Ел мүддесі жолында жұмыла қызмет етеді

Ел мүддесі жолында жұмыла қызмет етеді

Бүгін «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы, қала әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен қалалық партия филиалы Саяси кеңесі Бюросының кезекті отырысы етті.   Мәжілісте  «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әркімге лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын Шымкент қаласында  іске асыру бойынша әзірленген Жол картасының тиімді жүзеге асырылуы және «Jas Otan» Жастар қанаты Шымкент қалалық филиалының  «Жастар – Отанға!» сайлауалды бағдарламасының Жол картасын бекіту мәселелері қаралды.  Сонымен қатар, жыл басынан бергі осынау бағдарлама аясында атқарылған жұмыстардың есебі тыңдалды. Мәліметтерді жеткізген Шымкент қаласы Экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Рахымберді Мүлкемановқа қала басшысы, филиал төрағасы Мұрат Дүйсенбекұлы бірқатар тапсырмалар жүктеді.   Мұрат Дүйсенбекұлы  қазіргі таңда үшінші мегаполистегі жастар санының 85 мыңға жуықтағанына ерекше тоқталып, жас қазақстандықтардың ел мүддесі жолында  жұмыла қызмет етуін және олардың парасатты тұлға болып қалыптасуын   қамтамасыз етуге бағытталған жобаның маңыздылығын атап өтті. Ал, «Jas Otan» Жастар қанаты Шымкент қалалық филиалының төрағасы Мағжан Исахов: «Жастар-Отанға!» 2025 жылға дейінгі бағдарламасының «Жол картасы» аясында біз алдымызға жастардың өмір сүру сапасын арттыруға, өз қабілетін іске асыру әлеуетін ашуға мүмкіндік беретін нақты міндеттер қоямыз. Біздің міндеттер мен оларды іске асырудың жолдары осы бағдарламада нақты белгіленген. Оның іске асырылуы орталық және аймақтық деңгейлерде бекітілген шаралар арқылы қамтамасыз етіледі. Сонымен бірге, әртүрлі санаттағы жастардың мүддесін қамтып, әлеуметтік зерттеулер мен сауалнамалардың нәтижелеріне сүйенеді», - деп атап өтті ол.   Жиын соңында қалалық партия филиалының төрағасы партия филиалы мен саяси кеңес мүшелеріне бағдарламаны іске асыру бойынша нақты тапсырмаларды жүктеп, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы, партия көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Саяси кеңес бюроларына «Nur Otan» партиясының барлық сайлауалды міндеттемелерінің тікелей және қатаң бақылау жасау міндетін қойғанын жеткізді.  

Н. НАЗАРБЕК,

Шымкент қаласы.