Өткен жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті тарапынан 60 қылмыс тіркеліп, оның 58-і бойынша тұлғалар жауапкершілікке тартылған. Сыбайластық қылмыс әрекеттеріне жиі барғандардың қатарында алдыңғы орынды ішкі істер органдарының қызметкерлері алыпты. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің өткен жылды қорытындылау жиынында айтылды. Департамент басшысы А.Жұмағали 39 адамның әртүрлі жаза бойынша сотталғанын атап өтті. Оның 7-еуі бас бостандығынан айырылса, екеуінің бас бостандығы шектелген, 26-ы айыппұл төлеген. Сыбайластық әрекеттері бойынша сотты болғандардың 10-ы – мемлекеттік органдарда басшылық лауазымдарда қызмет атқарған тұлғалар. Біреуі республикалық деңгейдегі болса, алтауы облыстық және үшеуі аудандық деңгейдегі басшылар болған. Атап өтейік, мемлекет қоржынына қол салғандардың қатарында Ауыл шаруашылығы министрлігі «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» республикалық мемлекеттік мекемесінің бас директоры да бар. Ол өз қызметін асыра пайдаланып, «Агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға бөлінген бюджет қаражатын жымқырған. Ал Шымкент қалалық жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары жеке тұрғын үй құрылысына жер телімін бекіту үшін 200 мың теңге көлемінде пара алған. Сорақысы сол, пара алып ұсталған лауазымды азаматтың орнына келген тұлға да артынша кәсіпкерден серіктестіктің жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуді сылтауратып, одан 400 мың теңге мен бағалы қол сағат алыпты. Есесіне, мемлекетке 6,2 млн теңге айыппұл төлейтін болды. Демек, Шымкенттегі жер қатынастары басқармасы қалталы жер болғаны...
Департамент басшысы Асхат Жұмағалиұлы осы салада пара беруші мен алушылардың жиі тіркеліп жатқанын ерекше атап өтті. «Жалпы, бүгінде Шымкент қаласындағы білім беру жүйесі сыбайлас жемқорлық көріністеріне айтарлықтай бейім, бұл мектепке дейінгі және жалпы білім беру мекемелерінің басшылығына қатысты. Мәселен, Шымкент қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары орта мектептің білім жөніндегі меңгерушісінен мектеп директорының лауазымына тағайындалуға тест тапсыруға жәрдем беруге 400 мың теңге заңсыз сыйақы алғаны үшін сотталды», – дейді А.Жұмағали. Сонымен қатар №131 орта мектеп директоры да іс жүргізуші лауазымына жұмысқа қабылдау үшін 50 мың теңге пара алған. Қалалық әкімдіктің ішкі аудит қызметінің басшысы да пара алғаны үшін мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойы айырылып отыр.Сондай-ақ өткен жылы департамент тарапынан лауазымды тұлғалардың бизнеске заңсыз араласуынан қорғау аясында бірқатар сыбайлас жемқорлық деректері анықталып, 9 лауазымды тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылыпты. Оның ішінде Абай және Еңбекші аудандарының кәсіпкерлікті қолдау бөлімдерінің басшылары қылмыстық схеманы ұйымдастыру кезінде ұсталған. Олар көше саудагерлеріне «рұқсат беру құжаттарын» алып беремін деген сылтаумен әр сауда нүктесінен 150 мың теңге көлемінде ақша бопсалаған. Кәсіпкерлік қызметке қамқорлық жасағансып олардан сыйақы алған басшылардың қатарында әл-Фараби ауданы әкімдігінің кәсіпкерлік бөлімінің басшысы да бар. «Айта кету керек, бизнесті қорғау аясында 38 шағын және орта бизнес кәсіпкерлерінің құқықтарын қалпына келтіруге қол жеткіздік, 9 лауазымды тұлға кәсіпкерлерге заңсыз қысым көрсеткені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды», – дейді Асхат Жұмағалиұлы. Осылайша, мемлекеттік қызметкерлер арасында бопсалау фактілері негізінен құжаттарды рәсімдеу (АӘК алу, мүгедектікті, вет. сертификаттарды рәсімдеу, рұқсат беру), кадр мәселелерін оң шешу, жер жобаларын бекіту, жеке кәсіпкерлікті тарату және банкроттыққа жәрдемдесу үшін (салық саласында) орын алып отырған. Мәселен, өткен жылы Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің аумақтық инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Н. есімді азамат жануарларды нақты тексерусіз ветеринарлық сертификаттарды беруді ұйымдастырғаны үшін заңсыз сыйақы алған. Департамент басшысы полиция органдары қызметкерлері тарапынан пара алу қылмыстық істерді тоқтату, әкімшілік хаттаманы толтырмау, жүргізу куәлігін қайтару, пробациялық бақылау мерзімін немесе шарттарын өзгерту, сондай-ақ шетелдік жұмысшыларды тіркеу кезінде орын алып отырғанын айтады. Жалпы, департаментте сыбайлас жемқорлықпен күресуден бөлек, бизнес пен инвесторларды қорғау жобасы да жүзеге асырылып келеді. Одан бөлек, «Сапалы жол» жобасы аясында Инвестициялар және инфрақұрылымдық даму министрлігінің бөлімшелерімен бірлесіп автомобиль жолдарының құрылысына мониторинг жүргізеді. Аталған жоба аясында құрылыс барысында сапасыздыққа жол берген 72 заңсыздық орын алыпты. Сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол бермеу шараларының бірі – оның алдын алу. Осы ретте заң бұзушылыққа жол берушілер туралы хабарлаған адамдарға сыйақы беру қарастырылған. Былтыр Шымкентте 14 адамға 2 млн 137 мың теңге көлемінде сыйақы берілді.