Жұт жұтатқан жұрт болдық...

Жұт жұтатқан жұрт болдық...

« Амал жоқ, қуаңшылыққа ұрынған Құланды, Беларан, Мергенсай ауылдары­ның шаруалары қолдағы малын түгел қырып алмау үшін сатып жіберуге кіріскен. Бағаларын қазіргі нарықтан төмен ұсынуға мәжбүр. «Аналығын сақтап қаламын деген мақсатта ерте туған құлынын 40-50 мың теңгеден сатып жатыр. Қайсыбір күні бір шаруа 20 бас жылқыны көлігіне тиеп шығады. Ол Аралдың төңірегіне келемін дегенше жалғыз айғырын жеткізіпті. Яғни, көтерем мал жолға да жарамай жатыр. Қазір халық құлынды байталын 200-250 мың теңгеден сатып жатыр. Оны сатып алатын адамдар 20-30 мың теңгенің жемшөбін апарып, үш-төрт күн ана жылқыны бағып, содан кейін жолға тиеп алып кетеді», – дейді облыстық мәслихат депутаты Ибадулла Тілеп. Ал Қызылорда облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Айнұр Тілеулеева: «2000 жылы шыққан «Сақтан­дыру қызметі туралы» заң бар. Аталған заңға сәйкес, барлық заңды және жеке тұл­ғалар өз меншігіндегі мүліктерді сақтан­дыруға құқылы. Арал ауданында малы шығын болған шаруалар осындай талап­тарға сай жұмыс істеген болса, олар сақ­тандыру компаниясынан өтемақы талап ете алады», – деп отыр. Тұрғындардың мал-мүлкі сақтан­дырылды ма, жоқ па, қайдам, әйтеуір қазір Арал ауданының әкімдігі тарапынан қуаңшылыққа қатысты төтенше жағдай жариялау мәселесі қаралып жатыр. «Аудандағы мал басына есептегенде 7 520 тонна шөп қажет етіп отырмыз. Ауданға шөп тасымалын ұйымдастыру үшін көршілес Ақтөбе облысының Ырғыз ауданымен және Сырдария, Жалағаш, Қармақшы, Қазалы аудандарымен келіссөз жүргізіп жатырмыз», – дейді Арал ауданы әкімінің орынбасары Еркін Әбішев. Осы орайда мәслихат депутаты Ибадулла Тілеп сырттан көмек алуға қатысты да бір мәселені ескертті. «Өзге өңірлерден жем­шөп тасымалдау арқылы түйінді толық тарқата алмаймыз. Бұл бірсәттік мәселе емес. Оған жан-жақты қарауымыз қажет. Рас, облыстың көптеген ауданында малға қажетті жоңышқа өсіріледі. Дегенмен аталған шөппен өзімізді толық қамти аламыз ба? Облыста өндірілген жоңыш­қаның еліміздің өзге өңірлеріне қымбат бағаға сатылып жатқанын білеміз. Мы­салы, Жаңақорған, Шиелі аудандарының шаруалары шөпті көршілес Түркістан облысына сатып жатыр. Сырдария, Жала­ғаш, Қармақшы аудандарында өндірілген жоңышқаға еліміздің өзге аймақтарынан сұраныс зор. Десек те, олардан жеткізілген жоңышқа Арал және Қазалы аудан­дарын­дағы қаншама бас малды азықтандыруға жете ме? Бұл – үлкен мәселе», – деді ол. Енді Арал ауданындағы жайылымды суландыру жұмыстары басталғалы жатыр. «Болар іс болып, бояуы сіңгенін» күткен­дей, жергілікті билік ескі 49 су ұңғы­масының көзін ашпақ. Одан сарқылған Сырдария мен тартылған көл-сайлардың орны қайта тола қояр ма екен, ол жағы әзірге белгісіз.

