«Ақылы жолдар тарифі сегіз жылдан бері өзгерген емес!» – Асқар Мұратұлы
«Ақылы жолдар тарифі сегіз жылдан бері өзгерген емес!» – Асқар Мұратұлы
249
оқылды

Елімізде соңғы уақытта ақылы жол­дарды енгізуге байланысты қарсы пікір білдірген жүк тасымалдаушылар мен жол қозғалысына қатысушылардың наразылық­тары қоғамдық резонанс тудырып отыр. Тіпті, бұл туралы Парламент қабырғасында да сөз болған еді. Ақжолдық депутат Азат Сембинов автомобиль жолдары шаруа­шылығындағы ірі кәсіпорын «ҚазАвтоЖол» акционерлік қоғамын сынға алды. Осы ретте еліміздегі ақылы жолдар жағдайын білмекке компанияның Басқарма Төрағасы Асқар Мұратұлымен сұхбаттасқан едік.

– Асқар Мұратұлы, қоғамдық резонанс тудырған жағдайдан хабарыңыз бар болар. Ендеше мұнда сіздердің тарифті 5 есеге көбейтіп отыр, жүк көліктері үшін жол ақысы 37 теңге деген сөздер рас па? Тариф­теріңіз расымен де өзгерді ме? Жалпы, елімізде ақылы жолдардың жағдайы қан­дай? – «ҚазАвтоЖол» акционерлік қоғамы 2013 жылы құрылған. Оны құрудағы әуелгі мақсаттың өзі – елімізде ақылы жолдар прак­тикасын енгізу болатын. Бірақ кейін­нен оның өкілеттігі одан да кеңи түсті де, біз ұлттық операторға айналдық. Сондық­тан да 2013 жылы алғашқы тарифтер енгізілген кезде ең алғашқы жол телімі «Астана–Щучинск» бағыты болды. Мұны баршамыз да жақсы білеміз. Ел аузында бұл жолды автобан деп атап кетті. Кейін 2019 жылы дәл осы тарифпен қосымша тағы да 3 жол телімі қолданысқа берілді. Олар – «Алматы–Қапшағай», «Алматы–Қорғас» және «Нұр-Сұлтан–Қарағанды» тасжол­дары. Енді бүгінде еліміздегі ақылы жол­дардың жалпы ұзындығы 628 километрді құрайды. Бұл жолдардан жылына шамамен 5,7 млрд теңге көлемінде ақша жиналады. Бар­лық түскен қаражатты біз осы ақылы жолдардың өзін күтіп ұстауға және қызмет көрсетуге кері жұмсап отырмыз. Сондықтан да мұнда кейбір айтылып жүрген «Қазавто­жолдықтарда қанағат жоқ екен. Ақылы жолдарды тағы да көбейткелі жатыр. Ал 1 шақырымға қызмет ақысы машина басына 37 теңге тұрады» деген сияқты қаңқу сөз­дерге мен осы жерде жауап беріп кеткім ке­ліп отыр. Бір тұшымды дәйек айтайын. Біздің компанияның әу баста құрылған кезде бекітілген тарифі әлі ешқандай да өзгерген емес. Яки, 2013 жылдан бері 8 жыл өтті. Біз әлі сол тарифпен жұмыс істеп келеміз. Ал барлығыңыз жақсы түсінетін­дей, экономикалық қатынаста «инфляция­лық коэффицент» деген ұғым бар. Жыл сайын оның пайызы Ұлттық банк тарапы­нан болжанып, бекітіліп отырады. Дәліздік шегі 6-8%-ды құрайды. Әр уақытта, әрине әртүрлі болып өзгеріп тұрады. Кейбір эко­номикаға қолайлы жылдарда ол едәуір төмендейді, кей жылдары жоғары болады. Әйтсе де, орташа коэффициенті осындай. Егер осы коэффицентпен талдап қарайтын болсақ, біз құрылған 2013  жылдан бері ол қаншама табысты жеп қойды деуге болады. Яғни, осы коэффицентті орташа 7% деп алып, компания жұмыс істеп келе жатқан 8 жылға көбейтетін болсақ, 50%-дан асып кетеді. Біз 50 пайыз деп ала берелік. Біздің тарифіміз – жеңіл машинаға 1 шақырымға – 1 теңге, ал жүк көліктеріне – 25 теңге. Осы 25 теңгенің 50 пайызы 12 теңге. Оны 25-ке қосқанда 37 теңге. Міне, 37 теңге деген қауесет әңгіме осы жерден шығып отыр. Бізде ондай баға жоқ. Кезінде соңғы қосылған үш ақылы жолды іске қосар кезде ол басып өтетін облыс пен аудандардың халқымен кездесулер, қоғамдық тыңдаулар өткіздік. Оған кәсіпкерлер де, жүк тасымалдаушылар да қатысты. Барлығы да біз айтқан уәждермен келісіп, ақылы жолдардың енгізілуіне түсіністікпен қарады. Сол уақыттарда біз тарифті өзгертетін уақыт жеткенін де