МИБ неге миды ашытты?
МИБ неге миды ашытты?

Тура бір жылдан соң, 2022 жылғы 1 шілдеде көз үйреншікті болған ПИК-тер тарихқа жол тартады. Олардың орнын «меншік иелері бірлестіктері» (Көрегендік болмаса, кері кетушілік жайлайды

Шенеуніктер әлдебір жаңа­­шыл­дықты жаппай енгізгенде, ке­лешек көкжиегінен әрі үңіліп, оның халыққа зиян-залалын жан-жақты сараптай, болжай бермейді. Әрине, бұл үшін көріпкел болудың қажеті жоқ, тек жаңа бастаманың ықтимал әлеуметтік-эконо­­­ми­­­ка­лық зардабын әр қырынан ба­­­ғамдаған жөн. Олай болмаған соң онсыз да күйзелістен қажыған халыққа ауыртпалық түседі, әлеу­меттік кернеуді күшейтеді. Заңға сәйкес, бұқара арасында «КСК» аббревиатурасымен белгілі пәтер иелері кооперативтері 20 жылдың ішінде көп олқылығымен көзге түсті. Моноқалалар мен ша­ғын шаһарлар түгіл, елорданың өзінде көппәтерлі кейбір үйде ПИК сол бойы құрылмады. Қалалардағы тұрғын үй қоры жарамсыз, апаттық жағдайға жетті. Дегенмен ол жүйенің жақсы жақтары да болды: тұрғындары ұйым­шыл, бірауызды үйлерде ПИК-тер жақсы жұмыс істеді, қатаң бақылауда болды. Пәтер және коммерциялық мүлік қо­­жайындары бас біріктіріп, ПИК төрағасына сырттан білікті бас­қарушыларды шақырды. Жаңа заң осы саланы үй тұр­ғындары қатарына дейін тарылтып тастады: МИБ төрағасы сол тұрғын үйде тұруы шарт. Осы талап ке­сірінен, кейбір тұрғын үй кешені мықты менеджерінен айырылды. Енді МИБ құру ісі көршілер ара­сына сыналуда: тұрғындардан түсетін миллиондаған теңге қара­жаттың айналымын бақылауға алуға әркім-ақ ынтық. «Мүлдем ойластырылмаған, шикі бастама. Негізі, көпқабатты тұрғын үйлерді тегіс кәсіби бас­қарушы компанияларға тап­сыру керек еді. Саланы дилетанттар құртты емес пе?! Сарапшылардың бұл пікіріне Индустрия және ин­фрақұрылымдық даму ми­нис­трлігі құлақ аспады. Оның орнына тұр­ғын үй кешендерін басқаруды тұр­ғындардың өзіне бере салды. Билік осы арқылы үйлердің ахуа­лы үшін жауапкершілікті ха­­лықтың өзіне ысырды. Ал әр үй­­­дегі қара­пайым тұрғындардың іші­­­нен бұл істің қыр-сырын мең­герген маман та­была бермейді. Кәсіби маман бол­мағанымен, мил­­­лиондарды қал­тасына басуға құнығатыны же­терлік. Кейбір жерде жаңа МИБ басшылары тұрғындардан әртүрлі сылтаумен алым, «откат» жинай бастады» деп алаңдайды жыл­жы­­майтын мүлікті басқару сала­­сының ма­маны Әсет Жанжүменов. Оның мәліметінше, МИБ-терге қатысты соттасып жатқан тұр­ғындар жетерлік. «ПИК кетіп, МИБ құрылса, тұрғындардың ақ­шасы талан-тараж етілмейді де­ген бос сөз. Ешқандай кепілдік жоқ, жоғары жауапкершілік заңда қарастырылмаған», – деді са­рапшы. Тұрғын үйді басқарудың жаңа нысанын енгізуге жәрдемдесіп жүрген «Қоғамдық қорғаушы» бірлестігі филиалының төрағасы Талғат Мұхамедғалиев МИБ құру үшін соттасуға тура келетінін рас­тады. «Біз 200-дей жиынға қатыстық, 2 мыңнан аса адамға кеңес бердік. Қазір негізінен соттағы қызметпен айналысып жатырмыз. Ескі бас­қару органдары кеткісі келмейді, үйді тапсырудан бас тартады. Біздің заңгерлеріміз шамамен 20 істі жүргізуде. Заң бойынша үйді та­быстауға ПИК басшысын мәж­бүрлеуге болады» деген ол реформа мерзімінен кешігіп қалғанын, бұған пандемияның ықпал еткенін жеткізді.

