Қазақстандағы үшінші мегаполис
Қазақстандағы үшінші мегаполис
495
оқылды

Президент Саяхатшылар мен ғалымдардың назарын өзіне аударған қала

Жалпы, Қазақстан осы 30 жыл­да ғасырға бергісіз даму жо­лынан өтті. Осы жылдар беде­рінде Шым­кент қаласы да дамудың жаңа деңгейіне көтеріліп, заманауи мегаполиске айналды. Шымкент қаласы 30 жылда ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жетті. Қай салада болмасын, толағай табыстар жетерлік. Шымкент – Ұлы Жібек Жолы бойындағы керуен жолдарының қиылысында пайда болған тарихи бай және мәдениеті дамыған ша­һар. Орта Азиядағы көне қала­лар­дың бірі. Шымкент ежел­ден-ақ саяхатшылар мен ғалым­дардың назарын өзіне аударған. 1991 жылы қалада 72 мектеп қана болса, қазір оның саны 170-тен асқан. Әрине, алғашқы жылдары бар­лық салада да қиындық бо­лып, барының өзі жабылып, қаңырап қалған бос ғимарат көп еді. Ден­саулық сақтау саласы біршама қиын­дыққа ұшырады. Нарықтық экономикаға көшуіне байланысты 1993 жылдан бастап Шымкентте медициналық пункттер, дәрігерлік амбула­ториялар және басқа да медициналық мекемелер жабыла бастаған. Қаржыландырулар жеткіліксіз болды. Алайда бұл уа­қытша қиындық болатын. Ел экономикасы жақсарған тұста Шым­­кент қаласында жабылып қал­ған медициналық мекемелер қайта қалпына келтіріліп, жаңасы салына бастады. Осылайша, 30 жыл бұрынғы 27 денсаулық ме­­­ке­­­­­месінің саны бүгінде 88-ге кө­бей­ген. 1991 жылғы Шымкентте осы салаға бюджеттен 50,8 млн теңге қаралса, биыл бұл көрсеткіш 79,1 млрд теңгеге өскен. Шым­кент­те сол жылдары 154 нысан са­лынған. «100 мектеп, 100 ауру­хана» құры­лысы аясында қала бойынша 6 ны­­­сан салынды: қала­лық қан орта­лығы, 3 емхана, 1 балалар ау­руха­насы. Жергілікті бюджет қара­жаты есебінен кар­диохирур­гия, транс­план­­тология, онкология және ин­фекциялық орталықтың жаңа корпустары салынды. Де­меушілік көмек есебінен қалалық залал­сыз­дандыру орта­­лығы және қала­лық перинаталдық орталық бой көтерді. Шымкенттің жүрек орта­лығында ашық жүрекке ота жасалып, стент­тер орнатылып жа­тыр. Қала­лық №1 клиникалық аурухана база­сында бауыр мен бүйректі транс­планттау, сондай-ақ буындарды эндопротездеу бойын­ша 100-ден астам операция өткен. Шымкент қаласында 30 жылда 104 жаңа кәсіпорын ашылған. Олардың басым көпшілігі жаңадан құрылған «Оңтүстік», «Тассай» индустриялық аймақтары мен «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында жұмыс істейді.

