Өңірде оң өзгеріс көп
Өңірде оң өзгеріс көп
106
оқылды

Жақында Мал азығы – маңызды мәселе

Биыл Маңғыстауда қуаңшылық болуына байланысты мал азығы маңызды мәселе болып тұр. Осыған бай­ланысты мал басын сақтап қалу мақсатында облыста бірқатар жұмыс атқарылып жатыр. «Биыл қыста қардың, көктемде жауын-шашын­ның болмауы шаруаларға қиынға соғып отыр. Осыған орай өңірде арнайы жұмыс тобы құрылды. Жеке шаруашылықтарды мал азығымен қамтамасыз ету үшін жақын орна­ласқан Ақтөбе облысымен келіссөз­дер жүргізілді. Оның ішінде мал азығын қажетті мөлшерде жеткізуге және облыс шаруашылықтарына жайылымдыққа, шабындыққа жер учаскелерін беру келісілді. Қазір бұл жұмыстарды бастап кеттік. Жергі­лікті бюджеттен мал азығы қорын қалыптастыру мақсатында 200 млн теңгеден астам қаражат бөлінді. Көрші облыстардан тиелген жем-шөп өңірдегі шаруаларға жеткізіліп жатыр», – деді С.Трұмов. Арнайы құрылған жұмыс тобы облыстың қазіргі жағдайымен таны­сып, жергілікті халықпен кездесті. Нәтижесінде, мемлекеттік қолдау­ларға өзгерістер енгізу, Үкімет тара­пы­нан қолдау көрсету қажеттігі бо­йынша ұсыныстар беріліп, жұмыстар жалғасуда. Ал «Азық-түлік келісім­шарт корпорациясы» АҚ арқылы 1700 тонна арзан бағада арпа алдыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ Маңғыстауда агро­өнеркәсіп кешендерін дамытуға басымдық беріліп келеді. Биыл ауыл шаруашылығында 5,1 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім үш пайыз болған.  Осы жылы ауыл шаруа­шылығы саласында жалпы 8 млрд теңге болатын 10 жобаны жүзеге асыру арқылы 200-ге тарта жұмыс орнын құру жоспарланды. Жақында облыста ірі құс фабрикасы жұмысын бастады. Бұл жоба жылына бес мың тон­на құс етін өндіру арқылы өңір­дің құс етіне деген қажеттілігін жар­тылай өтеуге мүмкіндік береді. Со­ны­мен бірге ауыл шаруашылығы өнімдерін арттыру мақсатында Мұнайлы ауданында қуаттылығы сағатына 10 мың тонна құрама жем шығаратын зауыт іске қосылды. Бұл өндіріс тек құс фермасына қажетті жем шығарып қана қоймай,  жергі­лікті мал шаруашылығы үшін де жем-шөп өндіреді деп жоспарланған.

Жол сапасы мен тұрғын үй – басты назарда

Жол қатынасы – экономиканың басты өзегі. Облыста жол құрылысы назардан тыс қалған емес.  2021 жылы Маңғыстауда 245 шақырымды қамтитын облыстық және аудандық маңыздағы 17 жоба іске асырылып жатыр. Оның ішінде тозығы жеткен «Құрық – Жетібай» автожолы күр­делі жөндеуден өтіп, 69 шақырымы талапқа сай етіп қайта салынады. «Маңғыстау облысының турис­тік кластерін дамыту мақсатында Ақтау әуежайынан жылы жағажайға дейінгі 30 шақырымды қамтитын автожолды қайта жаңарту жұмыс­тары басталды. Бұдан бөлек, биыл ауыл ішіндегі жолдарды жаңарту бағытында да қарқынды жұмыстар жүргізілуде. «Ауыл – ел бесігі» жоба­сы аясында жалпы 3,1 млрд теңгеге 102 шақырым жол салынып, орташа жөндеу жүргізіледі. Жалпы, бұл жұмыстарға биыл бюджеттен 16,4 млрд теңге бөлінді», – деді С.Трұмов. Биыл облыста Үкіметтің қолдауымен төрт халықаралық әуе рейсі ашылды. Рейс «Ақтау – Үргеніш», «Ақтау – Гор­ган», «Ақтау – Рас Эль Хайм» (БАӘ) және «Ақтау – Нүкіс» бағыт­тарында қатынайды. Ал тұрғын үй құрылысы бойын­ша Маңғыстау өңірі соңғы үш жылда республикада үздік үштік қатарында. Бес айдағы нәтиже бойынша құры­лыс жұмыстарының көлемі 9,1%-ға өсіп, 55,5 млрд теңге болған. Жыл басынан бері 440 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 2 962 отбасы баспаналы болды. «Биыл «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында халықтың әлеуметтік осал топтарын қолжетімді баспанамен қамту мақсатында 200 отбасыға тұрғын үй сертификаты беріледі. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 1 587 пәтер, оның ішінде 181-і көп­балалы отбасыларға табысталмақ. Ал Жаңаөзен қаласын дамытудың кешенді жоспары аясында тұрғын­дарға Ақтаудан 100-ге жуық пәтер беріледі», – деді С.Трұмов.

Туристер саны артып келеді

Маңғыстау еліміздегі туризмді дамытуға қолайлы аймақтардың қатарына кіреді. Ақтауда жағажай туризмі, аудандарда эко-этнотуризм дамып келеді. «Былтыр өңірге 160 мың­нан астам турист келген. Был­тыр теңіз жағалауында Rixos Water World Aktau туристік кешені іске қосылды. Бүгінге дейін бұл қонақ үйге 124 мыңнан астам адам демалуға келген», – деді облыс әкімі. Қонақ үйдің ашылуы өңірдің алты жүзден астам тұрғынына жұмыс ұсынды. Бір­неше жергілікті  тауар өндіруші­лер және қызмет көрсету­шілермен келісімшарт жасалды. Бұл келісім облыстағы шағын және орта кәсіп иелерінің жұмысының жан­дануына септігін тигізіп отыр. Мем­лекет басшысы Қ.Тоқаевтың тап­сыр­масына сәйкес Ақтау қаласының іргесіндегі жылы жағажайды инфра­құрылыммен қамту жобаларын іске асырудың екінші кезеңі жалғасуда. Курорттық аймақты дамытудың екінші кезеңінде бірқатар ірі ком­паниялар жаңа қонақүйлер, гольф-клуб, отбасылық ойын-сауық сая­бағы­ның құрылысын жүргізіп жатыр. «Биыл туристер санын 200 мыңға жеткізіп, 5 жобаны іске асыру көз­деліп отыр. Бұл жобаларға 180 млрд теңгеден астам инвестиция тарту ар­қылы 1 600-ге жуық жұмыс орны ашыл­мақ. Бүгінде ішкі туризмге ел­дің қызығушылығын және мемле­кеттің қолдауын сезінген жергілікті кәсіпкерлер де «Жылы жағажай» аумағында инвестициялық жоба­ларын бастады. Мұның барлығы Тұңғыш Президент, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың баста­масымен жүзеге асырылып келеді», – деді С.Трұмов.

Ауызсу мәселесі қалай шешіледі?

Маңғыстау облысының әкімі өңірде ауызсу мәселесі қалай шеші­ліп жатқанын айтты. Облыс басшы­сының айтуынша, аймақ үшін өте маңызды мәселе – ауызсумен қамту.  Маң­ғыстау облысы «Қиғаш-Маң­ғыстау» су құбыры және теңіз суын тұщыту арқылы ғана сумен қам­та­масыз етіледі. Себебі табиғи жерасты су көздері аз. Өңірде су тапшылығы негізінен жаз айларында болады. Қазір Ақтау қаласындағы ауызсуға бай­­ланысты мәселе «МАЭК-Қаза­томөнеркәсіп» ЖШС-ның уақытша жөндеу жұмыстарына жабылуы сал­дарынан туындады. Жөндеу жұмыс­тары алдағы күндері аяқталады. «Өңірдегі ауызсу мәселесін ке­зең-кезеңімен шешу үшін ірі жоба­ларды жүзеге асырып жатырмыз. «Каспий» су тұщыту зауытының қуат­тын екі есеге арттырып, тәу­лігіне 40 мың текше метрге дейін жеткізудің екінші кезеңі басталды. Зауыт қуаттылығын арттыру жұмыс­тарын биыл жыл соңына дейін аяқтау жоспарда бар», – деді С.Трұ­мов.  Қаражанбас кен орнында тәу­лігіне 17 мың текше метр су тұщы­татын зауыт биыл іске қосылады деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар Жаңаөзен, Форт-Шевченко қала­сын сумен қамту үшін су өндіретін қондырғы салу көзделіп отыр. «Ал елді мекендерді орталықтан­дырылған ауызсумен қамтуды биыл 96,2 пайызға жеткіземіз. Ол үшін «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 3 жоба іске асырылып, Ақжігіт, Басқұдық және Бекі ауылдарына су құбырлары тартылады», – деді Серікбай Трұмов. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Маңғыстау облысында ауқым­ды істер атқарылып жатыр. Айтулы мерекеге орай Маңғыстауда «Ел игілігі үшін!» жобасы бастау алды. «Еліміздің қастерлі мерекесі Тәуел­сіз­дігіміздің 30 жылдығын жоғары деңгейде атап өту мақсатында өңір­лік іс-шаралар жоспарына маңызды 153 тармақ енгізілді. Мерейтойлық жыл аясында 27 өндірістік және әлеуметтік-мәдени нысанды халық игілігіне тапсыру, түрлі форматтағы 126 іс-шараны өткізу жоспарланып отыр», – деді ол. Жыл басынан бері облыс тұрғындары үшін ауылдарда спорт кешендері, саябақтар ашылып, субұрқақтар іске қосылды. Ақтауда Тұңғыш Президент саябағының құрылысы басталды. Сонымен қатар Ақтауда көпқабатты үйлердің сыр­ты­на елге еңбегі сіңген қайрат­керлерді ұлықтап, жастарға үлгі ету мақсатында муралдар салынып жатыр. Бүгінде Әбіш Кекілбайұлы, Хиуаз Доспанова, Есенғали Рау­ша­нов, Мәншүк Мәметова муралдары көптің көзайымына айналып үл­герді.

Мәдина ЖӘЛЕЛҚЫЗЫ, Маңғыстау облысы