айтқанбыз. Тіпті, тиісті органдарға өтінімдер дайындап бердік. Тек «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы ғана өздерінің тарапынан бірлі-жарым келіспейтін тұстарын айтты. Біз қоғамдық тыңдаулар қорытындысындағы бұл ақпараттардың барлығын Индустрия және инфрақұрылымдық даму министр­лігіне бердік. Бірақ бізге мемлекет тара­пынан рұқсат берілген жоқ. Былайша айтқанда, бұл мәселе кейінге қалдырылды. Сондықтан әзірге жағдай осындай. – Ендеше ақылы жолдар енгізіледі деген не қауесет? Тіпті, «Ақжол» пар­тиясының Парламенттегі фракциясы бұл шуға араласып жатыр. – Дәл қазіргі уақытта ешқандай да ақылы жолдар енгізілгелі жатқан жоқ. Бұл мәселе әлі де болса талқылану үстінде. Министрлікте, өзге де ведомстволарда қаралуда. Әуелгідегі қарастырған кезде жобамен жұмыс датасы 2021 жылдың маусым айы болып қалуы мүмкін дегенбіз. Бірақ былтыр басталған пандемия бар, басқа жағдай бар. Жоспарымызға көптеген өзгеріс енгізуге тура келді. Сондықтан да қазіргі шу осы ақылы жолдарды енгізуге белгіленген уақыттың басталғанымен байланысты деп ойлаймын. Осы жоспарлы мерзім келіп жетіп еді, жүк тасымал­даушылар, өзгедей де жолды пайда­ланушылар түрлі наразылығын айтып жан-жақтан шыға бастады. Біреулер 37 теңге деген тарифті ойдан шығарып алып, таратып жүр. Бәрінен сорақысы, «Ақжол» партиясының Парламенттегі фракция­сының депутаттары осы қаңқуға еріп кетіп отырғаны. Олар әуелі анықтап алмай көптеген теріс деректі көпшілік алдында жария етуде. Тарифтерін 5 есе өсіріп жіберген деп бізді жазғырып отыр. Егер біз 25 теңге тарифті 5 есе өсірер болсақ, ол анау айтқандай 37 теңге болмас еді. Сондықтан да мен осы сөздерді жария етіп отырған ақжолдық депутатқа әу бастан дұрыс ақпарат берілмеген деп ойлаймын. Егер депутаттық корпустан бізге хабарласқан болса, біз оларға осының барлығын түсіндірер едік. Әйтсе де, біз түсіндіру жұмыстарын үнемі жүргізіп келеміз. Қашанда шынайы ақпарат беруге дайынбыз. тариф жол Ендігі айтарым, жолды күтіп ұстау нормативі – ол әрдайым өзгеріп отыратын өлшем. Жол-құрылыс материалдары қымбаттайды, жанар-жағармай қымбат­тайды, жыл сайын Мемлекет басшысының тапсырмасымен жұмысшыларға еңбек­ақысын көтеру керек деген сияқты. Сон­дықтан да шығындарымыз өсіп жатса да, біз тарифті әлі өсірген емеспіз. Тағы бір айтар жайт, еліміздің заңына сәйкес, ақылы жолдарды бюджеттен қаржыландыруға хақы­мыз жоқ. Оған өзінен түскен ақша жұмсалады. Біз жекеменшік емеспіз, 100% мемлекеттің қатысуымен құрылған акционер­лік қоғамбыз. Сондықтан да бізде жыл сайын мемлекеттік аудит өтеді. Оның қорытындысы өзіміздің сайтымызда, порталдарда жарияланады. Оны кез келген адам кіріп қарай алады. Осы жақында ғана сондай аудит өтті. Олар процедуралық сипаттағы кішігірім кемшіліктер болмаса, қандай да бір өрескел заңбұзушылықты анықтаған жоқ. Ақжолдық депутаттың айтып отырған тағы бір мәселесі, «монополиялық жағдайын асыра пайдаланып» деген сөз. Біз монополист емеспіз. Айталық, елімізде республикалық, облыстық, аудандық, елді мекендік жолдар бар  – барлығы 150 мың шақырым жол болатын болса, соның ішінде республикалық жол желілері 25 мың шақырымды ғана құрайды. Біз тек осы 17 пайызына ғана оператормыз. Сонда біз қалайша монополист болуымыз мүмкін. Депутаттың бұл айтып отырғаны дезин­формация. Халық қалаулысы халықтың атынан сөйлеп отыр, сөйте тұра халықты шатастырып отыр. Тағы бір жерінде ол бізді «мемлекеттік функциядан коммерция жасап отыр» деп айыптайды. Бұл да дұрыс емес. Жол қаты­насы саласында «жолдарды басқарушы» деген