Орталық пен кабинетті шатастырып...
Орталық пен кабинетті шатастырып...
112
оқылды

Жылдам хабар тарататын интернетте Қарағанды қаласында «Орыс орталығы» ашылды деген хабар жел­дей есті. Әр сайт өзінше тарата бастады. Біреуі «ойбайласа»,  енді бірі «қой-қойлады». Әліптің артын бақ­тық. Нақты дерегін  жазғымыз келді. Әсілі, ақиқатқа жетпей ұрандат­қандар нені көкседі екен?

Сайттар не деді?

«4 маусым күні Қарағанды мемлекеттік университетінде (ҚарМУ) орыс орталығы­ның салтанатты ашылу шарасы өтті. Қазақстанда, ҚарМУ Филология факуль­тетін­де жаңа білім беру алаңын құру 2019 жылы жоспарланған болатын. Алайда коро­на­вирус  пандемиясына байланысты орта­лықтың ашылуын кейінге қалдыруға тура келді. Қарағандыдағы орыс орталығы Ақтөбе мен Алматыдағы  орталықпен қоса Қазақ­стандағы «Орыс әлемі» қорының үшінші орталығына айналмақ. «Біздің еліміздің халықтары ортақ тарих пен болашақ дамудың бірлігін көрсеткен Қарағандыдағы орыс орталығының ашылғанына өте қуа­нышты. Қазақстан заманауи дамыған мем­лекет ретінде мәдени байланыс пен дәстүрлі орталықтарды қалыптастыруды жалғас­тыруда»  деп атап өтті В.В. Кочин»  деп жазды  Adyrna  сайты. Бұл  бір сайтта ғана емес, бірнеше сайтта дәл осылай жазылды. Әлеуметтік желі де бір дүрлікті. Ақи­қатына барған ешкім болмады. Біз Қара­ғанды университетіне хабарластық...

Ақиқаты қалай?

Сұраққа жауапты академик Е.Бөкетов атын­дағы Қарағанды университеті Фило­логия факультетінің деканы Елдос Түйтеден алдық. Нақты ақпаратты өздерінен алмай, сырттан тон пішкендер туралы ол: «Бізге сіздерден басқа ешкім хабарласпады. Жаңа­лықты жазарда анық-қанығына жеткен дұрыс болар еді», – дейді. Ал нақты мәлімет былай болса керек... – Қарағанды университетінің Фило­логия факультетінде 2021 жылғы  4 маусым  күні ресми түрде орыс тілі мен әдебиеті кабинетінің ашылуы болғаны рас, бірақ әлеуметтік желілерде атап көрсеткендей, бұл орыс орталығы емес, бар болғаны білім алушыларымызға арналған қажетті оқу-әдістемелік және техникалық құралдармен жабдықталған оқу аудиториясы, – деді Елдос Ерғазыұлы, – Себебі факультетте орыс тілі мен әдебиеті, филология оқу бағдарламасы бойынша мамандар дайын­далады. Студенттерге, олардың сапалы білім алуына біз барлық жағдайды жасауы­мыз керек. Сол сияқты бізде басқа да тілдерді меңгеруге арналған ағылшын, неміс, қытай, түрік кабинеттері бар. Мұнда бар болғаны Ресей ғылымы мен мәдениеті орталығы бізге оқу үдерісіне қажетті оқу-әдістемелік және өнегелі адамдар өмірі сериясымен шыққан көркем әдебиеттерді сыйға тартты. Бұл оқулықтарды білім алушылар  оқу үдерісінде пайдаланады. Оқулықтарды сыйға тарту бастамасы алғаш 2017 жылы қолға алынған болатын. Түрлі жағдайға байланысты бізге кешіктіріліп жеткізілді. Бұл мәселеге алаңдауға, одан саяси астар іздеуге еш негіз жоқ. Біз сая­сатпен емес, оқумен, ғылыммен, тәрбиемен айналысатын мекемеміз. Басқа елдердің тілі мен мәдениетін құрметтеу арқылы біз де рухани тұрғыда өсеміз, кемелденеміз. Сыныққа сылтау болған орыс орталығы емес, тек аудиторияның ашылғанына куә болдық. Бар болғаны,  Ресей ғылымы мен мәдениеті орталығы студенттердің  оқуына  қажетті оқу-әдістемелік және өнегелі адам­дар өмірі сериясымен шыққан көркем әде­биеттерді сыйға тартқан. Біз өз тарапы­мыздан Қарағанды университеті берген суреттерді дәлел ретінде беріп отырмыз. Иә, кабинетті орталықпен шатастырып алғанымыз дұрыс болмады...  

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды қаласы