Су үшін бөлінген миллиондар қайда?
Су үшін бөлінген миллиондар қайда?
180
оқылды

Зағамбар ауы­лы­ның  тұрғы­ны,қоғам белсендісіМадина Сабыр 2-3 жыл­дан бері әлеуметтік желі арқылы ауызсуға қатысты жанайқайын жет­кізіп келеді. Бірақ қанша рет жа­зып, айтып жүрсе де әзірге нәтиже жоқ. «Екі күннен бері түнгі сағат 3 пен 5-тің аралығында ғана су келіп, таңер­тең жоғалып кетеді. Су құбыр­лары кеуіп, қаңырап тұр. Осыдан екі жыл бұрын Тәуелсіздік күні қар­саңында республикалық БАҚ-тарда зағамбарлықтар 100 пайыз таза сумен қамтылды деген сүйін­ші хабар тараған. Бұл ақ­парат көз­бояушылық болып шық­ты. 360 млн теңгеге орнатыл­ған ұңғымада су жоқ», – дейді Мадина өзінің әлеуметтік желідегі парақ­шасында.

Шенділер судың болмауына тұрғындарды айыпты санайды

Біз осынау мәліметтердің анық-қанығына көз жеткізу үшін алды­мен Төлеби аудандық Тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылық, жо­лау­шы­лар көлігі және автомобиль жол­дары бөліміне барғанбыз. Бө­лім мең­герушісі кезекті еңбек де­малысына кеткен соң, бұл сұраққа Серғазы Қалдыбаев жауап берді. Серғазы Дәулетбайұлы Зағамбар ауылына таза ауызсу 2018 жылы берілгенін айтады. Сол жылдың желтоқсан айында мердігер компа­ния «Моно­лит-Дизайн-2030» ЖШС-інен толық қабылдап алын­ған. Ал оған дейін 2015 жылы об­лыс­­тық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық бас­қармасының тапсырысы­мен Зағамбар ауылын­дағы  жерасты су қорын бекіту үшін «ПК «Геотерм» ЖШС  геологиялық іздеу-барлау жұмысын жүргізген. Қорытын­дысында «Оңтүстік жер қойнауы» Оңтүстік Қазақстан өңір­аралық Геология және жер қойнауын пай­да­лану депар­таменті­нің хаттама­сы­на сәйкес №4990 барлау ұңғы­масы­ның дебеті тәулігіне 664,2 м3 болып бекітілген. 2018 жылы респуб­ликалық бюд­жет есебі­нен 360 млн теңге көлемінде қаржы қаралып, Зағам­бар ауылына таза ауызсу беру үшін құрылысы жүр­гізіліп, жыл соңында тәуелсіздік күні қарсаңында пай­далануға беріл­ген. «2015 жылы «ПК «Геотерм» ЖШС тарапынан бекітілген су қоры қажеттілікті толығымен қам­та­масыз етеді деп қорытынды бе­ріл­ген. Алай­да жобалық шешіммен бұрғы­ланған ұңғымадағы су дебеті хатта­ма­да көрсетілген мөлшерден бірне­ше есе аз. Қазір су қоры тар­тылып, көлемі мөлшерден аз шы­ғуда. Бұл мәселені шешу үшін Тө­ле­би ауданы әкімдігі тарапынан қосымша 9 бұ­лақ көзінен ауызсу құбыры тартыл­ды. Бүгінде  Зағам­бар елді мекені толық ауызсу­мен қамтылып отыр. Дегенмен қыстық және жаздық шіл­де кезең­дерінде бұлақ сулары­ның 20-30 пайызға  тартылуына байланысты тұрғын­дарға ауызсу кестемен беріліп жатыр. Заң аясын­да мерді­гер мекеме «Монолит-Диза­йн-2030» ЖШС-ін сотқа беру мүм­кін­дігі жоқ. Себебі мердігер  ауызсу құбырына қатыс­ты құ­рылыс-монтаждау жұмыс­тарын толық жүргізген. Ал жерасты су көзін анықтау шара­ларын жүргіз­ген «ПК «Геотерм» ЖШС-ін біз сотқа бере алмаймыз. Оны тап­сырыс беруші Түркістан облысы­ның Энер­гетика және тұрғын үй-коммунал­дық шаруа­шылық бас­қармасы  жүзеге асыра алады», – дейді сектор меңгерушісі. Міне, «сен салар да мен салар» болған тірліктің соңы енді гео­логия­лық зерттеу жүргізген меке­меге тіреліп тұр. Оның да өзінің айтар уәжі табылар. Ал  мұндағылар судың тартылып кетуіне құрылыс жүргіз­ген компанияның еш кінәсі жоқ деген тұжырымға келіпті. Ұңғыманы қабылдап алғанда су болған.  Бірақ оның бекітілген мөлшердегі терең­дікті толық қаз­ған, қазбағаны әлі белгісіз. су Сонымен, сектор меңгеруші­сінің айтуынша, бүгінде Зағамбар ауылында су жеткілікті. Тек көлемі аз. Ал тұрғындар бұлақтан емес, ұңғымадан су ішеміз деп бұлқынып отырған секілді. Сондай-ақ «Леңгір су» меке­месі­нің инженері Айтпай Тәжібаев бұлақ көздеріндегі судың тартылып жатуына орай барлық жерде су көздерінің азайғанын растайды. «Зағамбар ауылында қазір су бар. Алайда тұрғындар есігінің алдын­дағы егісті суарып, су көлемін азай­тып отыр. Оларға колонкамен суара салған оңай. Жалпы, ауызсу тек ішу үшін пайдаланылуы керек. Сәл газ колонка жанбай, судың қысымы төмендеп қалса шулап кетеді. Егер олар тек ауызсуға пай­даланса, суы­мыз жетер еді», – дейді су жеткізуші мекеме өкілі.

