Қытайда тараған коронавирустың салдарынан кейінге шегерілген екі маңызды жарыс бар болса, соның бірі – футболдан Еуро-2020 чемпионаты. Былтыр маусым айының 12-і мен шілденің 12-і аралығында өтуі тиіс болған дүбірлі доп додасы, өткен жылдың шілде айында жалауы желбірейді деген Токио Олимпиадасы да жақында басталады. Бір сөзбен айтқанда, биылғы жаз айы спорт жанкүйерлері үшін мерекеге толы болғалы тұр.
11 маусым мен 11 шілде аралығында өтетін Еуропа чемпионатына бір аптаға жуық уақыт қалды. Құрамалар турнирге тастүйін дайын. Чемпионатты өткізетін қалалар да футболмен тыныстап тұр. A тобындағы ойындар Рим және Баку қалаларында, B тобындағы ойындар Копенгаген мен Санкт-Петерборда, C тобындағы ойындар Амстердам мен Бухарестте, D тобындағы ойындар Лондон мен Глазгода, E тобындағы ойындар Севилья мен Санкт-Петерборда, F тобындағы ойындар Мюнхен мен Будапештте өтеді. Бұған дейін Еуропа чемпионатын Испания мен Германия құрамалары өзара 3 рет жеңіп алған. Ал кубоктың қазіргі иесі – Португалия құрамасы. Көптеген спорт сарапшыларының ойынша, көптен күткен Еуро-2020 додасын Англия, Франция не Бельгия құрамаларының бірі жеңуі мүмкін екен. Жасыратыны жоқ, бұл құрамалардың деңгейі өзгелерге қарағанда бір бас жоғары. Испания мен Германияның да, Нидерланд пен Италияның да турнирді жеңіп алуға мүмкіндіктері жоқ емес. Дегенмен бұл құрамалар сапында біраз өзгеріс бар. Буын алмасу процесі жүріп жатыр. Португалияның да құрамы мықты ойыншылармен жасақталған. Ресей мен Украина бұл турнирдің ортаңқол құрамалары санатында. Букмекерлік кеңселер Станислав Черчесов пен Андрей Шевченко баптайтын құраманың жеңісіне сенбейді. Оны Ресей мен Украинаның жеңімпаз болады дегеніне 67 коэффициент беріп тұрғанынан аңғаруға болады. Бәлкім, букмекерлік орталықтар Еуро-2016-да Ресей мен Украина өз топтарында соңғы орын алғанын есепке алған шығар. Осындай елеусіз құрамалардың әр чемпионат сайын бір жарқ ететінін де естен шығармаған абзал. Оған Еуро-2016-да Англияның 1/8 финалда Исландиядан өте алмағаны, Францияның финалда Португалиядан, Бельгияның ширек финалда Уэльстен жеңілгені анық дәлел. Қазақстан футболының ардагері Юсуп Шадиев Еуро-2020 турнирін үш құраманың ұтуға мүмкіндігі жоғары деп санайды.– Бұл жолы Еуропа чемпионатын Франция, Германия, Англия құрамаларының бірі жеңуі мүмкін. Бельгия да мықты. Бірақ олар бұл жолы алысқа бара алмайтын сияқты. Әлем чемпиондары Франция құрамасының әр футболшысы өзінше бір жұлдыз. Арасында жастар да көп. Испания сапында біраз өзгеріс бар. Нидерланд та тосынсый жасай алатын құрама. Италия да осал емес. Сондықтан бізді алда тартысты ойындар күтіп тұр. Футболда бәрі де болуы мүмкін. Доп дөңгелек. Қай құраманың жұлдызы жанатынын дөп басып айту қиын. Маған негізі неміс футболы ұнайды. Сондықтан Германияға жанкүйерлік танытамын, – дейді Юсуп Шадиев.
Тағы бір қазақ футболының ардагері Құралбек Ордабаев: «Алдағы екі-үш турдан кейін құрамалардың деңгейі көріне бастайды, сол кезде нақ қай құрамының жеңіске жететінін шамалап айтуға болады. Дәл қазір ешкімді бөліп жарғым келмейді. Өйткені пандемиядан кейін құрамалардың қай деңгейде екенін анық аңғару қиын» деп алдын ала болжам жасағысы келмейтінін айтты.
Қалай дегенмен де барлық топтағы ойындар өзінше тартысты болары сөзсіз. Десе де, футбол сарапшылары мен жанкүйерлері соңғы F тобындағы ойындарды үлкен қызығушылықпен қарары анық. «Өлім тобында» әлем чемпионы – Франция, өткен Еуропа чемпионатының жеңімпазы – Португалия, барған додасынан жүлдесіз қайтпайтын – Германия секілді кіл мықтылар жиналған. Ал топтың аутсайдері – Венгрия. Оның өзі Еуропада ортаңқол ұжымдардың бірі саналады. Қос чемпион мен «Бундестим» арасындағы ұпай үшін талас талай жанкүйердің делебесін қоздырары анық. Оған қоса, сапында кіл «сен тұр, мен атайындар» жиналған құрамалардың «жан алысып, жан беріскен» ойындары Еуропа чемпионатының көркін қыздыра түсетініне ешкім күмән келтірмейді. Бізді D тобында да қызыққа толы ойындар күтіп тұр. Жүлде алудан үмітті Англия мен Әлем чемпионатының финалисі Хорватияға Еуропаның орта деңгейлі құрамалары – Шотландия мен Чехия қарсылық көрсетіп бағады. Қалған 4 топтағы жағдай біркелкі. Бір фаворит пен бір-бірімен шамалас құрамалар жиналған. Дегенмен бұл төрт жылда бір келетін, әрбір футболшының армандаған жарысы екенін естен шығармаған жөн. Мұндай дүбірлі додада кез келген ұжым үздік ойынымен көзге түсіп, ұпай алуды, жеңіске жетуді көздейді. Осы ретте айта кетейік, Франция құрамасына ұзақ үзілістен соң «Реал Мадрид» командасының шабуылшысы Бензема қайта шақырту алды. Солтүстік Македония құрамасында ойнайтын ардагер футболшы Пандев үшін де бұл құрамадағы соңғы турнир десе де болады. Құрамасын Еуропа чемпионатына алып шығуға македониялық шабуылшының сіңірген еңбегі орасан зор. Златаны бар Швецияның да қауқары турнирдегі бірқатар құрамаларға жетеді. Өзге құрамаларда да ауыс-түйіс, өзгеріс көп. Сондықтан пандемиядан кейінгі Еуропа чемпионаты түрлі тосынсыйларға толы болатынына сенеміз. Еске салайық, топтық кезеңде 1-2-орын алған 12 команда плей-офф кезеңіне өтеді. Екінші айналымға тағы 4 жолдама 3-орын алған командалар арасында ең жақсы көрсеткішке ие 4 командаға беріледі.