Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Әзербайжан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Рашад Маммадовты қабылдады.
Тараптар екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамыту төңірегінде ортақ ойларымен бөлісті. Сондай-ақ кездесуде Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы әріптестікке қатысты бірқатар мәселе талқыланып, палата Спикері елшіге екі ел қарым-қатынасын, соның ішінде парламентаралық байланысты нығайтуға зор үлес қосқанын атап өтті. Палата Төрағасы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елдер арасындағы бауырластық қарым-қатынастарды нығайтуға күш салып, Әзербайжанмен өзара байланыстың ерекше маңызына назар аударатынын айтты. Сонымен қатар Нұрлан Нығматулин Әзербайжан Қазақстанмен стратегиялық серіктес ел ғана емес, бауырлас мемлекет екенін, бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бакумен ынтымақтастыққа ерекше мән беретінін алға тартты. – Біздің елдеріміз басшыларының келісімдері нәтижесінде көптеген бірлескен жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бұл Қазақстан мен Әзербайжан ғана емес, аймақтағы басқа елдердің де дамуына жаңа серпін берді, – деді Мәжіліс Төрағасы. Өз кезегінде мәртебелі мейман Қазақстанмен барлық салада әріптестік орнатып, парламентаралық өзара іс-қимылды жандандырып, сондай-ақ сауда-экономикалық қатынастың берік негізі қаланғанына тоқталды. Нұрлан Нығматулин мен Рашад Маммадов парламентаралық диалогті нығайту Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға ықпал ететініне сенім білдірді.Гүл БЕКЗАТ