Көршілерге кіріптармыз

Бір қызығы, елімізде қуаңшылық болу ықтималдығы ерте көктемде алдын ала болжанған екен. АШМ Өсімдік шаруа­шылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің басқарма басшысы Медет Жәдігерұлының айтуынша, қауіптің алдын алу мақсатында биылғы ақпанда Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің бастамасымен оңтүстік өңірлерде бірнеше жиналыс өткен. Сол сәтте су шаруашылығы ұйымдарына биылғы суару кезеңіне дайындықты мамырға дейін аяқтау тапсырылыпты. Оған қоса, вегетация кезеңінде суару кестесін қатаң сақтау мен ауыл шаруа­шылығы өндірушілеріне суды көп қажет ететін дақылдар алаңын қысқарту бойынша тапсырма берілген. Су қоймаларына су жинау да, Президенттің суармалы жерлер көлемін 3 миллион текше метрге дейін ұлғайту туралы тапсырмаларын орындау да ескертілген. Бірақ соның бәрі сәтті жүзеге аспағанға ұқсайды. Тек биыл БҚО-дағы Жайық өзенінің суын қуаңшылық кезінде пайдалану үшін қуаты тәулігіне 1,2 миллион текше метр болатын су сору стансасының құрылысы басталмақ. Өңір әкімі Ғали Есқалиевтің айтуынша, Жайық өзенінің сол жағалауындағы аудандардың 350 мың гектарға дейінгі жайылым жерлерін суландыруға және Шалқар көлін қосымша сумен толтыруға мүмкіндік беретін 3 су каналын реконструкциялау жұмыстары жүргізіледі екен. Алайда онда да бір гәп бар. Жайық трансшекаралық өзені бассейнінің экожүйесін сақтау жөніндегі Қазақстан–Ресей ынтымақтастығының 2021-2024 жылдарға арналған арнайы бағдарламасы бекітілгенмен, ол бір жыл ішінде шешілетін іс емес көрінеді. «Толық шешімін табу үшін екі елдің бірлескен іс-қимылы қажет», – дейді өңір басшысы. Сондай-ақ Маңғыстау облысындағы қуаңшылыққа тоқталған Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев те: «Негізі еліміздің су балансын қарасақ, 90-100 текше шақырым болады. Соның 50 пайыз­ға жуығы сырттан келеді. Орталық Азия, Ресей, Қытай бар. Сондықтан біз сырттағы көршілерімізге тәуелдіміз. Жалпы, Маң­ғыстау облысының су тапшылығы бұры­ннан жасырын емес, шөлейт дала», – деп көршілердің көңіліне қарап отыр. Бұл ретте министр Мырзағалиев Ду­шан­бе қаласында Тәжікстанның Энер­гетика және су ресурстары министрімен кездесіп, маусым-тамыз аралығында тәжіктің «Бахри Точик» су қоймасынан 315 миллион текше метр суды қосымша жіберу жөнінде уағдаласты. Сонымен қатар оның орынбасары Серік Қожаниязов та қырғыз елінің бірнеше министрлік басшылығымен кездесіп, жыл сайын маусым-тамыз ай­лары аралығында «Тоқтағұл» су қой­масынан 330 миллион текше метрден қо­сымша су алып тұруға келісіп қайтты. «Тегін ірімшік қақпанда ғана болады» дегендей, осы келісімдерге сәйкес, Қазақстан биыл Қырғыз Республикасына 900 миллион кВт/сағ электр энергиясын жеткізуді міндетіне алды. Ал Тәжікстанға «Бахри Точик» су қоймасының қосымша жұмыс істеуінің теріс салдары туындаған жағдайда материалдық-техникалық қолдау көрсететін болдық. Ол – бергі жағы, енді судың бізге толық жетуі үшін Экология, геология және табиғи ресурстар ми­нистрлігі өзбек тарапымен келіссөз жүргізе бастады. Мұрат Мөңкеұлының «Еділді тартып алғаны – етекке қолды салғаны, Жайықты тартып алғаны – жағаға қолды салғаны, Ойылды тартып алғаны – ойын­дағысы болғаны» деген жырына сүйенсек, қазір сол өз өзендерімізді игере алмай, осылайша көршілерге кіріптар болып отырмыз. «Судың да сұрауы бар» дегеніміз – осы!

Түйін:

Еске сала кетсек, 1995 жылдың 30 қаңтарында БҰҰ Бас Ассамблеясы 17 маусымды «Дүниежүзілік қуаңшылық пен шөлейттенуге қарсы күрес күні» ретінде атап өту туралы шешім шығарды. Себебі қуаңшылық пен шөлейттену әлемде жыл сайын ауылшаруашылық өнімдерін 42 миллиард доллар көлемінде шығынға ұшыратады екен. Дегенмен құм ортасындағы араб елдерінде шаруалар тұщы суда өсетін шөп тұқымдарын егіп, мал ұстайды. Еуропада жер аз, бірақ олар да мал өсірудің әртүрлі амалын ойластырған. Олардың қасында «мал баққан елміз» деп мақтанатын біз төрт түлікті қолдан қырып отырмыз. Әзірге мына Маңғыстау мен Қызылорда облыстарында өлген малдардан ауру белгісі анықталмаған. Әйтсе де, кейін сол даладағы өлекселердің өзі түрлі дерттің ошағына айналуы мүмкін. Тірісінде ештеңе істей алмағанмен, өлген малды жою мәселесін қолға алу керек-ақ.

 

Еркеғали БЕЙСЕН