Біржан салдың жолы бұралаң...
Біржан салдың жолы бұралаң...
156
оқылды

«Көкше-Цементтен» шыққан көліктер жолымызды төңкеріп тастады

Айтпақшы, бұл ауданда іргелі кәсіпорындар жетіп артылады. Мұнда Қазақстандағы ең ірі цемент зауыты «Көкше-Цемент» зауыты бар. Сондай-ақ жылына 300 миллион данаға дейін жұмыртқа өндіретін еліміздегі ең ірі құс фабрикасының бірі – «Қазгер – Құс», «Арселлор Миттал Теміртау» акционерлік қоғамына еншілес компания секілді өндіріс орындары бар. Жұртшылықтың айтуынша, дәл осы «Көкше-Цемент» зауытынан тасымалданатын 50 тонналық көліктер жолдың ойранын шығарған. Аттаған сайын апандай болып ойылған шұңқырлардың арасынан әупірімдеп жүретін жолаушылар ащы жанайқайын жоғары жаққа естірте алмағанына налиды. «Біржан сал ауданының Еңбекшілдер деген ауылының тумасымын. Кеше ауылға жол түсіп туған-туыстарыма барып қайттым. Ойдым-ойдым болған жолдардан жүріп өту қиямет-қайым. Жүрегің айнып, құсқың келеді. Жүргізушілерге қатты обал. Облыс әкіміне де талай мәрте өтініш-шағымымызды жазып та, айтып та келеміз. Бірақ біздің бұл жолға жөндеу атымен жүрген жоқ. Отыз жылда бір де бір мәрте жөндеу жасалмады. Онсыз да әбден тозып, езіле бастаған жолды «Көкше-Цемент» зауытынан шығатын 50 тонналық көліктер тас-талқан етті. Ауданның потенциалы өте жоғары. Бірақ жолы жоқ. Мақталған «Нұрлы жол» бағдарламасы қайда қалды? Жолдарды мүлде ойып тастаған. Алпыс шақырым жолды үш сағаттан артық уақытта зорға жүріп өттік. Арасында ұсақ тас салып тегістеген болады. Онысы ауыр жүк көлігі бір-ақ өткенде жан-жаққа шашылып кетеді. Соңғы жөндеу Кеңес Одағы тұсында жасалған шығар. Ал енді ары кетсе 5-10 жылда бұл жолдың жұрнағы да қалмайтын сияқты», – дейді Біржан сал ауданы Еңбекшілдер ауылының тумасы Әйгерім Нұрмағамбетова. Тұрғындар, тіпті жолды жөндеуді аудан әкімдігінен және тиісті органдардан бірнеше жыл бойы сұрап келе жатқанын алға тартты. «Екі жылдан бері жолды жөндейміз деп айтып келеді. Осында қанша жыл тұрсам да, жолды жөндеп жатқанын бірде-бір мәрте көзім шалған жоқ. Қанша жыл болды, жолды жөндейтінін айтып, уәдені үйіп-төгеді. Бірақ айтылған сөз сол жерде қала береді. Халықтың әбден биліктен көңілі қалған», – дейді Сұлтан Зәкіров есімді Біржан сал ауданының тұрғыны.

«Көкше-Цементтің» жолдың бұзылуына қатысы жоқ

Мәселені алдымен аудан әкімдігінен анықтамақ болдық. Аудан әкімі Достанбек Есжановпен тілдесу мүмкін болмады. Әкімнің орынбасары Қарыбай Шаймерденовтен жөн сұрадық. Бірақ әкім бұл жолға қатысы жоқ екенін айтып, бірден ат-тонын ала қашты. Оның айтуынша, бұл жолдардың бұзылуына «Көкше-Цемент» зауытының да еш қатысы жоқ. «Щучинск-Степняк-Кеңащы жолдары – облыстық маңызы бар жолдар. Сондықтан бұл жолдардың жөнделуіне біздің еш қатысымыз жоқ. Аталған жол облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының қарауында. Ал елу тонналық жүк көліктеріне келсек, бұл туралы зауыт басшылығымен осыдан екі-үш жыл бұрын да сөйлескенбіз. Көліктер зауыттың өзінен емес. Зауыт цементке тапсырыс беріп, келген көліктерге салып береді. Бірақ өздері тасымайды. Қазақстанның әр түкпірінен келгендер тасымалдайды. Жолдарды солар бүлдіреді», – дейді Қарыбай Шаймерденов.

