ШҚТУ – аймақтың тірек университеті
ШҚТУ – аймақтың тірек университеті
401
оқылды
Өскемендегі Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде осындай тақырыпта брифинг өтті. Брифингті оқу орнының ректоры Жасұлан Шаймарданов жүргізіп, еліміздің білім саласындағы өзекті мәселелерге кеңінен тоқталып, «жергілікті университеттер бүгінгі заманда қандай болуы керек?» деген сұраққа тұщымды жауап берді.
«Жасыратыны жоқ, бүгінде еліміздің жоғары оқу орындарына қатысты сын көп айтылады. Бірақ өздеріңіз ойлап қараңыздаршы, биыл міне, мемлекетіміз Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өткелі отыр. Отыз жылда еліміздің білім саласы көптеген өткелектерден өтіп, көптеген қиындықтарды еңсерді. Сондықтан жоғары оқу орындарын есекке теріс отырғызып, сөге бермей, жақсылықтары мен жетістіктерін де көре білгеніміз жөн» деп сөзін бастаған ректор ШҚТУ Шығыс Қазақстанның тірек жоғары оқу орны болып отырғанын, университет ұлттық және жаһандық экономика үшін бәсекеге қабілетті инженерлік кадрларды дайындайтынын айтты.
Алпыс жылдан астам тарихы бар Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті ғылыми-техникалық орталыққа айналып келеді. Білім ордасының алға қойған ең үлкен міндеті – жергілікті экономика үшін білікті маман даярлау. Бүгінде білімге ұмтылған жастарға мүмкіндік мол. Мемлекет тарапынан елдегі жоғары білім жүйесі мен ғылымды дамытудың жаңа деңгейге көтерілуіне қолайлы жағдай жасалған. 2020 жылы аталмыш жоғары оқу орны коммерциялық емес акционерлік қоғамдастық (КЕАҚ) болып қайта құрылып, академиялық және басқарушылық еркіндік алды. Енгізілген басқару жүйесі халықаралық стандарттарға сай. Ректордың айтуынша, университетте оқу және ғылыми-зерттеу инфрақұрылымында бағдарламалар толықтай дерлік жаңартылған. Себебі, тың форматтағы оқу инженерлерді даярлау үшін аса қажет. Студенттер оқуды тәмамдаған соң жетістіктері цифрлық профилде қалыптасып, жұмысқа орналасуға көмек болады. Оқудан кейін білім деңгейін ұштау, біліктілікті арттыру аймақтық экономиканың қажеттіліктеріне қарай жүргізіледі. Ал бұл күрделі пәнаралық міндеттер, бірнеше құзырет орталықтарының, түрлі зерттеу топтарының күшін біріктіруді қажет етеді. Сол арқылы іс-тәжірибелік инжинирингті, командалық білім беруді, жобалық менеджментті, стартап технологияларды жүзеге асыруға үлкен мүмкіндік. Бүгінде 98 кәсіпорын өзіне қажетті мамандарды дайындауға тапсырыс беруде. Сондай-ақ әлемдегі озық жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық туралы 65 шартқа қол қойылды. Олардың арасында Массачусетс технологиялық институты, Colorado School of Mines, Бонн, Гамбург, ММТУ университеттері бар. Н.Э.Бауман, МИФИ, Санкт-Петербург политехникалық университеттерін де атап өткен жөн. Мұндай ынтымақтастық университет түлектерінің еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігінің жоғары деңгейіне кепілдік береді. Д.Серікбаев университетінде білім сапасы жақсы болғандықтан шығар, жергілікті өнеркәсіп өкілдері диплом алып шыққан инженерлерге үнемі қызығушылық танытады. Мысалы, «Қазминералс», «Казцинкте» практикадан өтетін балалар кәсіпорындардан атаулы стипендия алады. Айта кетсек, жоғары оқу орны «ШалкияЦинк ЛТД» АҚ (Қызылорда) тау-кен компаниясынан металлургия және кен-байыту бағыты бойынша 250 инженерді даярлауға тапсырыс алған. Соңғы бес жылда облыс әкімдігінің гранты бойынша техникалық оқу орында 919 студент, кәсіпорындардың мақсатты тапсырыстары бойынша 592 студент білім алды. Жаңа оқу жылында дарынды студенттерге қызығушылық танытқан кәсіпорындар шәкіртақы тағайындайды. Мүмкін болса, білім беру бағдарламасын әзірлеуге де қатыса алады.
«Кәсіпорындармен ынтымақтастықтың арқасында ЖОО-да ғылыми инфрақұрылым қайта жаңарды. Сөйтіп, кадр даярлаудағы университеттің міндеттерін, кәсіпорындардың ғылыми-техникалық сұраныстарын орындау мәселесі шешіліп отыр. Соңғы төрт жылда жаңа ғылыми-өндірістік жабдықты сатып алуға жұмсалған шығындар 1,7 млрд теңгеден асты, ал жаңа жабдықтың үлесі шамамен 60 пайызға жетті. Университеттегі және кәсіпорындардағы әлемдік деңгейдегі заманауи жабдықтар негізінде біздің студенттер, магистранттар мен докторанттар әрқайсысы өз деңгейінде жұмыс атқарады», - дейді Жасұлан Құдайбергенұлы.

А.Әбіл, Шығыс Қазақстан облысы