Жыл басынан бері жанар-жағармай бағасы 12-13%-ға өскен. Әсіресе, сәуір айында бензиннің барлық маркісі мен дизель отынының құны орташа алғанда 10-15 теңгеге бір-ақ көтеріліп, нарықта дүрбелең туғызды. Дегенмен мамыр айында баға тұрақтап тұр. Осы мақалада «жанар-жағармай бағасының қымбаттауына не түрткі болды, алдағы уақытта оның тағы қымбаттауы мүмкін бе?» деген сауалға жауап іздеп көрдік.
Жанар-жағармай бағасының қымбаттауының бірнеше себебі бар. Оның негізгілері: еліміздегі екі мұнай өңдеу зауытының жөндеуге тұруы, импорттық шикізаттың артуы және экономикалық дағдарыс.Бағаның өсуіне не түрткі болды?
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғариннің айтуынша, жанар-жағармайдың қымбаттауына ең алдымен былтыр мұнай өнімдеріне акциз құны көтерілуі себеп болған. Мәселен, 2020 жылы жағармайдың акциздік мөлшерлемесі 2,5 есе өскен, тәуелсіз сарапшылар сол кезде бензиннің сатылымы да қымбаттайды деп күткен еді. Бірақ карантиннің әсерінен ел экономикасында белсенділік баяулады да, бензинге қатты сұраныс тумады, сол себепті баға да қымбаттаған жоқ. Одан бөлек, жыл басынан бері мұнай өңдеу зауыттарының шикізатты өңдеу құны 3 рет өсті, кейінгісі – мамыр айының басында ол 2,7 %-ға артты. Осыған орай, биыл тұтыну көлемі артқанда, кейінге шегерілген үстеме құн өнім бағасына қосылды. Бұл – бірінші себеп. Екіншіден, Атырау мұнай өңдеу зауыты жоспардан тыс 1,5 ай жөндеуге тұрып қалды. Зауытты жөндеу жұмыстары 5 сәуірде аяқталуы тиіс еді, бірақ ол тек сәуір айының соңында ғана іске қосылды. Бұл ішкі нарықтағы жанар-жағармайды, оның ішінде жұрт жаппай тұтынатын АИ-92 маркалы бензин өндірісін екі есе азайтып жіберді. Одан бөлек, Шымкент мұнай өңдеу зауыты 1 мамырдан 10 маусымға дейін жоспарлы жөндеуге тоқтады. Мұның бәрі қымбатшылыққа ұрындырғаны сөзсіз.Ресейдегі қымбатшылық бізге қаншалықты әсер етті?
Сонымен бірге жанар-жағармай бағасының өсуіне Ресейдегі қымбатшылықтың да әсері орасан. Мәселен, РФ-да АИ-92 маркалы бензиннің литрі біздің ақшаға шаққанда – 250 теңге. Бұл еліміздің солтүстік өңірлерінде бензинді Ресейге тасымалдап сатуға жол ашқан. Мәселен, Қазақстанның солтүстік облыстарында бензинді тұтыну көлемі миллионнан астам халқы бар Шымкенттен асып кеткен. Осыдан-ақ алыпсатарлар қазақстандық отынды Ресейге тасымалдайтынын көруге болады. Мұндай жағдайда ішкі нарықтағы баға осылай арзан күйінде қала беретін болса, онда отандық өнімнің сыртқа есепсіз тасымалдануының салдарынан елде жанар-жағармайдың тапшылығы сезілуі мүмкін. Сол себептен Үкімет республика аумағынан бензинді, дизель отынын және мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін алты ай мерзімге экспорттауға тыйым салды.Өзара сөз байласу болды ма?
–Жанар-жағармай нарығына талдау жүргізгенде баға өсуіне түрткі болған себептер анықталды. Тексеріс барысында бөлшек саудада бензинмен жабдықтаушы бірқатар ірі кәсіпорын арасында өзара бағалық сөз байласу орын алғаны белгілі болды. Сол себепті АИ-92 бензиніне баға белгілеу және ұстап тұру бойынша бәсекелестік нормаларын бұзған өткізушілерге 14 хабарлама жіберілді. Оның ішінде үшеуі республикалық PetroRetail, Гелиос, Sinooil АЖҚС. Ақмола облысы бойынша: PetroRetail ЖШС (филиал), «Гелиос» ЖШС (филиал), «НПО «ЮНА» ЖШС, «Инком Плюс» ЖШС, «Есиль» ЖШС. ШҚО: «Восток логистик» ЖШС, Sinoоil ЖШС (филиал), PetroRetail ЖШС филиал). СҚО: «Эталон Регион» ЖШС, «Северная Топливная Компания» ЖШС, PetroRetail ЖШС (филиал), «Гелиос» ЖШС (филиал). Қостанай облысы: PetroRetail ЖШС (филиал), «Гелиос» ЖШС (филиал), «Костанайнефтепродукт» ЖШС, «Мұнай Трейд kst» ЖШС, Kst trade ЖШС, «Рудненская Топливная компания» ЖШС, «Костанай Автогаз-7» ЖШС, – деді Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Мұнай және газ басқармасының басшысы Бақтияр Баспақов. [caption id="attachment_144042" align="alignnone" > © коллаж: Елдар Қаба[/caption] Монополияға қарсы орган бұл хабарламаларды бензинді бөлшек саудада өткізушілерге 30 сәуірде жіберген. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес хабарламаны орындау мерзімі – күнтізбелік 30 күн. Яғни, 1 маусымға дейін аталған кемшіліктерді жоймаған жанар-жағармаймен жабдықтаушылар заңды жауапкершілікке тартылатын болды. Хабарламаны орындамау монополияға қарсы тергеп-тексеру жүргізуге негіз болады.Отын қоры жеткілікті ме?