ұғым бар. Біз осы сияқты – Ұлттық оператормыз. Тек қана республикалық дәрежедегі жолдарға жауап береміз. Жолдарды саламыз, басқарамыз, күтімін жасаймыз, қыста қарын тазалаймыз, жазда жөндеуін жүргіземіз. Үкіметтік кепілдік аясында заимдар аламыз. Бүгінгі таңда елімізде салынып жатқан ірі жобалар – «Талдықорған–Өскемен», «Қарағанды–Алматы» және «Күрті–Қапшағай» жолдарының құрылысы сыртқы заим қаражаттарының есебінен жүргізілуде. Оған қоса, Ақтөбе–Атырау–Астрахан бағытында да жол салынуда. Біз осылардың барлығын ұйымдастырып, қадағалап отырмыз. Бұл – мемлекеттің атқаратын жұмысы, біз соны жүзеге асырып жатырмыз. Бұрын бұл жұмыстарды мемлекеттің өзі комитет деңгейінде атқарған еді. Кейін жеделдік қосу мақсатында комитеттің аймақтардағы департаменттерін тарқатып, соның орнына осы «ҚазАвтоЖол» құрылды. Біз квазимемлекеттік ұйымбыз, сондықтан да коммерциямен айналысуға хақымыз жоқ. Біздің жұмысымыздың барлығы ашық жүргізіледі. Кез келген алатын нәрсемізді сатып алу порталы арқылы аламыз. Біздің мемлекеттік сатып алу сайтына ұқсайтын, квазимемлекеттік порталымыз бар. Оның тікелей операторы – Қаржы министрлігі. Онда барлығы да ашық, көрнекі, түсінікті түрде жазылған. Депутаттың «баламалы жолдар» туралы пікіріне айтарым: егер біз қолданыстағы бар жолдардың өзін қаржы жетіспеушілігіне байланысты жөнге келтіре алмай отырсақ, жаңадан баламалы жолдарды қалайша салуға болады? Сондықтан да ақжолдықтардың «Жолдарды ақылы қылған жағдайда ол арқылы жүретіндерге таңдау қалдырып, халықтың салығынан түсетін ақшаға өздеріне баламалы жолдар салып беру қажет» деген сөздерін орынсыз деп санаймын. Әуелгіде «баламалы жолдар» ұғымы біздің ең алғашқы Автомобиль жолдары туралы заңда болған, бірақ кейіннен ол экономикалық мақсаты жоқ болуына байланысты алынып тасталды. Ал егер сол жолдың өзіне кейін жұмсалатын азғантай ақшадан қашып, басқа жолдармен жүремін десе, ол әркімнің өз еркі. Ондай баламалы бағдарлар елімізде, әрине бар. Мәселен, Бурабайға елордамыздан Қостанай бағытына шығып, Жалтырды айналып баруға болады. Ондай жағдайда он шақырымның орнына қырық шақырым жүріп, одан да зор шығынға батуыңыз мүмкін. Парламент қабырғасында жасалған мәлімдеменің бізге ауыр тиген жері – депутаттың «қалтарыста қалта қаққан басбұзарлар сияқты» деп тіл тигізгені. Олардың бұл сөзіне қарасақ, біз «үлкен жолдың қарақшылары» секілдіміз. Бәлкім, депутат мырза сәл ашуланған болар, жас болған соң қызуқандылыққа салынған шығар. Түсінеміз! Ондай сөздерге ренжімейміз! Бірақ бұл сондай деңгейдегі тұлға үшін дұрыс болды деп ойламаймын. Әр адам өз дәрежесін біліп, өзін саяси сауатты ұстағаны жөн! Біріншіден, біз ешқандай да басбұзарлар емеспіз. Бізді қадағалайтын мемлекет бар. Құрылтайшыларымыз бар, акционерлеріміз бар, бізді ешкім басбұзарлық жасайтындай еркінсітіп қоймайды. Тіпті, шындығын айтқанда, ақылы жолдарды енгізу бас­тамасы «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасына енгізілген. Ол бағдарлама барлық тиісті органдар мен ведом­стволармен келісілген. Солардың ішінде депутаттық корпус та бар. Сондықтан да ақылы жол ел экономикасын алға сүйреудің бір тетігі екенін депутат Азат Сембиновтың білмеуі мүмкін емес. Біздің елімізде ақылы режим тек жөнделген, реконструк­цияланған, халықаралық стандартқа сай келетін І санатты жолдарға ғана енгізіледі. Мұны таяуда ОКҚ-да өткен брифингтің кезінде министрдің өзі де айтты. Сол жолы ол тарифтің де көтерілмейтінін нақты хабарлады. – Әңгімеңізге рақмет!  

Сұхбаттасқан Нұрлан ҚОСАЙ