Қазір Тәуелсіздік құрдастары орда бұзар 30-ға келді. Әрқайсысы өзінше жетістікке жетіп, еліміздің дамуына үлес қосып жүр. Қазақстан егемен 30 жылдың ішінде дамудың даңғыл жолына түссе, тәуелсіздік құрдастары да сан саланы меңгерді. Бірі – өнерде, екіншісі – спортта, ендігі бірі мемлекеттік қызметте барынша еңбек етіп жүр.
Еңбек бәрін жеңбек
– Мен кәсіпкерлікке 20 жасымда келдім. Ең алғашқы кәсіп көзін өзімнің жеке сұлулық салонымды ашумен бастадым.Уақыт өте кәсібімді кеңейтіп бірнеше филиалдар ашып еңбегімнің жемісін көріп,2014 жылдың «Ең үздік әйел кәсіпкері» атандым. Уақыт өте келе бала арманымның орындалуына әрекет жасадым. Бала кезден ер азаматтардың костюміне деген қызығушылығым бар болатын. Сол қызығушылығымды оятқан менің музам – Елбасы. Қазақстанда әйел азаматшаларды киіндіретін отандық дизайнерлер өте көп ,ал ер азаматтар үшін отандық костюм тігетін белгілі дизайнерлер жоқ десе де болады. Ал мен жоқты бар етуді жаным жақсы көреді. Үлкен еңбектің арқасында бұл арманыма да қол жеткіздім. Қазіргі таңда өзімнің жеке ерлерге арналған A I Z H A N I костюмдер брендім бар.Оңай болмады, әрине. Отандық өнімге сыншы көп болды. Құлап тұрған күндерім әлі есімде. Осы жылдар ішінде бизнесімді өрге домалату үшін басымнан түрлі қиындық өтті. Бірақ мойығаным жоқ. Білген жанға еңбектің наны тәтті. Меніңше, қиындықтан қашпай, барынша алға ұмтылу керек. Еңбек бәрін жеңбек! Әрине, осы тұста тәуелсіз елде өмір сүрудің өзі жаңа мүмкіндіктер ашатынын айтқым келеді. Тәуелсіздіктің құрдасы ретінде жас ұрпақты ұлттық өнімді қолдап, елдің дамуына үлес қосуға шақырамын.Елге қызмет – абыройлы міндет
– Тәуелсіздіктің төл құрдасымын. Отбасымызда төрт ағайындымыз. Бақытты балалық шағымды ата-анамның құшағында, аға-әпкелерімнің ортасында алаңсыз өткіздім. Бұл елдегі тыныштық пен тәуелсіздіктің арқасы деп ойлаймын. Тәуелсіздік – бабалар аңсап, кейінгі ұрпақтың қолы жеткен баға жетпес сый. Тәуелсіздік таңымен түлеген ұрпақ болғандықтан құлашымды кең ашуға тырысамын. 2011 жылы Ақтөбе облыстық Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық құтқару мемлекеттік мекемесінің №4 өрт сөндіру бөліміне радиотелефоншы қызметіне тағайындалдым. Бұл өмірде адам өмірін айқындайтын екі нәрсе бар. Бірі – жолдасы, екіншісі – мамандық. Егемен елдің азаматы ретінде парызыма адал болуға талпынамын. Мекемеде қызмет етіп жүргеніме 10 жыл болды. Жұмыстан тыс қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысамын. Спорт түрлерімен айналысып, сайыстарға қатысып, жүлделі орын иеленгенім бар. Біразы радиотелефоншы қызметін түсінбей жатады. Жалпы, радиотелефоншы – өрт сөндіруші-құтқарушылар мен қиындыққа тап болған адамды байланыстыратын алтын көпір сияқты. Телефон арқылы хабарлама қабылдай отырып, радиотелефоншы өтініш берушіден күштер мен құралдарды жіберуге қажетті барлық бастапқы ақпаратты анықтайды. Қоңырауды қабылдап, жауап беру уақыты бір минуттан аспайды. Мәселен, радиотелефоншы бір өрт туралы 10-ға жуық қоңырау қабылдауы мүмкін. Сондықтан көшелердің атауы мен орналасқан жері, әлеуметтік маңызы бар объектілер, олардың қабат санынан бастап, тек өрт сөндіру бөлімінің ғана емес, басқа да жабдықтар туралы мәліметті есте сақтау керек. Осындай қиындығы мен қызығы қатар жүретін қызметте болашақ жарымды жолықтырдым. Ол – азаматтық қорғау аға лейтенанты.Тәуелсіздік – тәтті ұғым
