«Сол экскурсияда гид болдым. Шарын шатқалындағы сел көшкіні кезінде 4 оқушымен бірге селде қалып, жарақат алдым. Алғашқыда жарақат сезілмеді. Маған балаларды автобусқа жинау, қалғандарын табуға көмектесу және ата-аналармен кездесу қажет болды. Ата-аналар балаларды таратып алып кеткеннен кейін, артымнан әпкем келгенде мен аяғымның ауырғанын және басымның қатты айналғанын сездім. Бір сәтте есімнен танып қалдым. Ауруханада өзіме келдім», – деді Мәдина.
№4 қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері Сағи Бейсенбековтің айтуынша, науқас кешенді тексеруден өтті, - деп жазды inform.kz. «Науқас бірден жансақтау бөліміне жеткізіліп, кешенді тексеруден өтті. Оның денсаулығын травматолог, терапевт, анестезиолог қарады. Толық ем алып шықты», – дейді аурухананың бас дәрігері. Сонымен қатар ауруханада №199 мектеп-гимназиясы мұғалімі ем қабылдады. Төтенше оқиға кезінде мұғалім жабық бас сүйек-ми жарақатын, миы шайқалып, көптеген жарақат алған. Оқиға болған күні жедел жәрдем көлігімен Ұйғыр аудандық орталық ауруханасына жеткізілді. 30 мамырда №4 қалалық клиникалық ауруханасына келді. «30 мамырда науқас бейінді бөлімшеге жатқызылып, емделді. Шарын шатқалында зардап шеккендермен бірге психологтар жұмыс істеді», – деді Сағи Бейсенбеков.Бұған дейін Шарын шатқалында жоғалған қыз аман-есен табылғанын жазған болатынбыз.