Жуырда Сарыағаш ауданы мектептерінің бірінде болған жағдай бізді бейжай қалдырмады. Аудандағы мектептердің бірінде орыс тілінен сабақ беретін мұғалімнің сөйлемді ежіктеп оқуы бүкіл әлеуметтік желіде тарап, қоғамда үлкен пікірталасқа ұласқаны белгілі.
Орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерін даярлау сапасына байланысты осынау тақырып бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр. Оған қоғам белсенділері ғана емес, мұғалімдер де үн қосуда. Шын мәнінде, бұл - бізді де алаңдатып отырған мәселе. «Бірдің кесірі мыңға тиер» дегендей, көптеген жоғары оқу орындары мен мектептердегі мұғалімдердің жұмысы осындай өз жұмысына жауапсыз қарайтын жандардың салдарынан төмен бағаланып жатады. Шыны керек, жас ұрпақты білім нәрімен сусындататын ұстаздар жұмысқа қабылданып жатқанда, бірінші кезекте отбасылық жағдайын емес, қашан ар мен намысты жоғары орынға қояды екен деген ой болады. Әр ұстаз өз пәніне аса жауапкершілікпен қарап, принципшіл болуы тиіс. Республикада орыс тілі мұғалімдері жеткіліксіз екені ешкімге құпия емес, оның ішінде, әсіресе, біздің оңтүстік өңірде бұл тапшылық қатты сезіледі. Оны жыл сайын біздің түлектерге деген сұраныстың жоғары болуынан-ақ аңғаруға болады. Жалпы, мектеп оқушылары университеттерге әртүрлі деңгейдегі дайындықпен келеді. Осы тұста ұзақ жылдық жұмыс тәжірибесі бар оқытушы университетке кім білім алу үшін, ал кім диплом алу үшін келгенін анықтай алады. Біз өзінің болашақ кәсібінің барлық дағдыларын игеруге ұмтылатын, жетістікке жетуді қалайтын талай студенттен орыс тілі мен әдебиеті пәнінің нағыз мұғалімдерін дайындап шығардық. Бүгінде болашақ мұғалімдерді даярлау сапасын арттыру үшін белгілі бір шара қолданатын уақыт келген сияқты. Бұрынғы білім беру жүйесінде арнайы дайындық курстары болатын. Онда түлектер таңдаған мамандығына емтихандарды тапсыру нәтижелері бойынша қабылданатын. Мүмкін қазір 1-курс студенттеріне тіл курстарын енгізіп, кейін олардың тілді білу деңгейін саралау керек шығар. Яғни, тілді меңгеру деңгейін 1-курстың соңында тексеру тиімді болмақ. Студент университетте бірінші кезекте білімді ойлауы, содан кейін ғана диплом алатынын және бұл үшін өзінің интеллектуалдық әлеуетін күн сайын арттыруға бар күш-жігерін жұмсау керегін айқын сезінуі керек. Енді қазіргі жағдайға кінәлі адамды іздеудің мәні жоқ. Педагогикалық кадрларды тәрбиелеуге байланысты барлық құрылымдардың күш-жігерін біріктірген жағдайда мұндай проблема туындамайтынын түсінетін кез келді. Бізге көпұлтты республикамыздың оңтүстік аймағындағы қазіргі жағдайды өзгертуге бағытталған орталықтандырылған шешім қажет, ал университет оқытушылары оларды өз қызметіне енгізу үшін барлық күш-жігерін салады.Гүлжан СҮГІРБАЕВА, ОҚМПУ басқарма төрағасы – ректор, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент