ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева елімізде жаңадан ашылған «Журналистика: аналитика және зерттеу» мамандығымен танысып, М.С.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ университеті жайында ойымен бөлісті.
«КАЗГЮУ — тек білім беруге емес, студенттің дамуына да көп көңіл бөлетін, халықаралық деңгейдегі заманауи университеттің эталоны. Спортқа баса назар аударатынына, студенттердің қызығушылығына қарай түрлі қосымша сабақтарға мән беретініне риза болдым. Былайша айтқанда, студенттер университеттегі уақытын өз пайдасына өткізіп, бойдағы қабілетін дамытуға мүмкіндік алуда»,- деп жазады Аида Балаева Facebook-те.Естеріңізге сала кетейік, жақында КАЗГЮУ университеті осы жылдың қыркүйек айында «Журналистика: аналитика және зерттеу» мамандығы ашылатыны хабарланды. Жаңа білім беру бағдарламасының мақсаты — құқықтық және экономикалық салада, әсіресе сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттан білімі бар, аналитик-журналист мамандарын дайындау.«Аида Ғалымқызымен бірге шешуге болатын мәселелерді ашық талқыладық. Масс-медиа саласында білікті мамандардың жетіспеушілігі, көптеген ЖОО-ларда білім бағдарламасы мазмұнының ескіруі, баспасөз беттеріндегі шыққан материалдарда деректердің талданбауы, БАҚ-тағы әдептілік деңгейінің төмен болуы сынды мәселелерді айттық», - дейді университет басшылығы.