаюдың Жол картасын даярлап жатыр. Бұл құжат жасы ұлғайған адамдарды қолдауға, олардың құқығы мен мүддесін қорғауға және әлеуметтік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Қазақстанда мұндай кешенді құжат жоқ. Бізде, тіпті геронтолог мамандар да өте тапшы. Егер жасы ұлғайған жандар дәрігерге барып, түрлі ауруларын айта бастаса, «бұл кәріліктен ғой» деп бір-ақ кесетінін талай көз көріп жүр. Бірақ бар мәселе кә­рілікте ме? Әлемдік қауым­дастық адамның жасының шау тартуына байланысты ағзасында жүретін түрлі өзгерістерге дауасыз кәрілік деп емес, мерзімдік процесс ре­тінде қарауды меңзейді.

Зейнетке шығу жасына қатысты да түйткілдер бар

Бір қарағанда, бәз біреулер айтып жүргендей, зейнет жасын ұзарту бюджеттің шығындарын үнемдейтіндей болып көрінуі мүмкін. Бірақ ресейлік ғалым­дардың зерттеулеріне сүйенсек, ол керісінше бюджет шығындарын көбейте түсетін түрі бар: зейнет жасын бір жылға ұзарту олардың арасында мүгедектік көрсет­кішін –7-9%-ға, екі жылға ұзарту –15-17%-ға, үш жылға ұзарту 24%-ға ұлғайтады екен. Яғни, тиісінше республикалық бюджеттен мүгедек зейнет­кер­лерге бөлінетін жәрдемақы көлемі артады. Сондықтан қазынаға түсетін жүктемені азайту үшін зейнет жасын ұзарту оңтайлы амал емес екені анық. Сол себепті қауіпті және зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтіндердің зейнет жасын төмендету мәселесі ана­ғұрлым көкейтесті. Бұл санатқа мұ­найшылар, кеншілер, уран өнеркәсібінің жұмысшылары т.б енеді. Бүгінде елімізде 1,5 мил­лионнан астам адам осындай жағ­дайда еңбек етеді. Оған қоса 100 мыңдай адам ауыр еңбекке же­гілген. 2020 жылы кәсіп­орын­дардың әрбір төртінші жұ­мыс­шысының еңбек жағдайы сани­тарлық-гигиеналық шарт­тарға сай келмеген.

Дәулет АСАУ