Алматыда жеңіл көлік пен автобус соқтығысты: зардап шеккендер бар
Алматыда жеңіл көлік пен автобус соқтығысты: зардап шеккендер бар
144
оқылды

Алматы полициясы алты адам жарақат алған жол-көлік оқиғасының себептерін анықтауда, - деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Автобустың қатысуымен болған жол апатында бірден алты адам түрлі жарақат алды. Жол-көлік оқиғасы 13 маусым күні таңертең, Абай даңғылы мен Розыбакиев көшесінің қиылысында болды. Куәгерлердің айтуына қарағанда Kia K5 автокөлігінің жүргізушісі Абай даңғылының бойымен келе жатып, Розыбакиев көшесіне жетпей жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Алайда тоқтамай, қозғалысын жалғастырған. Ол Розыбакиев көшесімен қиылыста тыйым салған бағдаршам түсіне назар аудармай, жылдамдықпен     77-ші маршруттағы автобусқа соқтығысады. Автобус ішінде он шақты жолаушы болған. Күшті соққыдан автобус қарсы жолақтағы бордюрге шығып кетіп, ағашқа соғылған. Содан кейін арықтан ұшып өтіп, екінші ағашқа соқтығысқан. Осылайша автобус тротуарға бір-ақ тоқтады. Жол-көлік оқиғасы салдарынан ауруханаға бірден алты адам түсті. Жаяу жүргінші, жеңіл көлік пен автобустың жүргізушісі, сондай-ақ үш жолаушы ауруханаға жеткізілді. Олардың қаншалықты ауыр жарақат алғаны медициналық мекемедегі дәрігерлердің тексеруінен кейін белгілі болады. Екі көліктің жүргізушісі де медициналық тексерістен өтуі керек, оның нәтижесі бойынша олардың апат кезіндегі жағдайы анықталады. Қазіргі уақытта полицейлер ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы "Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы" бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Бұл бап бойынша екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін.