Қазақтың парадоксы: ұлы далада жер жетпейді

Қазақтың парадоксы: ұлы далада жер жетпейді

© коллаж: Еркебұлан Дүйсеболатов[/caption] Бесіншіден,  әкімдіктер бармақ басты, көз қысты тірліктерге жол бергендіктен, жерді туысқан, тамыр-таныс арасында талан-таражға салғандықтан, бақылауды әлсіретіп, күтімін келістірмей, жерді деградацияға ұшыратқандықтан, «жерді пайдалануды және қорғауды мемлекеттік бақылау функциялары» жергілікті атқару­шы органдардан алып қойылады. Бұл құзыр енді Ауыл шаруашылығы министр­лігінің Жер ресурстарын басқару ко­митетіне беріледі. Айта кету керек, бұрын осы функцияны  АШМ орындап келген. Бірақ министрліктің тиімсіз тірлігі жер саласында түйткілдердің қордалануына соқтырды, сала былыққа батты. Содан Үкімет «әр елді мекенде жердің кімге аса қажет екенін, оны кім ұқсатып, ұтымды пайдалана алатынын, ал кімнің қырсыз екенін жергілікті әкімнен артық кім біледі?» деген тоқтамға келіп, 8 жылдай бұрын сала тізгінін әкімдік­терге тапсырды. Арты не болды? «2013 жылмен салыстырғанда жер­гілікті атқарушы органдардың жерді пайдалану мен қорғау саласында жүргізген тексерулерінің саны 2,6 есе қысқарған. Анықталған ереже бұзу деректерінің жойы­луы 4,5 есе азайып кеткен. Ал субъектілерді іріктеп тексеру жоққа тән. Ал шағым саны өсуде: тек жер мәселелері бойынша 2019 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігіне жергілікті атқарушы органдардың іс-әрекетіне шағымданған 3 614 өтініш түсті. 2018 жылы 1 613  болған» деп мәлім етті АШМ. 2019 жылғы 5 маусымда Бас про­куратураның Премьер-Министр Кеңсесіне жолдаған заңбұзушылықты жою туралы ұсынысында «прокуратура органдарының ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмайтын жерлердің 9,6 миллион гектарын анықтағаны» айтылады. Алайда облыстар мен үш мегаполистің әкімдіктері 2019 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша осындай 2,2 миллион гектар жер ғана бар екенін айтады. Не таба алмаған, не іздемеген, не жасырып отыр.

Ұлан-байтақ далада жер тапшы

Мемлекет басшысы 2021 жылғы 13 мамырда қол қойған жаңа заң 2016 жылдан бері күшінде болған мораторийды тоқтат­қаны мәлім. Бірақ жаңа заң өмірге жолдама алғаннан кейін Жер кодексінің қандай нормалары күшін жоятынын, қайсысының сақталып қалатынын сарап­шылар мен журналистердің өзі ұғына қоймады. БАҚ сұрауына орай Ауыл шаруашылығы ми­нистрі Сапархан Омаров түсініктеме берді. «Жаңа заңға сәйкес, Жер кодексінің 24-бабы 2, 3 және 4-бөлімдерінің, сондай-ақ 97-баптағы 6-бөлімнің 1) тармақ­шасының күші уақытша тоқтатылады. Яғни, біріншіден, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді Қазақстан азамат­тарының және еліміздің заңды тұлға­ларының жекеменшігіне беру туралы нор­ма 5 жылға тоқтатылды. Екіншіден, мемлекеттен кадастрлық құнына, жеңіл­дікті бағамен жекеменшікке сатып алынған ауыл шаруашылығы жерлеріне қатысты мәміле жасасуға уақытша тоқтау салынды. Үшіншіден, ауыл шаруашылығы жерлерін жекеменшікке сатып алу сомасын бөліп төлеу уақытша доғарылды. Төртіншіден, ауыл жерлерін жеке қосалқы шаруашылық жүргiзу, бақша шаруашылығын дамыту және саяжай құрылысы үшiн жекеменшікке беру уақытша тоқтатылды», – деді АШМ басшысы. Бұл ретте аталған нормалар тоқтатылған кезеңде ел азаматтарына және шетелдік­тердің үлесі жоқ заңды тұлғаларға шаруа қожалығын және фермерлік шаруа­шылықты жүргізу, ауыл шауашылығы өнімдерін өндіру, орман өсіру, бақша салу, мал өсіру үшін, сонымен бірге ғылыми-зерттеу, тәжірибелік және оқу мақсаттарына жер беріледі. Қазақстан азаматтары жерді 10-нан 49 жылға дейін уақытша пайдалануға ала алады. Бірқатар сарапшылардың байла­мынша, елде ауыл шаруашылығын өркен­дету үшін осының өзі жеткілікті. Тек өзі де пай­даланбайтын, өзгеге де бермейтін лати­фундистер жерді ұзақ жылға алып қоймауы керек. Алып қойса, тегеурінді түрде тартып алған жөн. Мемлекет басшысы айтқандай, бүгінде ауыл кәсібінің, өсімдік және мал шаруа­шылығының дүркірей дамуына жердің жетіспеуі кедергі болуда. Территориясы жөнінен әлемде 9-орынды алатын, жазық даласының ауқымы жөнінен төрткүл дүниеде алдыңғы қатарда тұрған Қазақ­стан­да жер тапшы деген парадокстай ес­тіледі. Қазір заң түзеліп келеді. Алайда тәжірибе түзелмесе, заңнама ұтымды орын­далмаса, Қазақстан ары қарай да осы пара­докстан зардап шеге бермек.

Айхан ШӘРІП