Павлодар облыстық мәслихат депутаты Серік Сәдуақасовтың төрағалығымен «Nur Otan» партиясы Павлодар облыстық филиалы жанындағы экономиканы дамыту және кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі өңірлік қоғамдық кеңестің бірінші отырысы өтті.
Қатысушылар қеңес жұмысының мақсаты мен міндетін талқылап, алдағы жылға арналған жұмыс жоспарын бекітті. Сондай-ақ өңірлік кеңес мүшелері Павлодар облысы бойынша партияның сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасының өзекті мәселелерін талқылады. – Біздің кеңестің басты мақсаты – бірінші кезекте, барлық деңгейдегі Жол карталарының негізгі индикаторларына қол жеткізу. Біздің Жол картамыздың бағыттары – «Қолайлы экономикалық орта» және «Мықты кәсіпкерлер». Екінші маңызды міндет – өңіріміздің экономикасын одан әрі дамыту және кәсіпкерлікті қолдау үшін практикалық ұсынымдар әзірлеу, – деп атап өтті кеңес төрағасы Серік Сәдуақасов. Отырыс барысында Павлодар облыстық Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Айбек Тұрсынғалиев кеңес мүшелеріне бизнес үшін кедергілерді жою және өңірдегі бәсекелестікті дамыту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді. Ал «Атамекен» ӨКП директорының құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары С.Әубәкіров қатысушыларды «Атамекен» ӨКП кәсіпкерлерді қолдау бойынша жүргізіп жатқан жұмыстары туралы хабардар етті.Әбілмансұр ЖАСАН