2021 жылдың наурыз айынан бастап қазақстандық мектеп бітірушілер ұлттық бірыңғай тестті мамандандырылған орталықтарда компьютер арқылы тапсырады. Оқушылардың бір емес, екі мүмкіндігі бар. Жалпы, бұған дейін әрбір оқушыға тест тапсырмалары бар кітапша берілсе, енді дербес компьютер ұсынылған. Енді ҰБТ тапсыру белгілі бір күнге ғана белгіленбейді. Өткен жылдағыдай оушылар емтихан тапсыратын 10 күнді елеңдеп күтпейді. Өйткені ҰБТ тапсыру үш айға созылады. Мектеп түлегі өзі қалаған кез келген уақытта тест тапсыра алады.
Осы жылы ҰБТ тапсыратындар үшін тестілеу уақыты 4 сағат бөлінген. Компьютерлік тест тапсыру кезінде оқушыларға екі рет үзіліс беріледі. ҰБТ басталған соң бір сағаттан кейін көзді тынықтыру үшін екі минут, екі сағаттан кейін 15 минут беріледі. Осы уақытта түлектер әжетханаға шығып, демала алады.– Еліміздің барлық мектебінде сабақтар онлайн өтті. Білім аламын, оқимын деген балалар, әрине, өз білімін дәлелдеуде. Оған ҰБТ-да жинап жатқан жоғары нәтижелер (балл) дәлел болып отыр. Сондықтан пандемия салдарын сылтауратып, тесттілеуден қашқан жас жоқ. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 6 990 оқушының 4 198 (60,06%) шекті балдан өткен. Жалпы айтсақ, тестілеу тапсырған 115 572 оқушының 72 910 (63,09%) шекті бал жинаған, – деді Наужан Әбдісатарқызы.