Аламанның алғашқы айналымы
Аламанның алғашқы айналымы
117
оқылды

2020 жылғы С тобында Нидерланд құрамасы Украи­наны 3:2 есебімен жеңді. Матч Амстер­дамдағы «Йохан Кройф Арена» стадио­нында өтті. Нидерланд құрамасы 52-ми­нутта Жоржиньо Вейналдумның арқасында суырылып алға шықты. 7 минуттан соң номиналды алаң иелері есепті еселеді, бұл жолы Ваутер Вегорст көзге түсті. Матчтағы интрига 75-минутта Андрей Ярмоленконың соққан әдемі голынан кейін қайта оралды. 79-минутта Украина есепті теңестірді: Руслан Малиновскийдің айып добынан көтерген пасын Роман Яремчук ұтымды пайдаланды. Бірақ 85-минутта Дензел Думфрис өз командасына жеңіс сыйлады. Осы топтағы Аустрия мен Солтүстік Македония құрамалары арасындағы кездесу 3:1 есебімен аустриялықтардың пайдасына шешілді. Әзірге Нидерланд мен Аустрияда үш ұпайдан бар, Македония мен Украина соңғы орынды өзара бөлісіп тұр. D тобында Чехия құрамасы Шотландия құрамасын жеңді. Глазгодағы «Хэмпден Парк» стадионында өткен ойында шабуылшы Патрик Шиктің соққан қос голы Чехияға жеңіс сыйлады. Шик әзірге Еуропа чемпионатындағы ең әдемі голдың авторы атанып отыр. Бұл топтағы фавориттердің бірі Англия Хорватия құрамасын 1 доп айырмашылығымен жеңді. Матчтағы жалғыз голды 57-минутта «Манчестер Ситидің» шабуылшысы Рахим Стерлинг соқты. Турнирлік кестедегі бірінші-екінші орынды үш ұпайы бар Чехия мен Англия өзара бөлісуде, ал алғашқы матчта жеңіліс тапқан Шотландия мен Хорватияда әзірге ұпай жоқ. Е тобында Словакия жеке-дара топ бастады. Польшаны 2:1 есебімен жеңген словакиялықтар алғашқы ойында жеңіске лайық болды. Словакия сапында Роберт Мактың соққан алғашқы голы Войцех Щенсныйға тиіп кіргендіктен, бұл гол Польша қақпашысының атына жазылды. Екінші тайм бастала салысымен польшалық ойыншы Кароль Линетты таразы басын теңестірген. Польша құрамасының жағдайы 62-минутта Гжегож Крыховяк екінші сары қағазын алып, алаңнан қуылғаннан кейін қиындады. Қарымта шабуылдардың бірінде Словакия құрамасының қорғаушысы Милан Шкриниар көзге түсіп, Словакияға маңызды үш ұпайды сыйлады. Испания мен Швеция құрамалары 2020 жылғы Еуропа чемпионатындағы екінші тең ойынды тіркеді. Әрі бұл матчта есеп ашылмады. Испания құрамасы матч бойы басымдыққа ие болды. Сондай-ақ «қызыл фуриялықтар» негізгі ойын уақытында 85,1 пайыз допқа иелік етіп, Еуропа чемпиона­тының рекордын орнатты. Бірақ бұл ойында Испания жеңіске жете алмады. Айта кетейік, Еуропа біріншілігі бүгін де жалғасады. Түнде 24 құраманың соңғы төртеуі ойнайды. Өлім тобы саналған F тобында Венгрия Португалиямен, Франция Германиямен кездеседі. «Альянц Арена­дағы» ойынды асыға күтіп отырған жан­күйер көп. Мамандар француздарды биыл­ғы біріншіліктің басты фавориті санап отыр. Ал неміс командасының өз жоспары бар. «Бәйгенің басында озған жүлде алмайды, желігіп талай жерге келгенменен» дейтін елдің бұл турнирде өз фавориті, өз үздігі бар. Ал шын мықтыны жарыс соңында білеміз.

АбылайханАбылайхан ЖҰМАШ