Сондай-ақ көктемгі-жазғы егістік жұмыстары кезінде жанар-жағармайға сұраныстың артуы қымбатшылыққа ұрындыра ма деген қауіп те болған. Үкімет осы қауіптің алдын алып, биылғы көктемгі дала жұмыстарына қажетті 380 мың тонна арзандатылған жанар-жағармай бөлген. Жергілікті қоймаларда 2,4 млн. тонна тұқым қоры қордаланған. Диқандарға 136,2 мың тонна минералды тыңайтқыштар жеткізілген. Субсидия беру үшін өтініштерді қабылдау әлі күнге жалғасып жатыр. Сондай-ақ «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ «Кең дала» бағдарламасы бойынша дала жұмыстары мен жиын-терім науқанына 70 млрд. теңге аударды. Одан бөлек, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ орта және шағын фермерлік ұйымдарды қолдау мақсатында шамамен 45,3 млрд. теңгеге ауылшаруашылық өнімдерін форвардтық сатып алуды жоспарлап отыр. Бұл шаралардың бәрі жанар-жағармай бағасын ауыздықтауға септігін тигізуі тиіс. Энергетика министрлігі қазір баға бақылауда, отын қоры жеткілікті дегенді жеткізді. Бүгінде АИ-92 маркісінің литрі республика бойынша 158 - 174 теңге аралығында. – Жыл бойы отынның жеткілікті қоры үздіксіз қалыптастырылып отырды. Былтыр отандық мұнай өңдеу зауыттары 4,5 миллион тонна бензин өндірген. Бұл жанар-жағармай нарығындағы сұранысты толығымен қанағаттандырды және отын тапшылығының туындауына жол берген жоқ. Өндірілген өнімнің дені ішкі нарықта тұтынылды, тек 500 мың тоннасы экспортқа шығарылды,– дейді Энергетика министрлігінің Мұнай өнеркәсібін дамыту департаменті директорының орынбасары Талғат Құрманбаев.Жанар-жағармай нарығы қалай реттеледі?
Айта кетейік, 2011 жылға дейін елімізде жанар-жағармай бағасы әкімшілік әдіспен реттеліп келді. Содан соң 2016 жылға дейін мемлекет бағаның шекті құнын белгілеп отырды. Ал кейінгі бес жылда отын нарығы еркін айналымға жіберілді. Сөйте тұра, Үкімет жанар-жағармай нарығын бақылаудан шығармауға тырысты. Алайда бұл шаралар Ұлттық қорға әжептәуір салмақ түсіреді. Қазір көмірсутегі экспортынан түсетін табыс бұрынғыдай қомақты емес, оның ішкі нарықты толықтай субсидиялауға шамасы жетпейді. Оның үстіне, бұл отын-энергетика саласының дамуына кері әсер етуі де мүмкін. Сонымен бірге бензин нарығын еркін айналымға жіберу өнімді экспортқа шығаруға кең мүмкіндіктер ашатыны сөзсіз. Жанар-жағармай бағасы 2021 жылдың наурызынан бастап нарықтық реттеу механизміне берілді. Баға сұраныс пен ұсынысқа орай табиғи түрде реттеледі. Оның тұтынушы үшін түпкілікті нарқы мұнай өнімдерінің көтерме бағасына, жанар-жағармай стансаларына жеткізілгенге дейінгі барлық көлік шығынына, базаларда сақтау, сондай-ақ акциздер мен салық жүктемесінің жиынтығына қарап түзіледі. ДСҰ-ның талап етіп отырған басты шарты да осы. Экономикасы нарықтық қатынастарға негізделген басқа өркениетті елдер сияқты Қазақстан да осы ережені қабылдауға мәжбүр. Тек ішкі нарық ойыншыларының өзара бағалық сөз байласуына жол бермеу жайын қатаң қадағалауы тиіс.Дәулет АСАУ