Басқармалар жұмысы – халық назарында

Қоғам дауысын естіп, ашықтыққа ұмтылған Қарағанды облысы әкім­дігіне қарасты басқармалардан да өзіңізге керек мәліметке жауап ала аласыз. Күнделікті онлайн жиынның бүгінгі спикерлері Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және кәсіпкерлік басқарма­сының басшылары болды.

Ыстық су да, газ да болады...

«Жаз шықса, Қарағандыда ыстық су неге тоқтайды?». «Газ тарту жұмыстарының жайы қалай?». «Газ тарифі қанша болады?». Бұл – журналистердің облыстық энер­гети­ка және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық басқармасының басшысы Ұлантай Үсеновке онлайн кездесуде қойған сұрақ­тары. Басқарма басшысы сауалдарға нақты дәлелдермен жауап берді.

– Қарағандыда кейінгі бес жылда мем­лекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасы ая­сын­да жылу магистралін жөндеу жұмыс­тары жүргізіліп жатыр. Бұған дейін Гоголь, Абай, Чкалов көшелерінде, Республика, Құрылысшылар даңғылдарында ескірген жылу жүйесі жаңартылды. Екі жыл бұрын үшінші жылу өткізу жобасы басталды. Жоспар бойынша жөнделетін құбырлардың ұзындығы 20 шақырымды қамтиды, 3 насос стансасы салынбақ. Бұл жобаның құны – 22 млрд теңге. 2021 жылы осы жобаға республикалық бюджеттен 8 млрд теңге бөлінді. Оның 3 млрд теңгесі түсті. Қалған 5 млрд теңгені күтіп отырмыз. Міне, осы жүргізіліп жатқан ауқымды жұмыс кезеңінде жылы суды тоқтатып қоюға тура келеді. Ескірген жылу жүйесі толық жаңартылғанда ғана жыл бойы ыстық су берілетін болады, – дейді Ұлантай Төлеутайұлы.

Журналистерді газ мәселесі де қызық­тырды. Өйткені бұл да үлкен жоба. Басқар­ма басшысы бүгінге дейін атқарылған жұ­мыстар туралы айтты, сонымен қатар, болашақ жоспарға тоқталды.

– Өткен жылы пандемияға байланысты республикалық бюджеттен бөлінген қаржы берілмей, Қарағанды қаласын газбен қамту жұмысы тоқтап қалды. Ал қаржысыз ны­сан­дарды салу еш мүмкін емес. 2020 жылы бұл жобаны аяқтауға 900 млн теңге жетпей қалды. Биыл бұл қаржы республикалық бюджеттен қарастырылып отыр. Қара­ғанды қаласында маусым айының аяғында алғашқы газ беру жұмысын бастаймыз деген жоспарымыз бар. Қазір газ беру үшін қарқынды жұмыс жүргізіп жатырмыз. Михайловкадағы әр үйге газ шүмегі келіп тұр. Қарағандыда 3 мың тұрғын үйге газ тартылады. Жақында газ құбырын тексеру жұмыстарын жүргіздік. Осы уақытта әлеуметтік желілерде құбырдан газ шығып жатыр деген хабар тараған. Бұл – жалған ақпарат. Біз бұл құбырларды тексергенде ауа жібердік. Осы ауаны көрген жұрт газ шығып жатыр деп таратқан. Ауа жіберу арқылы құбырда «ақау бар ма, жоқ па?» соны тексердік. Ал газ жіберетін кезде халықты құлақтандырамыз, – деді Ұлантай Үсенов.

«Жалпы, облыстағы газбен қамту жұ­мыс­тары қалай жүріп жатыр?» деген сұ­раққа: «Қарағанды облысында газдандыру жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр. Өткен жылы Жезқазғанда, Талап ауылында алғашқы іске қосу кешені аяқталды. Жа­қында «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ филиалы бастаған жұмыс тобы құжаттарды қарап, ескертулермен танысты. Теміртауда алғаш­қы іске қосу кешені де аяқталды, онда ескертулер жоқ, құжаттар да зерделенді. Сонымен қатар  үшінші тоқсанның қоры­тын­дысы бойынша Қарағанды облысы үшін тариф бекітіледі. «ҚазТрансГаз Ай­мақ» АҚ біздің өңір үшін бірыңғай тариф жасағысы келеді және ол Нұр-Сұлтаннан жоғары болмайды деп үміттенеміз, ал онда ҚҚС-мен 1 текше метр үшін 34,6 теңге есептеледі», – деді Ұлантай Үсенов.

Бұдан басқа, Теміртау мен Жезқазғанда да биыл газ құбырларын жүргізу жұмыстары жалғасып жатыр. Өңірде барлық тұтыну­шыларды газға қосу үшін техникалық мүмкіндіктер бар екені айтылды. «Облыста көмір тұтынуды айтарлықтай қысқарту болмайды: жалпы облыс жылыту маусымында шамамен 13 миллион тонна көмір тұтынады. Өңірге газ жеткізуге келетін болсақ, іске қосу кешендері толық күшіне енген кезде, жалпы көлемі шамамен 1,4 миллиард текше метр газды құрайтын болады. Сондай-ақ «АрселорМиттал Теміртау» АҚ, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС өнеркәсіптік кәсіпорындарын газға көшіру үшін техникалық мүмкіндіктер бар. Бұл есептеулерге – Қарағанды, Жезқазған, Теміртау, Қаражал қалалары, Жаңаарқа, Шет, Абай, Бұқар жырау, Осакаров аудандары кіреді. Жобалық-сметалық құжаттама үш қала – Қарағанды, Теміртау және Жезқазған бойынша әзірленді. Осакаров, Жаңаарқа аудандарындағы кенттер, Шахтинск және оған жақын орналасқан елді мекендер үшін жобалар әзірленді», – деп түсіндірді Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лық басқармасының басшысы.  Қараған­дыны газдандыру жобасында барлығы 16 іске қосу кешені бар. Газ тарату желілерінің жалпы ұзындығы 1,1 мың шақырым болуы тиіс. Оларды салу құны 64 млрд теңгеге бағаланады. Барлық жұмыстарды аяқтау­дың соңғы мерзімі 2026 жылға белгіленген. Жиын соңында Ұлантай Үсенов басқарма халықпен жұмыс істеуді ашық жүргізетінін жеткізді. «Кез келген сұраққа жауап бере­міз», – деді ол.