– «Елдің ертеңі – жастар» десек, жастардың жүйрік ойлы, зерек те жан-жақты, әділетті де бәсекеге қабілетті болып өсуі – басты мақсат. Сол үшін оқушыларды математика мен физикаға бейімдеп, оқытуды қолға алдым. Оларды зерттей жүріп, ойлау қабілетін дамытып, жеңіл есеп шығаруға бейімдеу үшін «Математика – Логика» кітабын жаздым. Әрбір мектеп оқушысына қырағы ойлай білудің жетістікке апарар басты жол екенін түсініп, жастармен кездесу өткіздік. Талпыныстарын байқап, бейімдедік. Қазір курс өткізіп, кейбірін жеке дайындауды қолға алдым. Бұдан бұрын мектепте қызмет еткенім бар. Осы жылдар ішінде біршама тәжірибе жинап, білген-түйгенімді оқушыларға үйретіп жүрмін.Жастарға барынша қолдау бар
– 2012-2018 жылдар аралығында халықаралық қазақ-түрік университетін стоматолог мамандығы бойынша бітірдім. Еңбек жолын Көкшетау қаласынан бастадым. Жас маман ретінде Жітіқараға қоныс аударып, аудандық ауруханаға жұмысқа орналастым. Мұнда маған пәтер берілді. Осылайша, алаңсыз жұмыс істеуге қажетті барлық жағдай жасалды. Мемлекет біз сияқты жас мамандарға аз көмектесіп жатқан жоқ. Баспана беріп, көшіп келуге арналған қаражатты қолыма ұстатты. Қысқасы, мемлекетіміздің тигізген шарапаты мол. Биыл өз қаражатыма тіс емдеу орталығын аштым. Орталық заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Емханада тістің ауыру себебін немесе басқа да кемшіліктерін анықтап беретін арнайы құрылғы да бар. Соның арқасында келушілерге жылдам әрі сапалы қызмет көрсетеміз. Емдеу бағалары да қолжетімді. Ең бастысы, тұрғындардың барлығы да жұмысыма дән риза. Оның үстіне, елдегі медицина саласы қарыштап дамып келеді. Жаңа ауруханалар бой көтерді. Оларға жаңа заманауи қондырғылар мен жабдықтар қойылған. Дәрігерлерге мемлекет тарапынан нақты қолдау көрсетіледі. Мұның бәрі сайып келгенде, Тәуелсіздіктің арқасы.Әр істі абыроймен атқарған жөн
– Қарағанды облысы Шет ауданы Ақадыр кентінде 1991 жылы 1 мамырда дүниеге келдім. Тәуелсіздіктің құрдасы болғаным – мен үшін мақтаныш. Егемендік бізге теңдікпен қатар көптеген мүмкіндік сыйлады. Мемлекет тарапынан, әсіресе жастарға білім алу, әлеуметтік жағдайын жақсартуға баса назар аударып отыр. Тәуелсіздіктің арқасында замандастарыма әлемнің кез келген елінде оқимын, саяхаттаймын десе де жол ашық. Сондықтан жастарға мүмкіндік көп. Біз мүмкіндіктерді пайдалана отырып, елге қызмет етуге әрдайым әзірміз. Теміржол – қан тамырдай тарамдалғанымен, бір-біріне жіпсіз байланған күрделі әрі маңызды сала. Ел экономикасының күретамыры – теміржолда жұмыс істеуге бала күннен қызығатынмын. Теміржолшылардың күні-түні үзіліссіз, қарбаласқа толы әрбір күнгі еңбегі ерлікпен пара-пар. Кейінгі жылдары біздің салаға жаңа технологиялар қолданысқа кеңінен енгізіліп жатыр. Цифрландыру жұмысымызды жеңілдетті. Жолаушылар да қызмет көрсету саласындағы жаңалықтарды үйреніп, қажетіне жаратып жатқанына қуанамын. Біздің елде де теміржол саласын дамытуға, шетелдегідей жағдай жасауға көп көңіл бөліп отыр. Қазір Екібастұзда жұмыс істеймін. Еңбек жолымды Ақадыр кентінен бастадым. Үш ай бұрын Екібастұзға ауысып келдім. 2011 жылдан бері теміржол саласында еңбек етемін. Халыққа қызмет ету – парызым. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында әрбірінің аңсаған арманына, көздеген мақсатына жетуіне тілектеспін.Дайындаған Айзат АЙДАРҚЫЗЫ