Жұрттың көңілі неге жабырқады?

Қарағанды тұрғыны Елена Боронина жаңа заңды қолдап қана қоймай, МИБ құруға алғашқы болып кіріскендердің бірі. Енді көңілі қалып отыр. «Бұл – күрделі мәселе. Тетіктері кемеліне келтіріліп, жетілдірілмеді. Алғашқы дайындық шаралары жүргізілмеді. Реформа «Е-шаңы­рақ» электронды платформасы ар­қылы оңай жүргізіледі деп мә­лімделген. Шынында олай бол­мады. Қаншама сергелдеңге түстік. Басы артық сауалнамалары, тол­тырылуы тиіс құжаттары көп. Оның бәріне пәтер иелерінің қо­лын жинау керек. Коронавирус шектеуі кезінде оны іске асыру оңай емес. Әрбір шешімге жиын өткізу қажет екен. МИБ тіркеуге жеткенше қаншама уақытыңды жоғалтасың, еш құлық қалмайды. Сөйтіп, зорығып жүргенде әлдебір белсенділер үйімізде МИБ тіркете қойыпты. Бізге білдірмей, барлық рәсімді тез арада қалай өткізгені беймәлім. Қолдарды, құжаттарды қолдан жасауы мүмкін. Оның байыбына барып, түйткілін тар­қатып жатуға шама жоқ» деп күр­сінеді ол. МИБ Елорда тұрғыны Бауыржан И. жұмыс істеп тұрған ПИК-терге қызметін ары қарай жалғастыруға мүмкіндік беру керек еді деген пікірде. «Көп жағдайда МИБ баста­машылары бас пайдасын басты орынға қояды. Біздің ПИК бас­шысы тиімділігімен, қаржыға құнт­тылығымен тұрғындардың қол­дауына ие болған. Қазір оған әл­дебіреулер «шабуыл» жасап, қысым көрсетіп, жылдамдатып ке­тіруге тырысуда. Өйткені ол біздің үйдің тұрғыны емес. Жа­қында біреу есік­ті қағып тұр. Бейтаныс біреу. «Кімсің?» десем, бастамашыл топ­тың жетекшісі екен. Тұрғын үй кешенімізден таяуда пәтер сатып алыпты. Енді ПИК орынтағын тартып алмақ ниетте. Өздері біздің үй үшін жақсы ештеңе істеген жоқ. Бірақ тілі тәтті, талай жағымды уәде беріп тастады, жұрт сөзіне еріп, келісіп қоя ма, қайтеді?», – дейді тұрғын. Айбар Серік МИБ дауы бас­талғалы, тұрғындардың ортақ WhatsApp чатынан шығуға тура кел­­­генін айтады: «Тұрғын үй қаты­насы сала­сындағы бұл рефор­ма­­ның оңды тұсын байқамадым. Жа­­­­қында ПИК басшысын қуып тастауға қол жет­кіздік, тұрғындар қаржысын сегіз жыл бойы тонады. Алайда оны кетіруге бұрыннан күш салып кел­генбіз. Бүгінде көр­шілер ара­сын­да билік үшін айқас жүруде. Үйдің жалпы ча­тынан шығуға тура келді: жік-жік­ке бөлініп, күн-түн демей, бір-бірін қаралайды. Мо­ральдық, пси­хо­­логиялық кері әсер етеді», – дейді. Кейбір ТК-ларда жаңа МИБ басшысы үй кеңесіндегі «қанат­тастарының» қолдауымен өзіне жоғары жалақы бекітіп алған. «МИБ құрыла сала, алым жи­науға кірісті. Алдымен әр пәтерден 24 мың, содан кейін 40 мың тең­геден жинады. Себебін сұрасақ, бар кінәні бұрынғы ПИК-ке жабады, соның кесірінен туындаған кем-кетікті түзетеміз дейді. Алда тұрғын үйдің жөндеу қорына жеке жи­намақ. Ай сайынғы төлемді де әр шаршы метр үшін 122 теңгеден 180 теңгеге көтерді. Мұның сыр­тында жинақтаушы жарналарға қол сал­мақ: содан ақша шешіп алуға қол жинап жүр. Тұрғындар қол қой­мауға қорқады. МИБ басшысы: «кез келген пәтер иесін сотқа бе­руге құзырым бар» деп айтты. Заңда шынымен солай көрінеді»,– деді Нұр-Сұлтан тұрғыны Роза Ш.

Асықпай, ақылмен жол тапса...

Елордадағы Қ.Мұхамедханов көшесіндегі «Манхэттен» тұрғын үй кешенінің тұрғындарын да осы мәселе мазалайды. «Үйіміздің қолданысқа беріл­геніне көп бола қойған жоқ, пәтер иелерінің көбі баспаналарына кіріп үлгірмеген. ТК-да жалпы саны 654 пәтер бар. МИБ құру үшін 3 рет жиын өткізді. Үшіншісіне 30 шақты адам ғана қатыстық. Жиында МИБ төрағасы, үй кеңесі сайланғаны, ревизиялық комиссия құрылғаны туралы хаттама назарымызға ұсы­нылды. Әр шаршы метрден жи­налатын жаңа төлем және шы­ғыс­тар сметасы таратылды. Біз хат­­­­тамаға өз түзетумізді енгізуге талап­­­тандық. Әйтсе де, сауалнамада «иә, жоқ, қалыс қалды» деген жауап бар болып шықты. Біздің МИБ төраға­­сы қаладағы басқа 3 тұрғын үй ке­шенінде де сондай лауазымды атқа­­ратын болып шық­ты. «Келі­сіңіздер, ол кісі МИБ жұ­­­мысын бә­рімізден артық біледі!» деп үгіттеді бастама­­шыл топта­ғылар», – дейді Раушан Ермекқызы. Әртүрлі тұрғын үй кешенінен пәтер сатып алған азаматтар әр өңірде аз емес. Бұл ретте ондай адам­дардың әртүрлі ТК-да, тіпті «әр басқа қалада МИБ тізгінін өз қолына алуы қаншалықты заңды?» деген сауал туады. Осы бастаманы ілгерілетуге жауапты құрылым – «Тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылығын жаң­­ғырту мен дамытудың қазақ­стандық орталығы» АҚ (ТКШ Қазорталығы) дерегінше, бүгінде елімізде жалпы саны 1 205 МИБ құ­­рылды. Жай серіктестіктер са­ны – 2 744. Көр­­сеткіш көңіл көн­шітпейді. Көшті Алматы қаласы бастап тұр: ірі мегаполисімізде тұрғын үйді басқарудың 809 жаңа нысаны тіркелді. Одан кейін Алматы об­лысы (722) келеді. Үштікті Түр­кістан облысы (455) тұйықтайды. Нұр-Сұлтанда – 289. ТКШ Қазорталығының бас­­­қарма төрағасының орынбасары Нұрбек Серіков мәселе барын жа­сырмады. Проблеманы шешу үшін Еуразия ұлттық универ­ситетімен, өзге оқу орталықтарымен мемо­рандум бекітіп, сала үшін кадрлар даярлауға кірісіпті. Индустрия және инфрақұрылымдық даму ми­нистр­­лігі бекіткен «Біліктілікті көтеру курсы бағдарламасы» ая­сында МИБ және ЖС басшылары 55 сағаттық курстан өтеді. Әзірше 394 тыңдаушы оқытылған. Көп­пәтерлі үйдің 178 басқарушысы Сер­тификаттау орталығында бі­ліктілігін растаған. Қалай болғанда, жоспар-кес­теден онсыз да кешіккен екен, ен­деше асығып, аптығуды қойып, реформаны ілгерілетудің жаңа мер­зімін белгілеп, туындаған түйт­кілді тарқату жолын іздеген маңызды.

АйханАйхан ШӘРІП