«Жас кезімде бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» деп тілейтін кез келген адам осы тілеуіне жете ала ма? Барлық саналы ғұмырында ауыр жұмысқа жегіліп, кейін заңды зейнетке шыққан, жасы ұлғайған жандар қадірменді қарттықты бастан кешіп отыр ма? Жалпы, бүгінгі зейнеткердің ахуалы нешік?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 2020 жылы Қазақстанда республикалық бюджеттен базалық зейнетақы төлеуге 772, 3 млрд тг, ынтымақты зейнетақы төлеуге 1 721,5 млрд тг жұмсалған. 2021 жылдың есебінде елімізде зейнеткерлік жасында 2 млн 247 мың адам тұр, ал орташа зейнетақы мөлшері 100 163 теңге деп белгіленген. 2050 жылы зейнет жасындағы азаматтардың саны 3,4 миллионға жетеді деп болжанған. Бұл бүгінгі мөлшерден 1,3 есе көп. Яғни, мұндай жағдайда зейнеткерлердің саны қазіргі жалпы халықтың 7,5% үлесінен 14%-ға дейін ұлғаяды. Осы есепке қарағанда, республикада қартаң адамдардың саны жылдан-жылға өсе беретінін байқауға болады.Ерікті зейнетақы шоттарын ашуға неге мүдделі?
Зейнетке шыққан адамдардың зейнетақы мөлшеріне көңілі тола қоймайтыны жасырын емес. Жоғарыда айтылған 100 мың теңге мөлшеріндегі орташа зейнетақыны көпшілік тек түсінде ғана көреді. Оны не одан анағұрлым көп соманы жоғарғы лауазымда қызмет еткен бұрынғы шенеуніктер, не ерекше жағдайдағы жандар болмаса, көпбалалы аналар ғана алады. «Алтын алқа» белгісінің иегері, он бала тәрбиелеп өсірген Бибіғайша шешей барлық жәрдемақысын қоса есептегенде қолына ай сайын 98 мың теңге тиетінін айтып, шүкіршілік қылуда. Ал осы үйдегі 84 жастағы Сейтбаттал ақсақал ауылда мал дәрігері болып 45 жыл бойы үзіліссіз жұмыс істеп, қазір 70 мың теңге зейнетақы алатынына наразы. Бүгінде жасы ұлғайған адамдардың көпшілігі өздеріне, жақын-жуықтарының көмегіне ғана сүйенеді. Содан шығар, қазір жұрттың көпшілігі БЖЗҚ-дан жинақтарының «артық» бөлігін жаппай алып жатқанда, кейінгі кезде ерікті зейнетақы шоттарын ашатындардың да қатары өсіп келе жатқаны байқалады. Олардың көпшілігі мемлекеттен ертеңгі күні жарытып зейнетақы алатынына сенбейді, сондықтан қарттық жасқа жеткенде зейнетақылары өздерінің қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін еріксіз қосымша шот ашуға мәжбүр болғанын айтады. Жасы елудің жетеуіне жеткен Меңдібай Қасқараев зейнетақыға қосымша қаржы жинауға кеш кіріскеніне өкінеді. – Әттең, ерікті зейнетақы шотын ашуға болатынын ертерек білгенде қамданар едім, енді зейнеткерлікке шыққанша, мүмкіндігім жеткенше ерікті шотқа үзбей ақша салып отыруға тырысамын, – деп бекініп алған Мәкең. Ranking.kz талдау агенттігінің есебіне жүгінсек, 2021 жылдың сәуір айында БЖЗҚ-да 11,5 млн зейнетақы шоты тіркелген. Олардың көлемі бір жыл ішінде 9%-ға ұлғайған. Сонымен қатар бір жыл ішінде ерікті зейнетақы шотының салымдары да көбейе түскен. Оның мөлшері 1 мамырда 1 наурызбен салыстырғанда 8,7%-ға өскен. Ол үш жыл бұрынғы көрсеткіштен 51,2%-ға өсіп, 2,2 млрд теңге болды. Қазір 44,6 мың ерікті зейнетақы шоты тіркелген. Ал 1 мамырдан бастап мұндай шот ашу ісі автоматты түрде жүзеге асырылатын болды. Бұл үшін шотқа алғашқы жарна түссе жетіп жатыр. Бұл жинақтарды иелері бес жыл үзбей жинаған жағдайда кез келген уақыттарында ала алады, сондай-ақ баласына, немересіне мұраға қалдыра алады. Сөйтіп, азаматтарымыз ерікті зейнетақы шоттарын ашу арқылы қадірменді қарттықты қамтамасыз етудің қамына өздері белсене кірісіп кетті.Жасы ұлғайған жандардың жағдайы қалай?