Министрлік 100 миллиардтың 8 миллиардын ғана берді

Әкімдіктің жауабынан кейін  мәселенің түйінін жіптің ұшы шыққан Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары облыстық басқармасынан іздедік. Басқарма басшылығы да қаражаттың қолды байлап отырғанын ашық баян етті. «Облыста көптеген жолдар күрделі жөндеуді қажет етіп отыр. Тек биылдың өзінде облыс бойынша жөндеу жұмыстарына Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінен 100 миллиард теңгеден астам қаржы сұрадық. Бірақ бұл қаражат өкінішке қарай жоқ. Облыс бойынша жолдарды жөндеуімізге биылға тек  8 миллиард теңге ғана бөлінді. Ал Щучинск-Степняк-Кеңащы жолына қаржы сұра­ғанымызбен биылға тағы бөлінген жоқ. Бюджеттен тек келесі 2022 жылға ғана бөлінбек.  Бірақ Степняк – Кеңащы арасындағы 23 шақырымдық жолға мемлекеттік сатып алу арқылы мердігері анықталып, жобалық-сметалық құжаттамалары толықтай бекітіліп қойылған. Ал Щучинск-Степняк арасындағы 42 шақырым жол мемлекеттік сараптамада жатыр. Жақын арада шығып та қалады. Бұл жолдарды жөндеуге 4,4 миллиард теңге қажет. Жыл сайын басқармамен шұңқырларға тегістеу жүргізіледі. Бірақ үлкен жүк көліктерінің салдарынан жол учаскелерінің тас-талқаны шығады. Министрлікке қаржылық өтінім жолданған. Бірақ қаражат биыл берілмейтіні ашық айтылды. Енді тек келер жылға қосыла ма деген үмітіміз бар. Жолды бұзып жатқан ауыр жүк көліктеріне тыйым салуға біздің құзыретіміз жоқ. Басқарма облыстың көліктік бақылау инспекциясына аталған жолдағы ауыр жүктемені тазарту үшін бірнеше мәрте хат жолдаған. Алайда еш нәтиже болар емес», – дейді Ақмола облысының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқарма­сының басшысы Владимир Кулаков.

Ертең бұл ауданға тексеріс жүргіземіз...

Түйіннің ұшы облыстық көлікті бақылау инспекциясына ауысты. Ауыр жүк көліктерінің заңсыз жүріп-тұруын анықтайтын бұл мекеме­дегі кадр жетіспеушілігі мен көліктерінің аздығын өткен жолы да айтқанбыз. Облыстың басқа түкпірінде іссапарлап жүрген инспекция басшылығы бұл аймақты тексеруді келесі аптаға жоспарлап жатқанын жеткізді. «Иә, бұл аудандағы аталған жол учаске­леріндегі ауыр жүк көліктерінің жолды бұзып жатқаны жайлы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасынан да, жергілікті атқарушы биліктен де хат-хабар келді. Сондай-ақ Степняк қаласы тұрғынынан да өтініш келіп түскен. Ертең дәл осы ауданға іссапар жасап, көліктерді бақылауға алуды көздеп отырмыз. Биыл бұл ауданға бірінші мәрте өтініш-шағым түсті. Соған орай тексеріс жұмыстарын жүргізбекпіз», – дейді Ақмола облысы көліктік бақылау инспекциясы басшысының орынбасары Қанат Қасенов.

P.S.

Сонымен, екі жылдан бері жергілікті билік пен мемлекеттік органдар тарапынан тек уәде беріліп келе жатқан жол биыл да жөнделмейтін болған. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі тарапынан қажетті қаражат бөлінбеген. Облыстағы тиісті басқарма келер жылдан үмітті. Бірақ биылға сұраған 100 миллиард теңгенің тек 8 миллиарды ғана бөлінсе, келер жылы тағы бөлінбей қала ма деген жұрттың күдігі басым... Ел отыз жыл бойы жөндеу көрмей ойраны шыққан жолдардың бойына қайта «қан жүгіргенін» қалайды. Бірақ ол қашан болады? Миы шыққан жол біржола құрып кетпей тұрып жөнделе ме? Бұл – алдағы уақыттың еншісіне тиген мәселе...

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы