Полицияға Қазақстанның 12 өңірінен 210 адам арызданған: Нұр-Сұлтаннан 2 адам ұсталды
Полицияға Қазақстанның 12 өңірінен 210 адам арызданған: Нұр-Сұлтаннан 2 адам ұсталды
106
оқылды
Қостанай облыстық Полиция департаментінің киберқылмыспен күрес бөлімінің қызметкерлері Нұр-Сұлтан қаласының 26 және 32 жастағы тұрғынының қылмысын әшкереледі.  Қостанай облыстық полиция департаментінің мәліметінше, елорданың екі тұрғыны 2020 жылдың қазан айынан бастап 2021 жылдың сәуіріне дейін азаматтардың әлеуметтік желі арқылы тапқан жеке мәліметтерін пайдалана отырып, микронесиелік ұйымның бірінен онлайн кредит рәсімдеген деген күдікке ілінді. Бұл алаяқтық әрекеттен 210 адам зардап шеккен. Олар елдің 12 өңірінде тұрады. Қарыз сомасы 70 мыңнан 300 мың теңгеге дейінгі соманы құраған. Күдіктілер ақшаны Қазақстанның түрлі банктерінің виртуалды карталарына шығарып отырған. Кейіннен оны жеке қажеттіліктері үшін және букмекерлік кеңселерде жаратқан. Қостанай облыстық ПД бастығының орынбасары Қайрат Дүйсембековтің айтуынша, көпшілігі өз мойнындағы несиесі жайлы құқық қорғау органдары қызметкерлерінен білген. Ал қалғандары микронесиелік ұйым жұмысшыларынан естіген. Мәселен, Ақтөбе тұрғыны қарыз жайлы Қостанай облысы полиция департаменті киберқылмыспен күрес бөлімінің қызметкерінің қоңырауынан кейін білген. Жалпы келтірілген залал 26 млн теңгені құрап отыр. Қазір күдіктілер Қостанайдағы тергеу изоляторында қамауда отыр.