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің тапсырысы бойынша жүргізілген сауалнама барысында жасы егде тартқан әрбір бесінші қазақстандық қаржылық қиындықтар көріп отырғанын айтқан. – Ішкі істер органында 25 жыл жұмыс істеп, старшина шенінде зейнетке шықтым, алатын зейнетақым – 60 мың теңге. Еңбек өтілі менікіндей, офицер болып зейнетке шыққандардың зейнетақысы 80-85 мың теңгенің үстінде. Қазір бәрі қымбаттап жатқанда ол ақша жан бағуға жете ме? Сондықтан да «Керуен» сауда үйінде орналасқан бір дүкеннің тауарларын жеке көлігіммен тасып беруші болып жұмыс істеймін. Әйелім жұмыссыз, төрт баламыз бар. Зейнетақы мен оның жалақысын қосып, әйтеуір күн көріп отырмыз, – дейді Марат Есімқұлов. Осынау қымбатшылық заманда бойларынан әлі де күш-қуаты қайтпаған, жастары шау тартып тұрмаған орган адамдары қайта осылай амалдай алар. 63 жастан зейнетке шыққан, денсаулығынан айырылған, зейнетақысы күнкөрісіне әзер жететін басқа мамандық иелері қайтпек? Оның үстіне, жасы келген адамды жұмысқа ала қоятын мекеме оңайшылықпен табыла ма? Олардың ішінде бала-шағасымен қатынасы үзіліп, жалғыз-жарым өмір сүріп жатқандары қаншама? Мұндай жандар қаржы тапшылығымен бірге жалғызіліктіктің де қасіретін шегіп жатыр. Олардың жағдайы, әсіресе індеттің ушығуына байланысты қатаң карантин режимі жарияланған кездері тіптен қиын болды десек, қателеспеспіз. Ұзақ уақыт бойы төрт қабырғаға қамалып, жалғыз алданышы – теледидармен ғана қалған адамдардың күйін көзіңізге елестетіп көріңіз. Олардың қасында ас-суын, дәрі-дәрмегін жүгіріп барып алып келіп беретін қолды-аяқты немерелері де жоқ. Ал төтеннен қан қысымы көтеріліп, көзі қарауытып құлап қалса ше? Ондайды ойлаудың өзі қорқынышты. «Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына жылаймын» деп қазақтың кейитіні осы. Адам басқадан емес, ең бірінші қайғыдан қартайып, аурушаң болады. Мұндай жандар Альцгеймер кеселіне жиі ұшырайтыны бүгінгі ғылымға белгілі.Қарттар қамқорлыққа алынған ба?
Қартаң кісілерге мемлекеттік қолдау көрсету туралы көп айтылады. Бірақ шын мәнінде оның бәрі жүзеге асырылып жатқан жоқ. Әлеуметтік қызметтер мен еріктілер мұқтаж жандардың бәрін қамти алмайды. Астанада «109» қызметі бар, бірақ электронды дауыстың «ана түймені басыңыз, мына түймені басыңыз» деуі кәрі кісілерді абдыратып, олардың көпшілігі бұл қызметті қалауынша пайдалана алмайды. «Қартайғанда бір бала» демекші, мұндай кісілер де жас балалар сияқты қамқорлыққа мұқтаж. БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік кеңесінің қартаю бойынша Жол картасы жұмыс тобының мүшесі Баян Ахметжанованың айтуынша, БҰҰ-да әлем елдері бойынша қартаюдың Жол картасын даярлап жатыр. Бұл құжат жасы ұлғайған адамдарды қолдауға, олардың құқығы мен мүддесін қорғауға және әлеуметтік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Қазақстанда мұндай кешенді құжат жоқ. Бізде, тіпті геронтолог мамандар да өте тапшы. Егер жасы ұлғайған жандар дәрігерге барып, түрлі ауруларын айта бастаса, «бұл кәріліктен ғой» деп бір-ақ кесетінін талай көз көріп жүр. Бірақ бар мәселе кәрілікте ме? Әлемдік қауымдастық адамның жасының шау тартуына байланысты ағзасында жүретін түрлі өзгерістерге дауасыз кәрілік деп емес, мерзімдік процесс ретінде қарауды меңзейді.Зейнетке шығу жасына қатысты да түйткілдер бар
Бір қарағанда, бәз біреулер айтып жүргендей, зейнет жасын ұзарту бюджеттің шығындарын үнемдейтіндей болып көрінуі мүмкін. Бірақ ресейлік ғалымдардың зерттеулеріне сүйенсек, ол керісінше бюджет шығындарын көбейте түсетін түрі бар: зейнет жасын бір жылға ұзарту олардың арасында мүгедектік көрсеткішін –7-9%-ға, екі жылға ұзарту –15-17%-ға, үш жылға ұзарту 24%-ға ұлғайтады екен. Яғни, тиісінше республикалық бюджеттен мүгедек зейнеткерлерге бөлінетін жәрдемақы көлемі артады. Сондықтан қазынаға түсетін жүктемені азайту үшін зейнет жасын ұзарту оңтайлы амал емес екені анық. Сол себепті қауіпті және зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтіндердің зейнет жасын төмендету мәселесі анағұрлым көкейтесті. Бұл санатқа мұнайшылар, кеншілер, уран өнеркәсібінің жұмысшылары т.б енеді. Бүгінде елімізде 1,5 миллионнан астам адам осындай жағдайда еңбек етеді. Оған қоса 100 мыңдай адам ауыр еңбекке жегілген. 2020 жылы кәсіпорындардың әрбір төртінші жұмысшысының еңбек жағдайы санитарлық-гигиеналық шарттарға сай келмеген.Дәулет АСАУ