СҚО-да ұрланған 40 жылқы табылды

СҚО-да ұрланған 40 жылқы табылды

Солтүстік Қазақстан облысы Уәлиханов ауданында ұрланған 40 жылқы Ақмола облысынан табылды. СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, былтыр 19 қарашада Уәлиханов ауданының полиция бөліміне шалғайдағы Қазанғап ауылының тұрғыны арызданып, еркін жайылымнан 40 жылқының жоғалғанын айтқан. Жәбірленуші малды бірнеше күн өзі іздеген, кейін учаскелік полиция инспекторына жүгінген. Болжам бойынша, қылмыс қарашаның 4-і мен 8-і аралығында жасалған. Келтірілген шығын 15 миллион теңгеден асты. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 188-1-бабы “Мал ұрлығы” бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде ұқсас белгілері бойынша, екі жылқы көршілес Ақмола облысының Зеренді ауданы тұрғындарының бірінің қосалқы шаруашылығынан табылған. Салынған таңба жануарлардың жәбірленушіге тиесілігін растады. Жедел уәкілдер істің мән-жайын тарқата келе 35 пен 50 жас аралығындағы Ақмола облысының үш тұрғыны мен екі СҚО тұрғынын әшкереледі. Күдіктілердің барлығы да табыншылар. Қазіргі уақытта материалдар сотқа тапсырылған.