Ауылға су келгелі проблема басталған

Ал зағамбарлықтар не дейді? Олардың да уәжін тыңдап көрелік. Рас, ауыл шетіне үлкен-үлкен екі ұңғыма қойылыпты. Өкінішке қарай, Мадина айтқандай салын­ғанына 2 жылдан енді асқан ұңғы­малар қаңырап тұр. Одан әріректе сонау 70-жылдары тартылған бір­неше бұлақ көзі бар. Бүгінде құбыр соған жалғаныпты. «30 жыл бұрын­ғы өміріміз қандай болса, дәл қазір де солай өмір сүріп отырмыз. Мына халық 360 миллионның пайдасын көріп отырған жоқ. Қайта сол кездегі өміріміз дұрыстау еді. Ең болмаса суымыз сағатымен, уақы­ты­мен берілетін.  Үйреніп қалған­дықтан дер кезінде суды толтырып алып отырушы едік. Ол кездерде ауылда ұзын-ұзын 4 көше болған. Қазір 11 көше. 1 000 шақты түтінде 5 000-ға жуық тұрғын бар. 2018 жылы ауылға таза ауызсу келгелі проб­лема басталды», – дейді ауыл тұрғыны  Ерман Майлыбаев. Бір қызығы, жаңа салынған ұңғымадан 200 метр қашықтықта арнайы қазылып, құбыр орна­тыл­ған бұлақ көзінен су шығып тұр. «Бұл сонау 70-жылдары 250 метр терең­дікте қазылып, құбыр қойы­лып қалып кеткен.  Кейін ауылдың балалары әр нәрсемен бекітіп таста­ған болатын. Қазір өзінен-өзі су шы­ғып тұр. Демек, су тартылып кет­­ті дегенге сену қиын. Осынша тереңдікте қазса су шығар еді. 5 ма­мыр күні аудан әкімінің қабыл­дауында болып, ауылдағы су мәсе­лесін, мердігер компанияның қаз­уы тиісті орыннан ауытқып кет­кенін және мына бұлақ көзін де айтқан­мын. Ұңғыманы осы жерден немесе қасынан қазу керегін айттым. Сонда суға жауапты бөлім басшысына мердігер компанияны сотқа беруді тапсырған. Сөйтіп, арнайы өкіл жібертіп, мына шығып тұрған суды да көріп кеткен. Алайда одан бері 1 айдан асып кетті. Тым-тырыс», – дейді ол.

Мал түгілі адам ішетін су жоқ

Ауыл шетінде Бадам өзенінен өтетін ағын су бар екен. Тұрғындар егістікті сонымен суғарады. Ал шілдеде ол су да тоқтап, одан сайын тамшы судың зары өтеді.  Ауыл тұрғыны Жандос Аталбеков үйіне су толтыратын бөшке орнатып алыпты. Алайда бір аптадан бері тамшы су ақпапты. Құбыр кеуіп тұр. Жинап алған су да таусылыпты. «Ауылға ауызсу келген соң ескі құ­быр­дың барлығы бұзылған. Болма­са сол көшедегі ескі құбыр­дан да аздап су алуға болар еді. Қазір кім­нің үйіне баратынымызды білмей қалдық», – дейді ол. Тіпті, колонкадағы ауа есеп­шотты да айналдырып жіберетінін айтып ашынды ауылдықтар. Ал колонканы ашып қоймаса тағы болмайды. Себебі тамшы судың қай кезде беріліп қалатынын ешкім білмейді. Міне, зағамбарлықтардың зары – осы. Ал кабинетте отырған биліктің жауабы мүлдем бөлек. Әкімге, жоғары жаққа берілетін жауаптың түрі жаңағыдай. Алайда аудан әкімі Төлеген Телғараев 5 000 тұрғыны судан қақталып отырғанда жағдайды көзбен көрмей, қалай шыдап отыр екен деген ой келеді.  

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы