Қызылордада жаңадан бой көтеріп жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің дені 5 қабаттан әрі аспайтын. Енді қаланың сол жағалауынан 12 қабатты зәулім баспаналардың құрылысы басталмақ.
Сырдария өзенінің сол жағалауын дамыту жобасы 2017 жылдан бастап жүзеге асып келеді. Осыған дейін жеке инвесторлардың қаражаты мен мемлекет бюджеті есебінен 53 көпқабатты тұрғын үй, бірқатар әлеуметтік нысан, көше-жол торабы, сыртқы және ішкі инженерлік инфрақұрылымдар, екі көпірдің құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілген. Ал алдағы кезеңде бірқатар әлеуметтік нысан мен 9-12 көпқабатты тұрғын үйдің құрылыстарын жүргізу көзделіп отыр. Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова жедел штаб отырысында Сырдария өзенінің сол жағалауын дамыту мәселелерін қарады. Аймақ басшысы перспективалық жобаның маңыздылығын ескере келе осы кезге дейін сол жағалауда іске асқан жұмыстарды саралап, алдағы кезеңде атқарылуға тиіс міндеттерді айқындап берді. Қызылорда облысының Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Бердияр Пірімбетов биыл республикалық бюджет есебінен 590 пәтерді құрайтын 12 арендалық тұрғын үй пайдалануға беру көзделгенін айтты. «Бұл үшін тұрғын үйлер мен инженерлік желілерге және абаттандыру жұмыстарына қаржы толығымен қаралған. Бұдан бөлек, алдағы уақытта 9 және 12 қабатты тұрғын үйлердің құрылысын салу жоспарда бар. Алдағы жылы сол жағалаудан көгалдағы хоккей, физика-математикалық бағыттағы жаңа мектеп, көпсалалы аурухана, облыстық қан орталығы, әкімшілік ғимараттар салынбақ. Сонымен бірге салтанат сарайы мен әлеуметтік базардың құрылысын салу көзделіп отыр», – деді сала басшылары. Сол жағалаудан бой көтеретін жаңа «Гүл бульварлары» жобасы да қала көркіне сән қосады. Мұнда әртүрлі сәулет фигурасы, жасыл желектер мен гүл композицияларын отырғызу, балалар және ойын алаңдары, субұрқақтар мен су айдындары қамтылады. Штаб отырысын қорытындылаған облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова сол жағалаудағы әрбір нысанның құрылысы, инженерлік-инфрақұрылымы, абаттандырылуы облыстық штабпен жан-жақты талқыланып, келісілуі қажетін баса айтты. Сондай-ақ Қызылорда қаласының әкімі Ғанибек Қазантаевқа «Гүл бульвары» құрылысының жоба-сметалық құжаттамаларын жыл соңына дейін әзірлеп, құрылысын бастауды қамтамасыз етуді тапсырды. Ал облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Бердияр Пірімбетовке құрылыс нысандарына мониторинг жүргізіп, бақылауға алып, тоқсанына бір рет баяндауды жүктеді. Содан соң аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова облыс елді мекендерін газдандыру мәселелері бойынша атқарылған жұмыстарды таразылады. Облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Нұрмағанбетов атқарылатын жұмыстар мен алдағы жоспарды жеткізді. «Биыл облыстағы Қазалы қаласын, Жосалы және Жалағаш кенттерін, Шиелі ауданындағы Бекежанов және Қодаманов елді мекендерін жыл соңына дейін газбен жабдықтау жоспарланған. Осылайша, облыстағы тұрғындардың газға қолжетімділігін 67,4 пайызға жеткізу міндеті тұр», – деді Р.Нұрмағанбетов. Сонымен қатар биыл Қызылорда қаласына қарасты Наурыз және Махамбет елді мекендерін газдандыру жұмыстарын бастауға республикалық бюджеттен тиісті қаржы қаралды. Жалпы, облыста 2025 жылға дейін 22 елді мекенге газ тарту жоспарланып отыр.Нұрсұлтан ҚАЗБЕК, Қызылорда облысы