Парламент жұмысы жаңа сапалық деңгейге көтерілді – Самат Мусабаев
Парламент жұмысы жаңа сапалық деңгейге көтерілді – Самат Мусабаев
126
оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VII ша­қы­рылымдағы Парла­менттің бірінші сессиясының ашы­луында кешенді реформалар жетістікке жетуі үшін рефор­маларды сапалы заңдар ар­қылы жүргізу керегін ескерт­кен еді. Сол үшін біз бизнес жағдайы, жол сапасы, жастар мәселесі де­гендей көкейдегі сұрақтардың жауа­бын білуге тырыстық. Бұл тұр­ғыда Пар­ламент Мәжілісі Эко­номика­лық ре­форма және өңірлік да­му коми­тетінің мүшесі, «Nur Otan» партиясы фракция­сы­ның де­путаты Самат Мусабаев­пен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Самат Базарбайұлы, қазір Парла­ментте Мемлекет басшысының реформа­ларды сапалы заңдар арқылы жүргізу туралы талабы қаншалықты орындалып жатыр? – Мемлекет басшысының «Реформа­ларды сапалы заңдар арқылы жүргізу – ұзақмерзімді жетістікке жетудің басты шарты» дегені рас. Дер кезінде әзірленіп, қабылданған сапалы заңдар ел өмірінің маңызды салаларын дамытуға тікелей ықпал етеді. Парламент өз қызметінде осы принципті басшылыққа алады. Кез келген заң жобасы Парламент қабыр­ғасында жіті қаралады. Оны қарау ісіне тек депутаттар қатыспайтыны түсінікті. Біз заңның сапалы әзірленуі үшін міндетті түрде жұмыс топтарын құрып, оларға сол саланың мамандарын, сарапшыларды, мүдделі тараптарды толық тартамыз. Комитет отырыстарында тағы зерде­лейміз. Міне, осындай жан-жақты тал­қылаулардан және тиянақты сараптау­лардан кейін заң жобасы жалпы отырысқа шығарылады. Жалпы, Парламент жұмысы жаңа сапалық деңгейге көтерілгенін атап өткім келеді. Өзіңізге белгілі, 2017 жылы Ата Заңымызға маңызды өзгерістер енгізіліп, Пар­ламент заң шығару билігiн жүзеге асыратын ең жоғары өкiлдi орган болып айқындалды. Осының арқасында Пар­ламент пәрменді бола түсті. Оған дәлел, бүгінде депутаттардың тікелей бастама­сымен әзірленетін заң жобаларының са­ны артып келеді. Мысалы, біздің шақы­рылымның қарауына бүгінге дейін 32 заң жобасы келіп түссе, соның 9-ына депутат­тардың өзі бастамашы болған. Бұл де­геніміз шамамен 30 пайызға жуық. Өз ба­сым, бұл жоғары көрсеткіш деп есеп­теймін. – Сондай-ақ Президент Тәуелсіздіктің 30 жылдығында кешенді реформалар жүргізілетінін айтқан еді. Оны заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету жұмыстары қолға алынды ма? – Парламент жұмысының негізгі мақсатының бірі – Мемлекет басшысы­ның бастамаларын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету. Президентіміз сессияның ашылуында елді жаңғырту бастамаларын халыққа жария етіп, олардың іске асы­рылуында Парламенттің рөлі айрықша екенін атап өткен болатын. Бұл бағытта біз жүйелі жұмыс жүргізіп келеміз. Бүгінде Парламент қабырғасында жер мәселесі, мемлекеттік басқару, саяси, әлеуметтік-экономикалық бағыттар бойынша маңызды заңдар қаралып, қабылданды. Мысалы, жер дауына нүкте қойылды. Жер қатынастарына қатысты заңға қажетті өзгеріс енгізілді. Халқымыз үшін жер – экономикалық көрсеткіш емес, қастерлі ұлттық құндылық. Бұл – стратегиялық маңызы бар мәселе. Сол себепті ауыл шаруашылығы мақсатын­дағы жерлер шетелдіктерге сатылмайды әрі жалға берілмейді деген норманы қабылдадық. Бұдан былай Қазақстан аза­маттығынан бас тартқандар да, құрамына шетелдіктер кіретін қазақстандық заңды тұлғалар