Алтынды аймақтың ахуалы ушығып тұр
Алтынды аймақтың ахуалы ушығып тұр

Әкімдер неге үнсіз?

Бұл өңір – облыстағы  өндіріс өнімдерінің жартысына жуығы молынан шығатын аймақ. Бірақ табыс пен салық ернеуінен аса төгіліп түскенімен бұл аймақтағы экологиялық жағдай шиеленісіп тұр. Әлеуметтік ахуал шиеленіскен. Өткен жолы халықтың Экология, геология және табиғи ресурстар  министрлігінің, жергілікті атқарушы билік пен тиісті ведомстволардың қатысуымен қоймай жүріп фабриканың жұмысын тоқтатқан. Бірақ бұдан кейін жағдай одан сайын ушығып, тараптардың бір-біріне атарға оғы қалмайтындай күйге жеткені байқалады. «Егер Бестөбе кентінің тұрғындары компанияның шарттарына көніп, жабылған цианид фабрикасы қайта ашылып, алтынды ашық әдіспен өндірсе жұмыссыз әрі осы елсіз де қалады. Ал егер біздің талабымыз болса, кенді жерасты әдісімен алса, адамдар да осы кентте тұрып жұмыс істеп, ауылдарымыз да аман қалар еді. Ауыл тұрғындарының көпшілігі қазір елден тентіреп кетіп, басқа жаққа жұмыс іздеп кеткен. Фабриканы жаптырғанымызбен компания қандай да болсын әдіспен  қайта аштыруды сұрауға мәжбүр етпек. Ал жергілікті халықты жағымды жайларды айтып, өздерінің жағына бұруға тырысып жүр. Ал әкімдер мүлдем үнсіз. Біздің айтқанымызға мүлдеп жауап та бермейді. Аудан әкіміне барсақ, кезектен тыс «түскі ас» болып қалады. Тіпті, мені көрсе шын мәнінде жұрттың көзінше қашып кетіп жүр. Ал, облыс әкіміне осымен бірнеше мәрте хат та жаздық. Бейнеүндеу де тікелей жолданды. Бірақ облыс әкімі де үнсіз. Тек компания басшылығымен ғана тілдесіп жүр. Сонда халық қайда қалады? Неге бізді де тыңдамайды? Енді болмаса Президентке жаяу барып, мәселемізді көтермекпіз. Басқа амалымыз да қалмады!», – дейді Бестөбе кентінің белсенді тұрғыны Николай Катчиев. Тұрғындардың айтуынша, «Алтын Алмас» компаниясы елдің талабымен фабрика жабылған соң, «ашық айқасқа» көшкен. Алтын қалдықтарын ағызатын су  құбырлары толып қалғанын айтып, шахтаны суға толтырмақ. Мәжбүрлікпен шахтаны суға толтырып, жұмысты тоқтатып, алтынды ашық әдіспен өндіруге көшпек. Мәселені жергілікті Степногорск әкімі Еркебұлан Баяхметовтен сұрап білмек болдық. Бірақ аудан әкімі бұл жағдайды реттеуде қауқарсыз екенін анық аңғартты. «Компания мен халық өзара келісімге келуі керек. Біз түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Мен техникалық маман емеспін. Бірақ зауытта істейтін жұмысшылар мәселені тікелей баян етті. Яғни, шахтаны суға толтырмаса болмайды екен. Халық стадионның орнына мектеп салуға да қарсы шығып жатыр. Жалпы, компанияның басшылығымен сөйлесіп жатырмыз», – дейді Степногор әкімі Еркебұлан Баяхметов. Әкім алтын зауытында жұмыс істейтін тұрғындардың қолы қойылған хатты жолдады. Онда «Бестөбе кен орнында» жұмыс істейтін жұмысшылар халыққа үндеу тастапты. «1 маусымнан бастап Бестөбе кенбайыту фабрикасы мәжбүрлі түрде тоқтатылды. Қалдықтарды сақтайтын қоймалар толып қалды. Ал жаңадан салынатын №5/1 секция әлі салынып болған жоқ. Құрылысты жүргізіп жатқан «Қазақалтын Tehnolоgy» ЖШС  фабрика тоқтаған соң жұмысын тоқтатты. Ал құрылыс аяқталмай қалды. Қазір шахта суы апаттық №4, №5 қоймаларға құйылып жатыр. Ал оны далаға төксек, экологиялық талаптар бойынша миллиардтаған шығынға батамыз. Ал №5/1 секцияның құрылысын аяқтауға уақыт та жоқ. Судың деңгейін 790 метрден төмен ұстап тұру үшін шахтаны суға толтырып жауып тастаудан басқа амал қалмады», – дейді кен жұмысшылары жолдаған хатта.

«Қазақалтынмен» үш мәрте жиын өткіздік...

Мәселені облыс әкімдігінен де білмек болдық. Сөйтіп, елді толғандырған сауалдарымызды айттық. Сұрақтарымызға облыс әкімінің баспасөз хатшысы жауап берді. «Қазақалтын» өкілдерімен жиналыс үш мәрте өткізілді. Тұрғындар талап қойып, фабриканың жұмысын тоқтатты. Иә, ауылдарда әлеуметтік шиеленіс күшейіп тұр. Жағдайды бақылауда ұстап, байқап отырмыз. Облыс әкімінің бос уақыты жоқ. Күнделікті белгіленген кестесіне сәйкес жұмыс істейді. Қазір онда Көкшетау қаласындағы үйлердің құрылысы бойынша жиналыс өтіп жатыр. Жергілікті атқарушы органның тарапынан жасалуы қажет барлық іс атқарылды. Компанияның бас директорын, барлық облыстық мемлекеттік тиісті қызмет органдарын шақырып, «Қазақалтынға» фабриканың жұмысын тоқтату ұсынылды. Әкім «Қазақалтынға» енді бұйрық бере алмайды ғой...», – дейді Ақмола облысы әкімінің баспасөз хатшысы Мырзабек Мырзахметов.

P.S.

Сонымен, бұл мәселе әлі де өзекті болып тұр. Жұртшылықтың  жергілікті билікке сенімі азайып, мәселені Мемлекет басшысына тікелей жеткізбек ниетте. Арадағы шиеленіс пен өзара даулы жағдай мұнымен бітпейтіні анық аңғарылып тұр. Екі ортада халықтың жанайқайы ескеріліп, мемлекеттің қазынасын толтыратын алтынның алдағы күні қалай өндірілетіні белгісіз болып тұр...

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы