«Дизайнерге мінез бен өзіндік қолтаңба қажет» – Айжан Жүзбай
«Айқын» ақпарат
/ 16.06.2021
«Дизайнерге мінез бен өзіндік қолтаңба қажет» – Айжан Жүзбай
Айталық, ZHUZBAY бренді 2015 жылы дүниеге келді. Өзім 5 жасымнан бастап дизайнер болуды армандадым. Одан кейін университетке түскесін жеке брендім болатынын іштей сездім, дайындалдым. Көп іс-шараға қатыстым, оқыдым, тәжірибе жинадым. Бірақ киім үлгісінің атын қалай атарымды білмедім. Мүмкін атауын AIZHAN, мүмкін ZHUZBAYEVA дермін деп ойланып жүрдім. Сол жылдары -ева қосымшасын алып тастап, тегімді Жүзбай деп ауыстырғасын, атамның атында болсын, «үш жүзіміз бай болсын» деген мақсатта ZHUZBAY атауын қалдырдым. Ішімнен «мен тіккен киімді киген адам абыройлы болсын» деп тіледім. Әрі қазақтың сөзі әлемге ешбір қоспасыз тарап, Chanel, Dior, Louis Vuitton, Prada, Gucci, Fendi-лермен қатар тұруын қаладым.
– Көпшілігі киім дизайніңізден мінез байқайды. Бұл дизайнер үшін маңызды ма?
– Әр дизайнердің киім үлгісінен қолтаңбасы мен мінезі білініп тұруы керек. Егер аталған екеуі болмаса, ол дизайнерлік емес, көшірме жұмыс. Сондықтан менің қолымнан шыққан дүниеде бір көзбен қарағанда Ұлы даланың суық, бірақ екінші қырынан қарағанда мықты, дегенмен ішіне үңілсеңіз терең, ойлы, сабырлы, ешқандай қиындықтан қорықпайтын, төзе білетін, батыл, нағыз «хас», «сақ» адамның бейнесі жатыр. Кез келген адам мінезін тезге сала алса, тағдырын да түзете алады. Оған білім, иман және еңбек керек. Сондай еңбекқор адамдарға арнап осындай туынды істеп жүрмін. Киім үлгісін түсіндірер болсақ, негізі қошқармүйізде жатыр. Ал қошқармүйіз қайсар мінезді білдіреді. Қошқардың басындағы мүйіз маған тәжбен тең. Екіншіден, қазақта қошқармүйіз байлықты, берекені, тоқшылықты білдірген. Сол себепті осы оюға тоқталдым. Оған қоса киім үлгісінде арқар, өндірісте қой терісі, ешкі жүнімен жұмыс істейтін болғандықтан, бұл концепция өзіме жақын болды. Мысалы, ата-бабаларымыз баяғыдан қойдың терісін өңдеп, пайдаланған. Мұның табиғатқа ешқандай зияны жоқ. Нағыз тері 5 жылда ыдырап кетсе, жасанды тері 55 жыл ыдырап, қоршаған ортаға зиянын тигізеді. Байқап қарасақ, бұрынғылардың істеп кеткен ісі, тәжірибесі біз үшін үлкен олжа. Сол үшін көнені жаңғыртып жан-жаққа алаңдамай, тұнып-тұрған қазынаны кәдеге жарата алсақ екен. Кезінде ІІ Екатерина «Егер қазақтар өзінің кім екенін білсе, күллі әлемді жаулап алар еді» деген. Осы сөзді жақында Қарахан кесенесі жанынан оқып, мәдениетіңді паш етіп, қазақ екеніңді мақтан тұтқан кезде ғана алда жеңісті жол күтетінін түсіндім.
–
ZHUZBAY
бренді тағы қандай асуды бағындырмақ?
– Біздің брендтің алға қойған мақсаты – көптеген іс-шараға қатысу. Сапалы дүние жасап және сол дүниені Қазақстанда шығару. Мысалы, мақтадан бастап, соңғы түймеге дейін елімізде өндіру. Сөмке технологиясын алып қарасақ, қойды баққаннан бастап, сөмке қолға тигенше жеңіл өнеркәсіптің қадамын бақылау. Яғни, барлық сатымен, нөлден онға дейінгі кезеңді жіті қадағалау.