Елде теңдесі жоқ спорт кешендері салынған

Ал тәуелсіздік жылдарында Шымкент мәдениетінің дамуына айрықша көңіл бөлінді. Қалада қазақ драма театры, опера және балет театры, «Түркістан» салтанат сарайы, «Әл-Фараби» әмбебап кітапханасы пайда болды. Биіктігі 23, тұғыры 9 және мүсіннің өзі 10 метрлік, салмағы тоғыз тонна болатын Бәйдібек би монументі орнатылды. 2010 жылы Отан-Ана Тәуел­сіздік монументі ашылды. Жоба авторлары оны азаттық пен қанаттану кейпіндегі жас әйел бейнесін сомдады. Биіктігі 24 метрлік стела күнгей қаладағы Қазыбек би, Төле би және Әйтеке би көшелерінің қиылысында орналасқан. Монумент қаланың кез келген нүктесінен көрініп тұрады. Стела төбесінде Жер-Ана мүсіні асқақтап тұр. Сонымен қатар үшінші ме­гаполистегі Тәуелсіздік саябағы Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жыл­дығы аясында салынған. Оның қақпасынан аттап алғашқы қа­дамды басқан жерден гүлмен көм­керілген «Тәуелсіздік шежіресі» аллеясы басталады. Ондағы 21 мәр­мәр таста елімізде болған аса маңызды оқиғалар ойылып жа­зылған. Саябақта «Алтын шаңы­рақ» деп аталатын ел бірлігіне ар­налған монумент бар. 30 жыл бұрынғы 337 спорт нысаны бүгінде 865-ке көбейген. Қазір Шымкентте спорттың бар­лық түрінен жаттығу залдарын табуға болады. Елде теңдесі жоқ жабық жеңіл атлетика манежі жұмыс істейді. Еліміздегі екінші үлкен алаң болып есептелетін Ұлт­тық теннис орталығы, халық­ара­лық стандарттарға сәйкес са­лынған орталық су спорты кешені, «Жо­ғарғы шеберлік мектебі» спорт кешені, көркем гимнастика спорт мектебі, Бадам су қоймасында ор­наласқан су спорты және ескек есу бойынша оқу-жаттығу базасы, бокс клубының денешынықтыру-спорт­тық кешені мен 4 спорт мектебінің ғимараты салынған. Тұрғын үй құрылысының да жылдан-жылға қарқын алып жат­қанын айта кеткен жөн. Тәуел­сіздік жылдары Шымкентте 5,4 миллион шаршы метрден астам баспана пайдалануға берілген. Қоғамдық көліктер жаңартылып, жол сапасы да жақсарып жатыр. Елбасы Жар­лығымен 2018 жылы Шым­кент республикалық маңызға ие қала мәртебесін алды. Қазақстан Пре­зиденті Жарлыққа қол қою сәтінде: «Шымкент еліміздегі жетекші сауда-өнеркәсіп және мәдениет ошақтарының бірі болып сана­латынын білеміз. Қаланың осын­дай мүмкіндіктерін ескеріп, оған Республикалық мәртебе беру жө­нінде шешім қабылдадым. Ал облыс орталығы Түркістан қала­сына көшіріледі» деп атап өтті. Осылайша, Шымкент қаласының еліміздің үшінші мегаполисі ата­нуы – тарихи оқиғаның бірі. Осы­­нау жылдан бері қаланың тынысы тағы ашылып, жаңа бет­бұрыстар кезеңі басталды. Алда ат­қарылар жұмыстар үшін жоспар түзіліп қойған. Қала әкімдігі та­ратқан мәліметтерге сүйенсек, ал­дағы 5 жылда Шымкентте 3 мил­лион шаршы метр баспана пайда­лануға беріледі. 2025 жылға дейін 85 мек­теп салынады. Оның кем дегенде 70 пайызы жеке инвес­торлардың қаржысына бой көтер­мек. Олар мемлекеттік-жеке­мен­шік әріптес­­­тік аясында жан басына қаржы­­ландыру жүйесі бойынша жұмыс істемек. Осылайша, қала­дағы үш ауысымды, апатты мектеп­тердің проблемасы біржола шеші­леді. Медицина саласында да мем­ле­кеттік-жекеменшік әріптес­тік тәжірибесі қолданылып жатыр. Жалпы, шырайлы Шымкентте 30 жылда жеткен жетістік бұдан да көп. Талай толағай табыстармен мақтануға тұрарлық дүниелер бар. Биыл осынау атаулы күнге орай көптеген іс-шара жоспары бе­кітіліп, кестеге сай аталып өтіп жатыр.  

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы