Білімді мұғалімдерді даярлауға жаңа тәсіл керек
Білімді мұғалімдерді даярлауға жаңа тәсіл керек
201
оқылды

Жуырда Сарыағаш ауданы мектептерінің бірінде  болған  жағдай бізді бейжай қалдырмады. Аудандағы мектептердің бірінде орыс тілінен сабақ беретін мұғалімнің сөйлемді ежіктеп оқуы бүкіл әлеуметтік желіде тарап, қоғамда үлкен пікірталасқа ұласқаны белгілі.

Орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерін даярлау сапасына байланысты осынау тақырып бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде  қызу талқы­ланып жатыр. Оған қоғам белсен­ділері ғана емес, мұғалімдер де үн қосуда. Шын мәнінде, бұл -  бізді де алаңдатып отырған мәселе. «Бірдің кесірі мыңға тиер» дегендей, көптеген жоғары оқу орындары мен мектептердегі мұғалімдердің жұмысы осындай өз жұмысына жауапсыз қарайтын жандардың салдарынан төмен бағаланып жатады. Шыны керек, жас ұрпақты білім нәрімен сусын­дататын ұстаздар жұмысқа қабыл­данып жатқанда, бірінші кезекте отбасылық жағдайын емес, қашан ар мен намысты жоғары орынға  қояды екен деген ой болады. Әр ұстаз өз пәніне аса жауапкер­шілікпен қарап, принципшіл бо­луы тиіс. Республикада орыс тілі мұға­лім­дері жеткіліксіз екені ешкімге құпия емес, оның ішінде, әсіресе,  біздің оңтүстік өңірде бұл тапшы­лық қатты сезіледі. Оны жыл сайын біздің түлек­терге деген сұраныстың жоғары болуынан-ақ аңғаруға болады. Жалпы, мектеп оқушылары университеттерге әртүрлі деңгей­дегі дайындықпен келеді. Осы тұста ұзақ жылдық жұмыс тәжіри­бесі бар оқытушы университетке кім білім алу үшін, ал кім диплом алу үшін келгенін анықтай алады. Біз өзінің болашақ кәсібінің бар­лық дағдыларын игеруге ұмты­латын, жетістікке жетуді қалайтын талай студенттен орыс тілі мен әдебиеті пәнінің нағыз мұғалім­дерін дайындап шығардық. Бүгінде болашақ мұғалімдерді даярлау сапасын арттыру үшін белгілі бір шара  қолданатын уа­қыт келген сияқты. Бұрынғы білім беру жүйесінде арнайы дайындық курстары болатын. Онда түлектер таңдаған маман­дығына емтихан­дарды тапсыру нәтижелері бойынша қабыл­данатын. Мүмкін қазір 1-курс студенттеріне тіл курстарын ен­гізіп, кейін олардың тілді білу дең­гейін саралау керек шығар. Яғни, тілді меңгеру деңгейін 1-курстың соңында тексеру тиімді болмақ. Студент университетте бірін­ші кезекте білімді ойлауы, содан кейін ғана диплом алатынын және бұл үшін өзінің интеллек­туалдық әлеуетін күн сайын арттыруға бар күш-жігерін жұмсау керегін айқын сезінуі керек. Енді қазіргі жағдайға кінәлі адамды іздеудің мәні жоқ. Педа­гогикалық кадрларды тәрбиелеуге байланысты барлық құрылым­дардың күш-жігерін біріктірген жағдайда мұндай проблема туын­дамайтынын түсінетін кез келді. Бізге көпұлтты республикамыздың оңтүстік аймағындағы қазіргі жағ­дайды өзгертуге бағытталған ор­та­­лықтандырылған шешім қажет, ал университет оқытушы­лары олар­ды өз қызметіне енгізу үшін барлық күш-жігерін салады.  

Гүлжан СҮГІРБАЕВА, ОҚМПУ басқарма төрағасы – ректор, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент