Нұр-Сұлтанда биыл 16 мектептің құрылысы жүріп жатыр – Алтай Көлгінов
Нұр-Сұлтанда биыл 16 мектептің құрылысы жүріп жатыр – Алтай Көлгінов

Елорда тұрғындары жылдан-жылға өсіп келеді. Есепке сәйкес, 2030 жылға қарай елордада 400 мыңға жуық оқушы болады. Оларды оқу орындарымен қамтамасыз ету үшін жыл сайын қалада кем дегенде 10 жаңа мектеп ашылу қажет. Бұл туралы елорда әкімі Алтай Көлгінов Egemen Qazaqstan басылымына берген сұхбатында мәлім етті.

«Елорда - бүгінде Еуразия жүрегі, әлемде ең қарқынды дамып келе жатқан қалалардың бірі. Сәйкесінше халық саны да, соның ішінде оқушылар саны да үдере өсуде. Мәселен, 2010 жылы қалада 74 000 мектеп оқушысы болған болса, қазір 193 000. Енді 10 жылдан кейін 2030 жылы, бұл көрсеткіш 400 000 оқушыға дейін өседі деп отырмыз. Бұл жақсы хабар, «балалы үй базар», бізде енді соған сәйкес мектептер құрылысы да қарқынды болу керек. Алдағы бес жыл ішінде 80 880 оқушыға арналған 67 мектеп салу жоспарланып отыр. Елордада жылына кемінде 10 мектеп салынбаса, өсіп келе жатқан тұрғындар санына сәйкес келмей, мектептерге артылған жүктеме әлеуметтік қиындықтар туғызуы ықтимал», – деді әкім. Ол өз сөзінде былтыр пандемияның өршіп тұрғанына қарамастан елордада 11 мектеп жаңадан бой түзегенін, биыл тағы 16 мектептің құрылысы жүргізіліп жатқанын мәлім етті. Алтай Көлгінов сөз арасында ұстаздарды ынталандыру жұмысы қалай жүргізіліп жатқанын да қозғап өтті. «Білім беру мекемелерін ғимаратпен ғана қамту жеткіліксіз. Сапалы білімді арттыру мақсатында болашақ педагогтарды ынталандыру үшін, орта білім алуға жыл сайын 800, жоғары білім алуға тағы 300 әкім грантын бөлу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту үлесі жоспарлы түрде артатын болады», – дейді Алтай Сейдірұлы. Сонымен қатар «Қадамдық қолжетімдік» принципіне сәйкес, қосымша отыз «Үй маңындағы дәрігер» нысаны ашылады. Сонымен қатар 5 медициналық мекеме салынады.