Байден-Путин кездесуі: мүдделер соқтығысы

Қазақстандық және ресейлік қор биржалары іштен тына қалды: 16 маусымда Женевадағы La Grange вилласында АҚШ президенті Джо Байден мен РФ президенті Владимир Путиннің келіссөзі өтпек. Мұның биржаға қандай қатысы бар? Сарап­шылардың түсіндіруінше, қос алпауыттың көшбасшысы кез келген мәселеде, айталық киберқауіпсіздік саласында уағда­ласса, осының өзі биржа ахуалын жақсартуға жетіп жатыр. Егер бірде-бір мәселеде пікірлері тоқайласпай, келіссөздер кикілжіңмен, бірін-бірі айыптаумен тынса, Ресейдің рублі күрт құнсызданады.

Санкциялар, геосаясат, эко­­­номика, тіпті хакерлер дең­­­гейін­дегі соғысқа дейін жеткен Амери­­ка мен Ресей келіссөз үстеліне отыру үшін бай-бақуатты Швей­­­­царияны таң­дады. Осы елдің СІМ-і Жене­ваны таңдағандары үшін қос мемлекетке алғысын білдірді.

Бұл екеуі бұған дейін де, 2011 жылы Мәскеуде кездескен. Бірақ ол кезде Джо Байден Барак Обама әкім­шілігінде вице-президент, ал В.Путин Ресей Үкіметінің бас­­шысы болған (2011 жылы РФ пре­­­зиденті Дмитрий Медведев болды). Яғни, ресейлік әріпте­­сімен Джозеф Бай­­ден Америка Құрама Штаттарының лидері ретінде тұңғыш жүздеспек. Ал бұл – мүлдем басқа мәртебе, өзгеше күн тәртібі.

Оның үстіне содан бергі 10 жыл ішінде көп нәрсе өзгерді. Бас­­­қаны айтпағанда, Байден мыр­­­­за Путинді «кісі өлтіруші» деп атады. Бұған ашуланған Владимир Путин «Шет мемлекеттердің дос­тық пейілдегі емес әрекеттеріне ықпал ету шара­ларын қолдану туралы» жарлық қабылдап, қара тізімге АҚШ-ты енгізді. Сөйтіп, Мәскеудегі АҚШ елшілігіне Ресей азаматтарын жұмысқа қа­былдауға тыйым салын­ды, аме­­рикалық персо­налы­ның саны күрт азайтылды, көптеген дип­ломаты «персона нон грата» жа­рия­ланды. Мұндай жағдай Кеңес заманында да болмапты.

Ресей «орыс әлемі» тұжы­­рым­дамасын түзіп, империялық амби­циясын өрістетіп, Қырымды ба­сып алғалы, Атлант мұхитының ар жағындағы алпауыттың көш­бас­шылары «Кеңес Одағы мұра­герінің» басшысымен қол алысуға сонша құштарлық танытпай келе­­­ді. До­нальд Трамп онымен тек бір рет – 2018 жылы Хель­­синкиде жүздесті.

Дегенмен халықаралық сарап­шылар La Grange вилласынан жақ­­сы хабар тарайды деп үміт­тенеді. Негізсіз емес. Оның қар­саңында Ақ үй Ресеймен қай са­­­­лада ынты­мақ­тасуға дайын еке­нін жариялады. Америка президен­­­­тінің ұлттық қауіп­сіздік жөніндегі көмекшісі Джейк Салливанның мәлімдеуін­ше, АҚШ Ресеймен Сирия және Аркти­ка мәселесінде ынтымақ­тасуға әзір: өйткені солтүстік көр­шіміз осы екі ау­­­­мақтан Американың кетуін көк­сеп, барынша қысым көрсетіп отыр.

«Стратегиялық тұрақтылыққа қатысты проблемалар туындауда. Сирия және гуманитарлық көмек туралы, сондай-ақ Арктикамен бай­­­­­ланысты мәселелер бар. Ресей­­­­мен бірлесе жұмыс істеу біздің мүд­­­­­демізге сәйкес келетін өзге де сала­ларды табуға болады. Бірақ егер Мәс­­кеу америкалық мемле­­кетке қар­­­сы зиянкес әре­­­­кеттер жа­­­сауға тырысса, Уашинг­­­­тон жауап шара­­лар қабылдайды» деген Салливан­­ның сөзін Ақ үй баспасөз қызметі тарат­ты. Мұның сыртында Иран, Ук­­­­­­раи­­на, кибер­­­шабуылдар, адам құқығын сақтау мәселелері қау­залмақ.

Өз кезегінде Владимир Путин қыңырлық танытпай, «ынты­­мақ­тастықтың өзара қызығушылық ту­­ды­­ратын бірқатар іргелі сала­­­лары мен тақырыптары бар» екенін мәлім етті. Оның пайым­дауынша, бұл қатарға страте­­­­гиялық тұрақ­тылық, өңірлік қақ­тығыстарды тоқтату, климат­­­ты, табиғатты қор­­ғау шара­лары, жа­һандық экология­лық түйт­кілдер және экономика салала­рындағы әріптестік жатады.

Төл пікірін Брюссельдегі НАТО саммитінен кейін Байден ортаға салды.

«Құрама Штаттар Ресеймен қақтығысуға құштар емес. Мен бұл жайында бұрын айтқанмын, енді Женевадағы келіссөздеріміз бары­сында президент Путинге айтпақ­пын. АҚШ пен Ресей ортақ пайда үшін ынтымақтаса алатын салалар бар. Сонымен бірге біз Мәскеудің зиянды белсенділігіне де лайықты үн қатып отыратын бола­мыз. Әсі­ресе, кейінгі кезде Ресей­дің осындай залалды бел­­­­­сенділігі киберсалада артып бара жатқаны байқалады. Ресей мен Қытай НАТО бойынша одақтастар арасына сына қағуға тырысуда. Бұдан бөлек, келіс­сөздер бары­­­­сында одан әрі аттап басуға бол­майтын «қызыл сызықтарды» өзара нақтылап алатын бола­­­­мыз», – деді АҚШ лидері.

Айта кету керек, қырғиқабақ со­ғыс кезінде Американың Түр­кияда атом қаруын, ал КСРО-ның Кубада ядролық оқтұмсықтары бар зымырандарды орналасты­руы – осындай «қызыл сызыққа» айнал­ды. Соғысу алдында тұрған қос алпауыт әлгі елдерден бір-біріне кезенген «ақырзаман қа­руын» өзара алып кетіп, тын­шы­ды. Қазір мысалы, НАТО-ның посткеңестік кеңістікке өркен жайып, ықпал аймағын кеңейту талаптары Кремльдің ыза­сын ту­ғызды.

Осы орайда Джо Байден Ук­раинаның НАТО-ға кіруі уақыт­ша доғарылатынын жеткізді: «Ук­раина НАТО-ға кіре ме? Менің жауа­­­бым: жоқ! Себебі кірмес бұ­рын украи­налықтарға бірінші кезекте корруп­циядан арылу қа­­­жет болады. НАТО-ның басқа да талабына сәйкес келуі шарт. Сон­­да ғана Киев альянс басшылы­­­­ғы­нан ұйымға мүше болу бойынша іс-қимылдың нақты жос­парын ала алады».

Бір қарағанда, Женевадағы ке­ліссөздер үшін жақсы тұғырнама қаланғандай. Тіпті, тараптар көп салада уағдаласып, құшақтасып та­расатындай пікір қалыптасуы мүм­кін. Бірақ олай емес секілді. Джо Байден журналистерге сұхба­­тында Путинге қатысты жеке пі­кірін өз­гертпегенін нықтады.

«Онымен бұрын жеке кездес­кенмін. Менің ойымша, ол ақыл­­ды, қатаң адам. Лайықты қарсы­­лас. Әйткенмен, Путинді «кісі өлтіруші» деп атағанда, мен адал болдым, шын ойымды айттым. Бұл елдің іс-қимылы қауіп туды­рады. Айталық, егер Алексей На­вальный түрмеде өліп қалса, бұл нағыз трагедияға, сондай-ақ бүкіл әлемге берілген белгіге айналады: бұл – адам құ­қықтарын сақтауға Мәскеудің еш ниеті жоқ деген сөз. Егер солай болса, ол Ресейдің өзге елдермен, соның ішінде АҚШ-пен қаты­насына нұқсан келтірері сөзсіз», – деді Америка президенті.

Бұған қоса, АҚШ Ресейге қарсы кезекті санкцияларды әзір­леуден бас тартпай тұр. Сон­­­дық­тан ре­сейлік саясаттанушылар оның ая­сында келіссөздер жүр­гізудің еш мәні жоқ деген бай­ламын айтуда.

Strategic Culture басылымының талдауынша, Байден алдағы сам­митте Путинге арнап, «аме­ри­калық тұзақ» құруда: ол қақпанға Мәскеу бұрын да талай түсіп қа­­лыпты. Мәселен, 10 жыл бұрын АҚШ мемхатшысы Хиллари Клинтон мен Ресей СІМ-інің бас­шысы Сергей Лавров «қайта жүк­теу» (пере­заг­рузка) деген жа­зуы бар симво­ли­калық бастыр­ма муляжын бірлесе жоғары көтеріп, екі ел қатынасын қайта жүктеген болатын. Осы әдемі рәсімнен кейін Уашингтон Ук­раина­дағы «еуромайданға» ара­ласты, Киев­тен ресейшіл билікті тайдырып, ел тізгінін Американы жақтайтын тұлғалардың алуына ықпал етті. «Демек, Мәскеу Уа­шинг­тонның жасанды кеңпейіл­дігіне сенбегені жөн» деп тұжырым­дайды Strategic Culture сарапшысы Тим Кирби.

Time журналы болса, өз мұқа­басына қос лидердің емес, тек Джо Байденнің бейнесін басты. Ал Пу­тин АҚШ президентінің көзілдірі­гіндегі көрініс ретінде ғана бейне­ленген. Осы арқылы ба­сылым са­рап­шылары Ресей бас­шысының келіссөздерде үлкен рөл ойнамай­тынын білдіріпті.

Осы кезде Джо Байденнің Же­­невадағы кездесуден кейін Пу­тин­мен қатар тұрып, баспасөз мәсли­хатын өткізуден бас тарт­қаны бел­гілі болды. АҚШ лидері жур­на­листермен Путинсіз, жеке кез­деспек ниетте. Байденнің бұл қа­дамын РФ басшысының бас­пасөз хатшысы Дмитрий Пес­ков ақтауға тырысты: «Бірлескен бас­пасөз конферен­циясынан аме­рикалық тарап бас тартты. Бірақ бұл саммиттің нә­тижесіз, өнімсіз болатынын, одан көп нәрсе күт­­пеу керегін білдір­мейді. АҚШ пре­­зиденті журна­лис­термен жеке әңгімелесуді қалады. Сол себепті Путин саммит аяқталған соң Кремль­дің журналистері пу­лы­ның алдына өзі шығады», – деді ол.

Осылайша, саясаттанушылар да, биржа өкілдері де әрі-сәрі күйде. Женева болса, келіссөзді жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өт­кізуге қызу дайын­­далып отыр.

АйханАйхан ШӘРІП

Байқау айқын
Байқау айқын
Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.