Алматының «сары аймаққа» енуіне байланысты бүгіннен бастап қаладағы сауналар, курорттық орталықтар, базарлар мен сауда орталықтары жұмыс істеуге мүмкіндік алды.
Нақты айтқанда, кеше өткен онлайн брифингте Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин жаңа қаулыға енгізілген өзгерістерді атап өтті. – Біз объектілерді Ashyq қосымшасына қатыспайтын және Ashyq қосымшасына қатысатын нысандар деп екі блокқа бөлдік. Айталық, қоғамдық тамақтану орындары сағат 00.00-ге дейін жұмыс істей алады, бірақ орындар саны 60-қа дейін болу керек. Сонымен қатар ас беруге рұқсат етіліп жатыр, бірақ шақырылған адамдар саны 50-ден аспауы шарт. «Қызыл аймақта» болған кезде боулинг орталықтарына келушілер саны 30 пайыздан аспайтын көлемде жұмыс істеді, ал қазір бұл көлем 50 пайыздан аспауы тиіс. Яғни, бильярдпен бірдей. Театрлар, кинотеатрлар адам қабылдау көлемінің 40 пайызы деңгейінде жұмыс істей алады, бұрын ол 30 пайызды құрады, – деді Жандарбек Бекшин. Сондай-ақ ол кезекші топтарда енді 25 баладан оқи алатынын (алдында 15 бала болған) жеткізді. Кеңсе қызметкерлерінің 50 пайызына оффлайнда жұмыс істеуге рұқсат. Ал жабық және ашық базарлар ешқандай шектеусіз (алдында олардың жұмысына сенбі, жексенбі күндері тыйым салынған) жұмыс істей алады. Бұдан былай Ashyq жобасына қатысатын сауналар, курорттар, спорт кешендері, фитнес орталықтар, йога орталықтары да шектеусіз жұмыс істемек. Жаңа қаулы 8 маусымда күшіне енеді.Ерік ЕЛЕУСІЗ