– Сіздің елдегі киім нарығына алаңдайтыныңызды білеміз. Жеңіл өнеркәсіпті дамыту үшін не істеу керек?
– Жеңіл өнеркәсіпті дамыту үшін мемлекет бұрынғыдан да көп жеңілдік жасағаны жөн. Несие алсаң кепіл сұрайтыны бар. Сол кепілдік жүйесін алып тастаса. Мемлекет жеңіл өнеркәсіпті, отандық өнімді қолдаса, бұл экономикаға септігін тигізер еді. Импорт, экспорт қарым-қатынасын дамытуға көмектесіп, қосымша жұмыс орындары ашылар еді. Жеңіл өнеркәсіпте жұмыс істейтін көптеген әйелдің әлеуметтік жағдайын, әл-ауқатын жақсартуға үлкен мүмкіндік бар. Біріншіден, еліміз жеңілдік қарастыру керек. Екіншіден, саланы дамыту үшін кешенді жоспар қажет.
– Білім жағына ойыссақ. Еліміздегі сән мен дизайнға қатысты оқу орындарына берер бағаңыз.
– Бұл сала бойынша сапалы білім беретін мекемелер өте аз. Сондықтан өзім білім алған Бейжің Сән және технологиялар институтының бағдарламасы бойынша Қазақстанда Сән және технологиялар институтын тіркеуден өткіздім. Пандемияға байланысты жұмысты тоқтата тұрдық. Алғашында институт онлайн оқытады, ары қарай оффлайн оқу жүйесіне ауысамыз. Болашақта осы салада жұмыс істейтін мамандардың білімін жетілдіріп, сапалы маман дайындасақ дейміз. Оқыту жүйесіне келсек, келешекте шетелдік оқытушылар Назарбаев университетінде білім бергендей онлайн оқытады, болмаса келіп сабақ береді. Кейіннен осы ЖОО студенттерін фабрикаға әкеліп, көзбен көріп, тәжірибе жүзінде білім алғанын қалаймыз. Әрине, осы тұста қаржы жөнінде әңгіме болары сөзсіз. Біз кішкентай онлайн жобадан бастап, ауқымын кеңейтеміз. Инвестор тарту ойда бар. Бастысы, тәуекел етіп іске кіріссек дейміз.
– Кез келген дизайнердің арманы айтулы сән апталығына қатысу болар. Қай апталықта бой көрсеткіңіз келеді?
– Алғаш рет жасаған туындыларымды Mercedes Benz China Fashion Week апталығында көрсеттім. Одан кейін New York Fashion Week-қа шақырту алдым. Артынша Milan Fashion Week-тан шақырту алып, олармен жүзбе-жүз кездестім. Индонезия, Сеул, Дубай, Киев сән апталықтары да шақырту жіберді. Бұдан бөлек, 3-4 сән апталығы ұйымдастырушыларының хабарласқаны бар. Мақсатым – Париждегі сән апталығына қатысу. Себебі аталған апталық дизайнерге ерекше шабыт, үлкен мүмкіндік сыйлайды.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ
Ұқсас жаңалықтар
Жаңалықтар
Алматыда тағы да жер сілкінді: қала 9-10 балдық сейсмикалық аймақта орналас...
Жаңалықтар
«Ол – жүрегім сүйер соңғы адам»: әнші Ақбота-Нұр Сейітмағамбет жазбасымен о...
Жаңалықтар
Қазақстандық мектеп оқушылары қысқы каникулда қанша күн демалады?
Жаңалықтар
"Зәкең болған соң ешбір арна қабылдамады": Мақпал Жүнісова 30 жыл бұрын тү...
Жаңалықтар
Актер Сәбит Әбдіхалықовтың әйелі қуанышты жаңалығын жеткізді
Жаңалықтар
Орынсыз қызғана берме: Ғаділбек Жанай келіншегін жұрттың көзінше жылатып қо...