Атырауда шығатын тәуелсіз «Ақ Жайық» газетінің бас редакторы мен тілшілеріне түрлі сипаттағы қорқытып-үркіту болып жатыр.
Жеке хабарламаларды айтпағанда, газет сайтына шыққан мақалалардың астына аноним жазылған хабарламаларды оқып, газет ұжымына өшпенділік ниет танытатындардың қарасы аз емесіне көз жеткізуге болады.
Жарыққа шыққан күнінен бастап қалың оқырманы бар тәуелсіз «Ақ Жайық» газетінің ұстанымы ұнамағандар тарапынан үнемі келіспеушілік көзқарастар, сотқа шақыру секілді түрлі оқиға болып жүргені баршаға аян. Ал бұл жолғы қорқытулар шектен шығып кеткені соншалықты, әлдекімдер газеттің редакторы Азамат Майтанов пен оның отбасына және журналистердің жеке басына қауіп төндіріп тұр.
Айталық, газетте жарияланған мақалалардың барлығына дерлік пікір жазылады. Соның ішінде ашық қорқытып жазу үрдіс алып келеді.
Мысалы, «Ақ Жайық» газетінің сайтында 31 мамыр күні жарияланған «Біздің тарих: Банды Құныскерей» атты орысша мақаланың астына «Сатана» есімді қолданушы редакция тілшілерін өлтіріп кететінін жазып кеткен. Оған мақалада кезінде Кеңес Үкіметі үшін қарақшы саналған Құныскерейдің шын мәнінде халық мүддесін қорғаған күрескер болғаны туралы ашық деректер жарияланғаны ұнамаса керек.
Бұдан соң жеке өзінің ғана емес, газет ұжымына қауіп төнуіне байланысты
«Ақ Жайық»газетінің бас редакторы Азамат Майтанов әлеуметтік желіні қолданушыны тауып, оны ҚР ҚК 115-бабымен (Қорқыту) қылмыстық жауапкершілікке тартуды сұрап, Атырау облыстық Полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиевке хат жолдағанымен, полиция оны әлі таппады. Хатта қорқытушының IP-адресі де көрсетілген.
Алайда ресми хаттың жауапсыз қалуы редакторды сөз бостандығын қорғау халықаралық «Әділ сөз» ұйымына хабарласуға жеткізді. Өз кезегінде «Әділ сөз» ұйымының жетекшісі қоғам алдында осы мәселені жария еткен соң ғана полиция тарапынан қозғалыс басталған.
– «Ақ Жайық» газетінің өз ұстанымы бар және сол ұстанымынан айнымақ емес. Ол – халыққа ақиқатты жария ету. Саясат, сот отырыстары, тіл мәселесі, қазақ ұлтының тарихы барлық тақырыпты жан-жақты жазуға машықтанғанбыз. Біздің мақалаларымыздағы ашықтық, шындық барлық адамға ұнамайтынын да білеміз. Газетіміз оқырмандар тарапынан сұранысқа ие болған алғашқы жылдары әлдекімдер баспаханамызды өртеп кеткенін білесіздер. Газетіміздің сайты бар. Өткен жылдан бері сайтқа шыққан мақалалар астына әлдекімдер жеке басымызға да, тілшілерге де тіл тигізіп, қорқытуды жалғастырып келеді. Біздің газетпен есеп айырысқысы келетіндер көп. Олардың ішінде мақалаларымыз бен репортаждарымыздың кейіпкері болған бұрынғы шенеуніктер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, қамауда отырған мемлекеттік органдардың басшылары бар. Сондай-ақ қорқытып-үркіткендердің ішінде қазақ жеріне Кеңес Одағын қайтадан орнатуды армандайтындар да бар. Тіпті, бізге саяси оқиғаларды жазбауды талап ететіндер бар. Шектен шыққаны,жеке басымызды жоюға деген пікірлердің жазылуы болып тұр. Тәуелсіз елдің әр азаматының құқығын қорғау құзыреті міндеттелген облыстық Полиция департаментіне 31 мамырда ресми хат жолдадық. Бірақ жауап болмады. Сосын «Әділ сөз» ұйымына хабарладық. Содан соң ғана полиция жұмыс істей бастаған секілді. Полициядан хабарласты. Хатымызды сұрады. Оны полиция кеңсесіне апарып, тіркеттік. Тергеушіге де жіберілді. Жеке басымды айтпағанда, ұжымға жауапты болған соң олардың қауіпсіздігін ойлауым заңды емес пе? – дейді Азамат Майтанов.
Атырау облысы Полиция департаментінің ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің басшысы Мейірім Ердәулеттің айтуынша, «Ақ Жайық» газеті бас редакторының хатына байланысты ҚР ҚК 115-бабы бойынша сотқа дейінгі тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.
Сайып келгенде, «Ақ Жайық» газетінің журналистеріне соңғы кездері тіс қайраушылар көбейіп тұр. Бәлкім, бұл газеттің шығарушысы, құрылтайшысы болған өз саласының кәсіби маманы Әбділдә Мұқашевтың көзі жоқ болғандықтан шығар... Әлде, шынымен де елде резонанс тудырған оқиғаларды зерделеп, дүркін-дүркін жаңартып жазып отыратын газеттің ұстанымы біреулердің титығына тиді ме, әлде кеңес дәуірін аңсаушылар, қазақ тарихының шындық парақтарының ашыла түсуін қаламай, керісінше ұлттың жойылуын аңсап жүргендердің пиғылы ма оны дөп басып әзірге ешкім айта алмайды. Анығы, қазір тәуелсіз газеттің бас редакторынан бастап тілшілердің барлығының өміріне қауіп төніп тұрғаны.
Егер құқық қорғау органдары белсене кірісіп, журналистерді қорқытқандардың IP-адресі көрсетілген ізбен тексеру жұмыстарынан нәтиже шығарып, заң бойынша жаза қолданса әділетті болар еді.
Осындайда Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың партияның Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында «Шенеуніктер редакторларға қысым көрсетеді. Әртүрлі жолмен сыни материалдардың жолын кеседі. Осыдан кейін қоғамдық санада балама шынайылық қалыптасады. Егер сен бірдеңе жазсаң, біреу арқылы сені жұмыстан шығарамын деп бопсалаған. Біз оны білеміз. Егер осындай жағдай тіркелсе, қандай лауазымда болса да, жұмыстан шығарамыз. Кім болса, ол болсын» деген сөзі еске түседі.
Сайып келгенде, «Ақ Жайық» газетінің мақалалары мен репортаждарының кейіпкерлері де редакцияға қысым көрсеткені үшін жауапкершілікке тартылар күнді көретін болармыз деген үміттеміз.
Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,
Атырау облысы