Щучинскте ішімдік ішіп мас болған қаңғыбастар кісі өлтірді деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі. Оқиға 7 маусым күні түнгі уақытта болған. Ішімдікке мас болған үш қаңғыбас бірдеңені бөлісе алмай қалған. Арадағы дау төбелеске ұласыпты. Сөйтіп қасындағы алпыс жастағы «жолдастарын» соққыға жығып, тепкінің астына алған.
«Бірақ төбелестің арты қайғылы жағдайға әкеліп соқан. Ер адам алған ауыр жарақаттарынан көз жұмған. Оның денесі аудан орталығындағы автобус аялдамаларының бірінен табылды», - дейді Ақмола облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәр Пинчук.Жедел іздестіру шараларына кіріскен полиция қызметкерлері екі күдіктіні іздеп тапқан. Олардың екеуі де 1989 жылы туған. Қазіргі уақытта аталған факт бойынша қылмыстық кодекстің 106-бабы 3-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы