Қолдан жасалған қымбатшылық
Қолдан жасалған қымбатшылық
188
оқылды

Соңғы кездері барлық Жосықсыз компаниялар жазалануы тиіс

Қалыптасқан жағдайға байланысты 10 маусым күні Премьер-Министр А.Ма­­мин­нің жетекшілігімен өткен ке­зекті Үкі­мет отырысында құрылыс ма­­териал­дарының бағасы талқыланды. Үкімет басшысы салалық министр­ліктер мен жергілікті атқарушы орган­дарға бағаның өсуіне бақылау жасауды және жосықсыз компанияларға қарсы қатаң шара қолдануды тапсырды. Сон­дай-ақ «Атамекен» ҰКП-мен бірлесе құ­рылысшылар мен өнім өндірушілер ара­сында ұзақмерзімді сатып алу шартын рәсімдеу мүмкіндігін қарастыруды тап­сырды. Шетелдік тауарлардың қым­баттауына жол бермес үшін импорт ал­мастыру бойынша жобалардың уа­қы­тылы жүзеге асырылуы маңызды екенін ескертті. Жұртшылық арасында бағаның қым­баттауына құрылыс материал­дары­ның өңірлерге дұрыс жеткізілмей жатқаны да себеп болғаны туралы әңгіме көтерілген. Дегенмен «Қазақстан темір жолы» ҰК»АҚ дерегіне сенсек, компанияның қолда­ныстағы жылжымалы құрамы тап­сырыс берушілердің сұранысын то­лығымен қам­тамасыз етіп отырмыз деген уәж ай­тады. Мәселен, тек мамыр айында ғана материалдарды теміржол көлігімен та­сымалдау көлемін 14%-ға ұлғайтыпты. Әйтсе де, Бәсекелестікті қорғау және да­мыту агенттігінің басшысы Серік Жұ­ман­ғариннің айтуынша, баға өсіміне не­гізінен көтерме-бөлшек нарықтағы алыпсатарлардың әсері көп болғаны анық байқалады. Оның айтуынша, өндірілген өнім­нің зауыттан шығып, тұтынушыға жет­кенше сатылу бағасына біршама үстеме баға қо­сылады екен. Мысалы, це­мент­тің бас­­тапқы бағасы 25%-ға дейін қым­баттап кетуі мүмкін. Ол енді өн­діруші мен тұ­тынушылардың арасында жүрген дел­дал­дардың қолдан жасаған әре­ке­тіне бай­ланысты. Мұндай қым­бат­шы­лыққа ұрын­бас үшін ірі өн­дірушілер цемент са­туды тек өз­де­рінің сауда және сату ком­паниялары арқылы жүзеге асырады.

Ала-құла баға

Құрылыс материалдарының қым­баттауы жекелеген түрлері мен өңірлер бойынша ала-құла. Мысалы, Ақмола өңірінде полиэтилен құбырларының бағасы тіпті ерекше шарықтап кеткен, 65%-ға қымбаттаған. Оған «Қазин­жи­ниринг» АҚ-ның еншілес кәсіпорны «Тыныс» АҚ-ның бағаны себепсізден-себепсіз 62%-ға көтеріп жібергені себеп болған. Осы факті бойынша аталған кәсіпорынға монополияға қарсы заңбұзу­шылықты жою жөнінде хаттама жі­берілген. Жалпы, полиэтилен құбырларын жа­сауға арналған шикізат толығымен им­порттан келеді, негізінен Ресейден. Олар­дың құны соңғы айда 10-15 %-ға өскен, тиісінше елдегі өнім өндірісі орташа ал­ғанда 10%-ға қымбаттаған. Ол Шымкент пен Ақтөбе облысында – 19%-ға, Қара­ғанды облысында 14%-ға өскен. Жоғарыдағы мысалдардан респуб­ликада құрылыс материалдары баға­сының шарықтап кетуіне жекелеген кәсіп­орын­дардың, әсіресе алып­са­тарлардың кінәсі көп екенін көреміз. Осыған орай Бәсе­келестікті қорғау және дамыту агенттігі қымбат­шы­лық­тың себебін анықтау үшін кешенді шара­ларды қолға алды. Сол бойынша бүгінгі күні жосықсыз нарық субъек­тілеріне мо­нополияға қар­сы заң­бұзушылықты жою туралы 26 хабарлама жіберген. Құ­рылыс мате­риалдарын өндірушілермен моно­по­лияға қарсы заң нормаларын сақтау жөнінде 10 комплаенс жасалған. С.Жұ­манға­рин­нің айтуынша, қазір аталған тауар на­рығындағы жағдай то­лықтай бақы­лауға алынған және жақын арада баға тұ­рақталатын болады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министр Бейбіт Атамқұлов отандық құрылыс материалдарын өндіруші кәсіп­орындардың қуатын арттыру және озық инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, сондай-ақ импорттық тәуелділіктен ары­лу үшін біршама жұмыстар қолға алынып жатқанын жеткізді. Осы мақсатта 2021-2025 жылдар аралығында бұл салаға 442 млрд теңгеден астам қаржы бөліп, 79 жо­баны іске қосу қарастырылған. Мұның 22-сі импортты алмастыратын жобалар. Оның ішінде құрылысқа аса қажетті санфаяс, минералды жылыт­қыштар, қыш тақталар, ағаш-тал тал­шықтары және басқа да материалдардың өндірісі бар.

Отандық өндіруші ішкі нарықты қамтамасыз етуге қауқарлы

Тәуелсіз сарапшылардың құрылыс саласының басты 24 бағыты бойынша жасаған талдауына сүйенсек, отандық өндірушілер құрылыс материалдарымен ішкі нарықтың 10 тауарлық түрін то­лықтай қамтамасыз ете алады. 11 тауар­лық түр бойынша сұраныстың 50%-ын қанағаттандырады, ал 3 түрі тек шетелден тасымалданады: линолеум, түсқағаз, санфаянс. Қазақстанда цемент өндіру нарығында шағын кәсіпорындарды айтпағанда, ірі 10 компания жұмыс істейді. Олар ішкі нарықты цементпен жүз пайыз қамта­масыз етіп қана қоймай, өз өнімдерінің 20 пайызын экспортқа шығарады. Кірпіш өндірушілердің саны тіпті көп – 465 зауыт жұмыс істеп тұр. Отандық өндіріс силикат кірпіш сұранысын толықтай жабдықтап отыр. Тек кірпіштің керамикалық түріне деген қажеттіліктің жартысына жуығы импортпен жабылады. Арматура нарығында ірі 5 өндіруші бар. Олардың ең қуаттысы – жылына 400 мың тонна арматура өндіретін «Арсе­лорМиттал Теміртау» АҚ(Қарағанды) мен өндірістік қуаты 450 мың тоннаға жететін «ЕвразКаспиан Сталь» ЖШС(Қостанай). Отандық арматура өндірушілер ішкі нарықты қамтамасыз етуге қабілетті, тек металл сы­нық­та­ры­ның тапшылығына байланысты бұл саладағы көрсеткіш әзірше ақсап тұр. Қазір республика ау­мағында арматура жасайтын үш зауыт салынып жатыр. Олар пайдалануға бе­рілген күні құ­ры­лысты арматураға деген мұқтаждық толықтай шешілмекші. Сон­дай-ақ Қы­зылорда облысында жо­балық қуаты 197,1 мың тонна болатын шыны зауы­ты­ның құрылысын аяқтау көзделген. Бұл зауыт іске қосылса, елі­мізде шыныға де­ген сұраныс та жүз пайыз шешілетін көрінеді. Ал полиэтилен өн­діріс бойын­ша 4 кәсіпорынды іске қосу жос­пар­ланған. Сондықтан алдағы уақытта құрылыс саласында бағалық астыртын сөз бай­ласуға тыйым салынса, қымбат­шы­лық­тың беті қайтады деген үміт бар.

Дәулет АСАУ