да ауыл шаруашылығы жерлеріне иелік ете алмайды. Осылайша, жер мә­селесі өзінің заңнамалық шешімін тапты деуге толық негіз бар. Елімізде саяси реформалар да жал­ғасын тауып келеді. Оған «Сайлау туралы» заңға енгізілген маңызды өзгерістер дәлел. Бұдан былай саяси партиялар бұрынғыдай 7 пайыз емес, 5 пайыз дауыс жинап та Мәжіліс пен мәслихаттан орын иелене алады. Сонымен қатар сайлау бюллетеніне «Бәріне қарсымын» деген графа енгізіледі. Мұның барлығы еліміздегі саяси бәсекенің күшеюіне және саяси жүйеміздің демократиялана түсуіне жол ашады. Сонымен бірге Президентіміз мем­лекеттік басқарудың жаңа моделін енгізу айрықша маңызды екенін айтқан бо­латын. Осы бағыттағы реформалар жүйені байыппен орталықсыздандыруды қам­тиды деген еді. Бұл бағыттағы өзгеріс­тер, көпшілік мән бере бермесе де, экономикалық өсімді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Біз байыппен орталықсыздандыру саясатын төменнен бастадық және бұл жүйелі түрде жалғасатын болады. Біз бұл бағыттағы реформаларға заңнамалық платформа қалыптастырып жатырмыз. Жуырда Мәжіліс ауыл әкімдерін сайлауға мүмкіндік беретін заң жобасын мақұл­дады. Биылдан бастап ауыл әкімін халық тікелей дауыс беру арқылы сайлайды. Сайлауға азаматтар өздерін ұсына алады, саяси партияларға да өз кандидаттарын қатыстыруға мүмкіншілік туып отыр. Қазір еліміз бойынша 2 345 ауыл әкімі болса, биылдың өзінде олардың 836-сын немесе 36 пайызын халықтың өзі сай­лайтын болады. Жергілікті өзін-өзі бас­қару құрылымын күшейтетін бұл бас­таманың түпкі мақсаты да мемлекеттік басқаруды жетілдіру. Экономикалық дамуды қамтамасыз ету бойынша да заңнамалық жұмыс жүргізілуде. Олардың қатарында бизнесті жүргізуге қолайлы жағдай жасауға, квази­мемлекеттік сектордың функцияларын қайта қарауға, өнеркәсіп саясатын жаңа­дан жасақтауға бағытталған іргелі заң жобалары бар. Алдағы уақытта Парламент қабыр­ғасына Мемлекет басшысының елді жаңғырту жоспарына сәйкес жаңа аса маңызды заң жобалары келіп түседі. Олардың ішінде мемлекеттіліктің ма­ңызды шарты – заң үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған заң жобаларының пакеті болады. Олардың қатарында сот жүйесін жаңғырту, құқық қорғау қызметін өткеру, құқық қорғау және сот құрылым­дарының арасындағы өкілеттіліктің ара­жігін айқындау, ішкі істер органдарын, конс­титуциялық құқық, азаматтық құ­қық саласындағы заңнамаларды жетілдіру бойынша құқықтық-нормативтік құ­жаттар бар. – Ал бизнеске қолайлы жағдай жасау барысы қалай? – Бизнес ахуалын жақсарту және оны дамыту – маңызды міндет. Өзіңізге жақсы белгілі, еліміз алдағы бес жылдың ішінде бизнестің экономикадағы үлесін 35 пайызға жеткізуді көздеп отыр. Дамыған елдерде бұл үлес 50 пайыздан кем емес. Сондықтан бұл бағытта атқарылуы тиіс жұмыс әлі де жеткілікті. Жаһанды жайлаған пандемия отандық бизнес секторына өте ауыр тиді. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының мәліметі бо­йынша, өткен жылы елімізде 30 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі өз жұмысын тоқтатқан. Мұндай кризистік жағдайда мемлекет бизнесті қолдау шараларын іске асырды. Жеңілдетілген кредит беру бағдарламасы қабылданды. Өткен жылы бизнес субъектілеріне 1 триллион теңгеден астам жеңілдетілген қаражат берілді. Бұл – үлкен қолдау. Дегенмен эпидемиологиялық жағдай тұрақталып кете қойған жоқ. Сондықтан бизнесті кешенді қолдау шаралары жалғасуы керек деп есептеймін. Ал депутаттық корпус бизнесті қолдау бойынша бірқатар заң жобасын қарады. Оларға Президентіміз қол қойды. Мысалы, квазимемлекеттік сек­тордың мемлекеттік сатып алулары туралы заңды алайық. Бұрын ұлттық ком­паниялар мен мемлекеттік холдинг­тер сатып алуларды өзінің ережелері негізінде жүргізіп келген. Бұл бизнес өкіл­дері үшін түсініксіз жағдай мен ке­дергілердің туындауына себеп болатын. Бұдан былай мұндай ком­паниялардың сатып алулары ортақ ере­жеге бағынады. Сонымен қатар бизнес өкілдері тап­сырыс берушілердің шешім­деріне, әре­кеттеріне көңілі толмаса, оңай шағым­дана алады. Бұл да болса бизнеске жа­салған қолдау. Сонымен бірге рейдерлікке қарсы күресті күшейту, кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың заңсыз араласуынан қорғау бойынша заң қабылданды. Тұңғыш рет елімізде депутаттардың бастамасымен әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған заң қолданысқа енгізілді. Бұдан былай әлеуметтік кәсіп­керлікпен айналысушыларға кадрларды даярлағаны және олардың біліктілігін арттыруға кеткен шығындары үшін салықтық жеңілдіктер қарастырылады. Бұл, бір жағынан әлеуметтік кәсіпкер­лерді, ал екінші жағынан мүгедек жан­дарды қолдауға бағытталған заңнама. – Жол сапасы да еліміздегі өзекті мәселенің бірі ғой. Сіздің бұл бағыттағы жұмыстарға көңіліңіз тола ма? – Жерінің аумағы алып, халқының саны аз елімізде жол мәселесі қашан да өзекті. Осынау алып территорияны бай­ланыстыру, байланыстырып қана қоймай инфраструктураны тиісті деңгейде ұстап тұру өте қиын шаруа. Бәрімізге белгілі, Елбасының баста­масымен «Нұрлы жол» бағдарламасының аясында 2015-2020 жылдары респуб­ликалық маңызға ие 13 мың, жергілікті мәнге ие 15 мың авто салынған және жөн­деуден өткен еді. Міне, осы бағдар­ламаның заңды жалғасы ретінде авто­мобиль жолдарын дамыту жұмысы жал­ғасуда. Әсіресе, алдағы уақытта облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды дамыту – басты мақсат. Бұл үшін бюджеттен 1 триллион теңге бөлінбек. Бұл мәселе Мемлекет басшысының да жіті бақылауында. Біз бұл жерде сапаға мән беруіміз керек және бұл мәселені депутаттық корпус үнемі назарда ұстауы қажет деп ойлаймын. Себебі бүгінде жол салу не жөндеу үшін ең төмен баға ұсынған компания сатып алуды жеңіп алады. Бұл сапаның төмендеуіне әкеп соқ­тырады. Сондықтан бұл мәселеде біз компа­ниялардың тәжірибесіне және олардың жаңа технологияларды пайдалануына баса мән беруіміз керек. – Енді жастар мәселесіне ойыссақ, оларға қаншалықты деңгейде жағдай жасалған деп ойлайсыз? – «Nur Otan» партиясының 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасында бұл мәселе қаралған. Қазір елімізде 29 жасқа дейінгі 3,8 миллион жас бар. Олардың жартысынан көбі жұмыспен қамтылған. Ал олардың ең өзекті мәселе­сі – тұрғын үй. Бұл күрделі мәселеге ке­шенді көзқарас керек. Партиямыздың Жол картасына сәйкес, алдымызға 15 мың жас азаматты жалдамалы пәтермен қамтамасыз ету жоспарын қойып отырмыз. Сонымен қатар қойылған міндеттерге қол жеткізу үшін «Алматы жастары», Elorda jastary сынды бағдарламалар лайықты жал­ғасуы тиіс. Осы жылдың соңына дейін мұндай бағдарламалар тағы үш өңірде әзірленбек. Міне, біз осы жұмыстардың орындалуын бақылауда ұстайтын бола­мыз. – Әңгімеңізге рақмет!  

Сұхбаттасқан Еркеғали БЕЙСЕН