Кәсіпкерге қолдау бар

Атқарылып жатқан жұмыстар мен болашақта қолға алынатын жобалар туралы журналистер сұрағына облыстық Кәсіпкерлік басқармасының басшысы Татьяна Аблаева карантин талабына сай, Zoom платформасында жауап берді.

Басқарма басшысының айтуынша, аймақта мемлекеттік қолдаудың аясында бизнестің жоғары белсенділігі байқалады. 2021 жылға «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасын іске асыруға барлығы 7 млрд теңге қарастырылған, бұл өткен жылдан 2,5 есе көп. Ал «Еңбек» бағдар­ламасы бойынша 6%-бен шағын несие беру басталды. Бағдарлама 2017 жылы бастау алып, биыл аяқталады. Бизнестің же­ңіл­дікпен кредиттеуге деген үлкен қа­жеттілігін ескере отырып, екінші жарты­жылдықтан бастап микрокредиттер «Жұ­мыс­пен қамтудың жол картасы» бағдар­ламасы шеңберінде «Бастау-Бизнес» түлектеріне «Атамекен Қарағанды» МҚҰ арқылы берілетін болады. Барлығы 3,8 млрд  теңгеге 1 мыңға жуық шағын несие беру жоспарланған.

– 2019 жылдан бастап жергілікті өн­дірісті дамытуға бағытталған «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы жұмыс істейді. Қарағанды облысы бойынша бағдарлама шеңберінде іске асырылған неғұрлым ірі жобалар – «Евразиан Фудс» АҚ маргарин өндіру желісін кеңейту, «Аль­фарух» ЖШС көтерметарату орталығының құрылысы, «Жаке» ШҚ бордақылау алаңы, – деді Татьяна Аблаева.

Сонымен қатар Татьяна Юрьевна: «Қа­зіргі дағдарыс жағдайында ел Президенті ең көп зардап шеккен секторлардағы шағын орта бизнестің айналым қаражатын толтырудың арнайы бағдарламасының қолданылуын 2021 жылдың соңына дейін ұзартуды, сондай-ақ оны қамтуды кеңейтуді тапсырды. Осы мақсатта респуб­лика бойынша бағдарламаның жалпы көлемін 800 млрд теңгеге дейін жеткізе отырып, қосымша 200 млрд теңге бөлінеді. Өткен жылы аймақта бұл қолдауды 25,1 млрд теңге несие сомасына 111 кәсіпкер пайдаланды», – деп атап өтті.

Татьяна Аблаева аймақта жаңа бизнес нысандарының құрылысы жалғасып жатқанын  айтып өтті. 2020 жылы сауда және қызмет көрсету саласында 29,2 млрд теңгеге, 1 840 тұрақты жұмыс орнын құрылып, 447 жоба іске асырылды. Осы жылдың қаңтар-сәуірінде 468 жұмыс орны ашылып, 5,8 млрд теңге инвестиция со­масына 131 бизнес объектісі іске қосылған.

«Туризм орталығына айналған Балқаш қаласына қандай мемлекеттік қолдау жаса­лып жатыр?» деген сұраққа басқарма бас­шысы:

«Биыл Балқаш қаласындағы аэропорты қайта жөндеу жұмыстарына 30 млрд теңге қарастырылған. Сонымен қатар Тораң­ғы­лық және Шұбартүбек елді мекендеріндегі демалыс аймақтарында сумен қамту, жабдықтау, кәріз жүйесін тарту сияқты инженерлік желілерді салу жұмыстары жүргізілетін болады. Алдымен аталған екі елді мекенді Балқаш қаласына қосу жұ­мыс­тары жасалады. Осыдан кейін 22 ша­қырымға инженерлік желі тартылады. Сондай-ақ бұл аймақта жеке инвестиция есебінен 12 демалыс үйі бой көтереді», – деп жауап берді.

Кәсіпкерлік басқармасы басшысына «Дүкендерде неге баға тұрақсыз?», «Қым­бат­таудың алдын алу үшін қандай шаралар жасалып жатыр?» деген сұрақтар қойылды.

– Әрине, көп жағдайда кәсіпкерлер кінәлі емес. Біздегі азық-түліктің көбі шетелден келеді. Мысалы, Ресей мен Беларусьтен келген тауар қымбаттап кетуі мүмкін. Біз импортқа тәуелдіміз. Ол – нарық заңдылығы. Дегенмен бағаға бақылау жасауға тырысудамыз, –деді Татьяна Юрьевна.

Облыстық Кәсіпкерлік басқарма бас­шысы жиынды «Дүкен сөрелеріндегі баға мәселесі, кәсіпкерлерді қолдау, аймақтағы туризм тақырыбында қандай сұрақ болса да жауап беруге әрдайым дайынбыз», – деп аяқтады.

 

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,
Қарағанды облысы

Байқау айқын
Байқау айқын
Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.